01 Сәуір, 2014

Көкпекті кәрін көрсетті

374 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Бұрнағы күні түнде Қарағанды облысы Бұқар жырау ауданындағы Көкпекті су қоймасындағы плотинаның жырылып кетуіне байланысты Көкпекті ауылын топан су басып қалды. Жоғарыдан көп ағын судың келіп құйылуы мен шлюз камерасының өткізу қабілетінің нашарлығы салдарынан тасқынның плотинадан асып түсу ықтималдылығы 18 сағат 30 минутта байқалды. Осыған байланысты Көкпекті ауылының өзен жағалауына орналасқан 70 үйі  мен Қарағанды қаласына қарасты Сортировка елді мекенінің 30 үйіне жағдай хабарланып, тұрғындарды басқа жаққа көшіру орын алып қалуы мүмкін екені ескертілді. Тұрғындардың көшірілетіні туралы ақпар Көкпекті және Нұра өзендері жағалауларында тұратын тұрғындардың барлығына жеткізілді. Ол үйме-үй аралап шығу тәртібімен жүргізілді. Алайда, жағдай ойлағаннан да тез өріс алып кетті, 31 нау­рыз күні түнгі 1 сағат 30 минутта су плотинаның ернеуінен асып кетті. Нәтижесінде Көкпекті ауылында 810 адамы бар 100 үйге тасқын су лап қойды. Судың деңгейі бірден 1,5-1,8 метрге жетті. Түнгі 2 сағат 45 минуттан кейін ғана кенттегі судың деңгейі қайта бастады. Төтенше жағдайды жою мен су басқан жерлердегі тұрғындарды көшіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің құрамында 124 адамы мен 15 жоғары өтімді техника бірлігі бар азаматтық қорғаныс полкі, медициналық апат бөлімшелері, құтқарушылары тартылды. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Көкпекті кентінің 125 адамы құтқарылды. Құтқару жұмыстары барысында қаза тапқан 5 адамның денелері табылды. Медициналық пунктке 9 адам көмек сұрап келсе, олардың 6-уы шұғыл ауруханаға жатқызылды. Кеше таңертең оқиға болған жерге Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко ұшып келді. Жағдайды 7 бағытта зерттеу мақсатында төтенше жағдайлар, ішкі істер органдары, әкімдіктер, денсаулық сақтау саласы қызметкерлерінен құралған  7 топ құрылып, жұмыс жасауда. Қазіргі таңда төтенше жағдайлар қызметі құтқару жұмыстарын жалғастырып жатыр. Орын алған оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды. ҚАРАҒАНДЫ.