Қазақстан • 14 Наурыз, 2022

Бірлесіп шешкен іс тиімді

306 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасының мұрындық болуымен өткен дөңгелек үстелде адвокаттық қызметтегі өзекті мәселелер және оларды шешу жолдары талқыланды.

Бірлесіп шешкен іс тиімді

Адвокаттың абыройы немен өлшенеді? Олар кімдерге тәуелді? Мемлекет кепілдік берген заң көмегінің құны қанша? МКЗК (мемлекет кепілдік берген заң көмегі) бағдарламасы бойынша минуттық төлемнен сағаттық төлемге көшу адво­кат­тық қызметтің сапасын арттыра ала ма? Осы және өзге де ма­ңызды сұрақтар кеңінен сөз болған басқосуға Әділет минис­трі Қанат Мусин, Мәжі­­ліс депутаты Снежанна Има­­шева, Республикалық адвокат­­тар алқасының төр­ағасы Ай­дын Бикебаев, Жо­ғар­ғы сот, Бас прокуратура, Сыбай­лас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл және Қаржы монито­рингі агенттіктері, Ұлттық эко­номика, Қаржы, ІІМ өкіл­дері, Республикалық нотариат­тық палатаның, Жеке сот орын­даушыларының республикалық палатасының өкілдері, сондай-ақ бейнеконференц байланыс режімінде Республикалық адвокаттар алқасы төралқасының, заң консультанттары палаталары қауымдастықтарының мүшелері және аумақтық әділет департаменттерінің басшылары қатысты. Сондай-ақ дөңгелек үстел жұмысына Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова мен Президент жанындағы Кешірім жасау мәселелері жөніндегі комиссия төрағасы Марат Ба­ши­мов қатысып, адвокаттық заң көмегін көрсету жүйесіндегі негізгі мәселелер бойынша ой-пікірлерін ортаға салды.

Іс-шарада адвокаттардың пенитенциарлық жүйемен өзара әрекеттесу мәселелері, атап айтқанда, адвокаттардың тер­геу изоляторларына кіруі, қылмыс­тық-атқару жүйесі мекеме­леріндегі адамдарға адвокат­тық қызмет кепілдіктері мен қорғау­шылардың іс жүргізу өкілет­тіктерін кеңейтуге қатысты өзекті сұрақтар жан-жақты тал­қыланды. Заң қызметтерін көрсету саласын жетілдіру, сапасын арттыру бойынша нақты ұсыныстар айтылды. Мәселен, Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасы аясында мемлекеттік бюджеттің төлем мөлшерлемелерін арттыру және шығыстарын ұлғайтуды ұсынды. Нақтырақ айтқанда, ол осы бағдарлама бойынша минуттық төлемнен сағаттық төлемге көшуді, демалыс, мереке және түнгі уақыттағы жұ­мысы үшін адвокатқа бұрын бе­рілген жоғары төлемді қай­тару қажеттігін алға тартты. Со­нымен қатар іс-шара аясында адвокаттардың «Е-Заң көмегі» ақпараттық жүйесін пайдалану, құқық қорғау органдары ғи­мараттарында смартфондар мен ноутбуктерді қолдану, «мемлекеттік құпия» деп таңбаланған істер бойынша рұқсат алу кезінде туындайтын кедергілер мен мәселелерді шешу қажеттігі де айтылды.

«Республикалық адвокаттар алқасы көтерген мәселелердің денін дөңгелек үстелге қаты­су­шылар қолдады. Алдағы күндері нақты мерзімдер мен орындаушыларды көрсете отырып, басқосу барысында талқыланған мәселелерді шешу бойынша Жол картасына қол қойылады», дейді А.Бикебаев. Дөңгелек үстелге қатысушылар мұндай кездесулер адвокатураны одан әрі дамыту бағыттары мен халыққа заң қызметтерін көрсету сапасын, сонымен қатар мемлекет кепілдік берген заң көмегін жақсарту жөніндегі нақты шараларды әзірлеуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді. Талқылау барысында айтылған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі нақты шаралар Жол картасында көрсетіледі.