Бұл күні бүкіл ағайын-тума әулеттің бас иесіне, ауыл-аймақ сол жердің ақсақалына, жасы кіші үлкенге арнайы барып, қол беріп көрісіп, «бір жасымен» құттықтайды. Бір нәрсеге ренжісіп қалып, араласпай жүрген жандардың да бір-бірінің қолын алып, өкпені ұмытатын сәті.
Соңғы жылдары көрісу салты еліміздің өзге аймақтарына да тарай бастағанын байқаймыз. Шынында діни де, саяси да астары жоқ, таза әлеуметтік, адами қарым-қатынасқа құрылған бұл мерекенің ғұмыры ұзақ болатын сияқты.
Жалпы, наурыздың 14-ін жергілікті қариялар көктемнің басы, жаңа жылдың алғашқы күні деп санайды. Әркім жеке басының туған күнін атап өтпейтін ескі заманда бұл бүкіл бір халықтың ортақ туған күні десе де болғандай. Қол алысып көріскенде «Бір жасыңмен!», «Жасың құтты болсын!» дейтіні де сондықтан.
Тарихқа қарасақ, көрісу дәстүрі тек батыс қазақтарында ғана емес, еліміздің көп жерінде болғанға ұқсайды. Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахат өз жазбаларында: «14 март – ескіше 1 март. Әкей айтты: «Бүгін ескіше 1 март, қазақша жаңа жыл, Ұлыстың ұлы күні дейді. Ал жаңа жылдың бұрынғы аты – Наурыз, бұл фарсы тілі, жаңа күн деген сөз. Қожа-молдалар ескі әдетті қалдырамыз деп, құрбан, ораза айттарын ұлыс күні дегізіп жіберген. Ескі қазақша, ескі түрікше жаңа жыл күнінің аты – ұлыс. Жаңа жыл басының ұлыс екеніне мынадай дәлел бар. «Ұлыс күні қазан толса, ол жылы ақ мол болар. Ұлы кісіден бата алса, сонда олжалы жол болар» деген...».
Маңғыстау облысында Көрісу күнін жергілікті жұрт «Амал» деп атайды. Соңғы жылдары бұл мерекені майлы қиян жұрты Отпан таудың басында ұран от жағып, көпшілік дәстүрлі шараға айналдырып алды. «Амал» (хамал) – наурыз айының көне атауы. Хамал, сәуір, зауза, саратан, әсет, сүмбіле, мизан, ақырап, қауыс, жеді, дәлу, хұт деп келетін арабша ай атауларын күнделікті тұрмыста қолданатын көнекөз қариялар ел ішінде әлі де бар.
Көрісу күнін атам заманнан бері атап өтетін болса да, Батыс Қазақстан облысында бұл мереке заманауи кескін-келбетін қалыптастыра қойған жоқ. Әйтпесе, жан біткенді ұлтына, дініне, жынысына, әлеуметтік тегіне бөлмейтін нағыз халықтық көрісу мерекесін ұлтты ұйыстыруға, татулықты арттыруға бағытталған шынайы шараға айналдыруға әбден болар еді.
– Дәл осы Көрісу мерекесін жалпыхалықтық шоуға, оқиғалы туризм нысанасына айналдырып жіберуге болар еді. Мысалы, UNESCO-да тіркелген қазақтың материалдық емес мәдени мұраларын – киіз үйін, айтысы мен күй өнерін, асық ойыны мен қазақша күресін, құсбегілік өнерін, ұлттық дастарқан мәзірін насихаттайтын ғажап шоу ұйымдастыруға болады. Яғни этностық бағыттағы фестиваль болуы керек. Меніңше, бұл шараның фишкасы, яғни басты ерекшелігі дәл осы көрісу салтының айналасында болғаны дұрыс. Осылайша, фестиваль, шоу ретінде өтсе, жергілікті халық қана емес, көршілес өңірден де туристер келіп, қаражат түсер еді. Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 5 губерниясымен шектеседі, ол жерде қазақ мәдениетіне қызығушылар аз емес. Мысалы, ұлттық фестиваль наурыздың 14-інде басталып, үлкен мейрам – 22 наурызға дейін созылса, әр күн әртүрлі тақырыпқа арналса. Әрине, мұндай үлкен шараны ұйымдастыруға қаражат керек. 5-6 жылға дейін өзін-өзі ақтамайды да. Бірақ тұрақты әрі өз дейгейінде өткізіп отырса, дәстүрлі шараға айналып, кейін әжептәуір қаржы түсіретін фестивальға айналар еді, – дейді белгілі өлкетанушы, жергілікті туризмді дамытып жүрген Айболат Құрымбаев.
Әзірге Батыс Қазақстан облысында көрісу күніне жыл сайын тұрақты шара өткізіп жүрген бір ұйым – Дәдем ата – Жұмағазы хазірет қоры. Халықаралық Самара-Шымкент күре жолының бойында орналасқан Дәдем ата әулиенің зияраты – кеңес заманында да басынан адам арылмаған киелі мекен еді. Бүгінде Қазақстанның жалпыұлттық киелі нысандары тізіміне кірген осы жерде жыл сайын 14 наурызда үлкен ас беріледі. Арнайы шақырылған ел ақсақалдары төрге шығарылып, ғибратты әңгімелер айтылады, жастар бата алады. Соңғы жылдары пандемия салдарынан саябырсып қалған көпшілік шаралар қайта жандана бастады. Бүгін де әулиелі мекен әбігерге толы.
Жергілікті мәдени мекеме басшыларының хабарлауынша, Орал қаласында Тұңғыш Президент алаңында театрландырылған концерттік бағдарлама өтеді. Өңір басшылары, әкімдер Достық үйінде облысқа танымал қарияларға амандасып, алаңға келуі жоспарланған.
«Хамал (наурыз) басында қазақ ғұрпынша жаңа жыл кіріп, ескі жыл шығады. Ескі өліп, жаңа тірілгенде, өлгенді еске түсіріп, жақсы жағын, қылған жұмыстарын айтып отыру әдет...» деп бастап, белгілі ағартушы Ғұмар Қараш «Дұрыстық жолы» газетінде 1918 жылдың егжей-тегжейлі есебін берген екен. Әрине, қазір де түрлі деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп бере бастайтыны бар. Бірақ ол есеп ғұлама Ғұмардың парасат-пайым биігіне жете бермейтіні өкінішті...
Бір-екі ауыз сөзімізді сол Ғұмар Қараштың ғасыр өтсе де ескірмеген шумағымен аяқтайық:
Жаңарған құтты болсын
жылың, қазақ!
Жарқырап тұрсын
балқып күнің, қазақ!
Әр жерде азаматың бас көтерсін,
Есітіп бостандықтың үнін,
қазақ!
Шіріген ескілікті отқа жағып,
Ұшырсын көкке қарай күлін,
қазақ!
Бостандық жаңа туған
күн астында
Күнелтсін көрмей қара түнін, қазақ!
Қайырлы, мейірімді, құтты болсын,
Жаңарған жылың қазақ,
жылың қазақ!
Батыс Қазақстан облысы