Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «ЕQ»
Жиында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек сөз алып, OrdaGen жобасы заманауи ертегілер арқылы балалардың қиялын дамытып қана қоймай, балаларға арналған қазақтілді контенттің де дамуына үлес қосып отырғанын атап өтті. Сонымен қатар OrdaGen жобасының авторы Айбек Қуатбай мен жетекшісі Парасат Тәнен жобаның мақсаты туралы әңгімеледі. Күні бүгінге дейін аталған жоба аясында 1000-ға жуық заманауи ертегілер жазылып, әр ертегінің аудионұсқасы дайындалыпты. Үш түрлі тақырыпта шағын мультфильмдер түсіріліп, балаларға OrdaGen мобильді қосымшасы тегін пайдалануға берілген. Сондай-ақ Ordagen баспасынан шыққан «Мың бояулы ORDA», «ORDA ертегілерінің толық жинағы» және «Берке Аю және кәсіп» кітаптары көпшілікке таныстырылды. Мәселен, «ORDA ертегілерінің толық жинағы» кітабына қазақ тіліндегі заманауи 33 ертегі топтастарылған. Оқушы балаларға ыңғайлы болуы үшін әрбір ертегінің соңында QR-код берілген. Сол арқылы барлық ертегінің аудионұсқасын тыңдауға және мазмұнын ашатын арнайы суреттерді көруге болады.
Кездесу барысында ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Айша Көпжасарова, белгілі сатирик Бақытжан Советұлы сынды қаламгерлер сөз алып, балалар әдебиетінің бүгіні мен ертеңі туралы әңгіме қозғады. Сонымен қатар OrdaGen жобасының да еліміздегі балалар әдебиетін дамытуға лайықты үлес қосатынын, бұл арқылы балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын оятатынын атап өтті. Шара барысында облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібек пен ақын Айша Көпжасарова жарық көрген кітаптардың тұсауын кесті.
Жамбыл облысы