Аймақтар • 14 Наурыз, 2022

Жұмыссыз қалған жұрттың үні жоғарыға жете ме?

299 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қоғамда жұмыссыздық мәселесі көпшілікті қос бүйірден қысып тұрған кезде, Жамбыл өңіріндегі бір топ ауыл тұрғындары да жұмыссыз қалып отыр.

Жұмыссыз қалған жұрттың үні жоғарыға жете ме?

Нақты айтсақ, жиырма жыл­ға жуық жұмыс істеп келе жат­қан Сарысу ауданы Саудакент ауылын­да орналасқан туберкулезге қарсы диспансер бұл күнде өз жұмысын тоқтатқан. Соның сал­дарынан бүгінде 64 адам жұ­мыссыз қалған. Ойламаған жерден қызметінен босап қалған ауыл тұрғындарының арыз ай­тып бармаған жері, баспаған тауы қалмапты. Бірақ нәтиже жоқ. Тиісті орындарға хат та жаз­ған. Оған әлі жауап болмай тұр. Осы­лай­ша, тыныш күн­де тығы­рық­қа тірелген ауыл тұрғын­дары енді не істейтіндерін білмей дал. Тек қана алдағы күндерден үміт етіп қана күн кешуде. Содан бері жеті ай уақыт өтсе де медицина қызметкерлері жұмыссыз жүр.

Бұл – Жамбыл өңіріндегі күр­делі мәселенің бірі. Қазіргідей нарық заманында жұмыссыздық тіпті қиын. Бүгінде бастарынан ауыр халді кешіріп отырған көп­ші­лік басшылардың не себепті мұн­дай шешімге келгенін түсіне ал­майды. Қазіргі таңда күрделі мәсе­леге айналып отырған Сауда­кент ауылындағы туберкулезге ­қарсы диспансер 2005 жылы са­лын­ған. Екі қабатты, келбеті келіс­кен еңселі ғимараттың ашылуы ауыл тұрғындары үшін өте қуанышты жаңалық еді. Ны­сан ішіндегі 214 бөлменің бар­лығы да тиісті құралдармен жаб­дық­талған болатын. Одан бөлек, емделушілер үшін асхана, көлік тұрағы сияқты қажеттіліктер де қарастырылған. Тіпті мұндағы қызметкерлер мекеменің айналасына ағаш, шырша егіп, жасыл әлемге айналдырған. Бірақ төрт құбыласы түгел дерлік мекеме былтыр тамыз айында жабылып тынған. Содан бері нысан қа­ңырап бос тұр. Ал ішіндегі бір­қатар құралды облыстық ден­саулық сақтау басқармасы өз­деріне алып кетіпті. Жиырма жы­лға жуық үздіксіз жұмыс істе­ген мекеме облыстық денсау­лық сақтау басқармасының тең­гері­мінде болған. Әлі де аталған ба­с­қар­маның құзырында. Мәсе­ле­нің мән-жайын білмек болып Сау­дакент ауылына барғаны­мыз­­да, ауыл тұрғындары өздері­нің мұң-мұқтажын жеткізді. Әу­пі­рім­деп күн көріп жүрген әлеу­мет­тің жанайқайы негізсіз емес. Бұл ретте медицина саласында жалпы 40 жыл еңбек өтілі бар, аталған мекемеде табан аудар­май 17 жыл бойы жұмыс істе­ген Ғазиза Құрманбаева енді жұмыс­сыз қалып отырғанына налиды. «Менің зейнетке шығуыма бір-ақ жыл қалды. Бізді енді кім жұмысқа алады?! Жұмыс жоқ. Басымызда несие бар. Қазір үйде бостан босқа қарап отырмыз. Енді бұл мекеме бастапқы атымен болмаса да, әйтеуір басқа бір мекеме болып ашылса дұрыс болар еді. Бізге жұмыс керек», дейді ол.

Әрқайсысы бір-бір үйдің асыраушысы болған ақ халатты абзал жандар енді ешкімге керек­сіз бо­лып қалғандай күй кешіп отыр­ғандарына шағымданады. Оған қоса, нарықтың қыспағы, тұрмыстың тауқыметі тағы бар. 1988 жылдан бері медицина саласында еңбек етіп келе жатқан Перизат Нұрманова да туберкулезге қарсы диспансерде 17 жыл бойы жұмыс істеген. «Өзім аудан орталығы Жаңатас қаласында тұрамын. Екі ортаның қашықтығы отыз шақты шақырым болады. Бірақ жұмыс болған соң талай жыл барып-келіп істеп жүрдім. Енді ойламаған жерден жұмыссыз қалып отырмыз. Ел сияқты, менің де басымда несие бар. Қазіргідей қаражат тапшылығында жүріп, оны төлеудің өзі қиын. Бұрын ай­лы­­ғ­ымызды уақытында алып тұр­ған­да, ақша жағынан аса тар­ш­ы­лық көрмеуші едік. Бәрі бір күн­де өзгеріп кетті», дейді П.Нұрманова.

Жұмыстан босап, жайсыз күйге түсіп қалған азаматтар күні кешеге дейін өздері жұмыс іс­те­ген Саудакент ауылындағы ме­ке­менің алдына жиналып, облыс басшылығына талап-тілегін жет­кізді. Бәрінің де жұмысқа орналасып, жан баққысы келеді. Осы мекемеде есепші болып қызмет атқарған Ләззат Смайылова жұ­мыс­сыз қалған 64 адамның 21-і жо­ғары санатты дәрігер бол­ға­нын айтады. Өкінішке қарай, ма­ман­дардың талай жылғы еңбек өтілі бұл күнде ештеңеге жарамай отыр. Сондай-ақ жеті баланың анасы Аманбала Сүлейменова да қазір еш жерге жұмысқа орналаса алмай отырғанын айтып шағымданды. «Екі студент оқы­тып отырмын. Қазір күйеуім де, балам да жұмыссыз. Енді өзім де жұмыстан шығып қалдым. Жұмыс сұрап аудандағы барлық мекемеге бардым. Бәрінде де жұмыс жоқ. Жұмыс болмаса қазір өмір сүру қиын. Ауылдағы дү­кен­дердің өзі қарызға ештеңе бер­мейді. Уақтылы қайтара алмай­тынымызды біледі. Тіпті банктен алған несиені жағдайымызды айтып жатып, екі айға әрең тоқ­таттық. Оның да уақыты келді. Енді не істейтінімізді білмейміз», дейді Жазира Орынбасарқызы. Десе де, ауыл тұрғындары жақсы­лық­тан үмітті. Жұртшылық бүгін­де қаңырап бос тұрған мекеме жұ­мы­сы алдағы уақытта қайта жан­да­нып, жолға қойылар деп сенеді.

Ауыл тұрғыны Марқаш Ми­зем­­баевпен сөйлескенімізде, ол бүгінде бос қалған нысан тозып кететініне қауіптенетінін жет­­кізді. 17 жыл бұрын 200 млн теңгеден астам қаражатқа са­лын­­ған нысанның сүйегі әзірге аман. Нысан өз теңгерімінде бол­ған­дықтан, облыстық денсау­лық сақтау басқармасы айлық­та­рын төлеп, 4 қарауыл мен 1 есеп­­ші ұстап отыр екен. «Егер қа­­рауыл­дар болмаса, мына ме­ке­­менің әлдеқашан тоз-тозы шы­­ғып, іші-сырты түгел талан-таражға түсетін еді. Біз, ауыл адамдары осындайдан қа­уіп­тенеміз. Енді облыстың бас­шы­лығы тілегімізді ескеріп, бұл мекемені оңалту-сауықтыру орта­лығы етіп қайтадан ашса деген ойымыз бар. Мұнда келіп қа­риялар мен мүмкіндігі шектеулі балалар ем алса, қандай жақсы болар еді. Бар нәрседен айырылып қалмай, қайта қажетімізге жаратуымыз керек қой», дейді Марқаш Мизембаев.

Жергілікті тұрғындардың көп­­­шілігінің тілегі осы екен. Шы­­нында да мұнда барлық мүм­кін­дік бар болып шықты. Айна­ласының өзі жасыл желекке оранған мекен. Нысанның іші тап-таза, жинақы. Ал облыстық фти­зопульмонологиялық ор­та­лығының бас дәрігері Дабыл Шымыров бұл мекеменің жабылу себебін емделушілердің азды­ғы­мен түсіндірді. «Денсаулық сақтау министрінің бұйрығы бо­­йынша аудандардағы тубер­ку­­лез­ге қарсы диспансерлердің бәрі жабылды. Мойынқұм, Т.Рыс­­­құлов аудандарындағы мекеме­лер де жұмысын тоқтатты. Бұл нау­қастардың азаюына байланыс­ты бо­лып отыр. Тек ауруханалар ғана қалды. Мұнда 2019 жылы 20 науқас ем алса, 2020 жылы 15 нау­қас жатқан. Ал өткен жылдың алты айында 9 науқас қана болған. Мекеме жабылудың алдында 5 науқас қалған. Мұндағы 5 нау­қасқа 64 медицина қызметкері жұмыс істеп келді», дейді Дабыл Шымыров.

Бас дәрігердің айтуынша, бұл мекеме өзін-өзі ақтамаған. Яғни емделушілерден түскен табыс­тан гөрі мекеменің шығыны көп болған. Мәселен, 2019 жылы диспансер емделушілер арқылы 46 млн теңге тапқан болса, 187 млн 457 мың теңге шығын болған. Бұл жыл сайын қайталанып отыр­ған. «Сол сияқты, мекеме 2020 жы­лы 15 науқастан 40 млн теңге тап­қанымен, шығынына 187 млн теңге жұмсалған. Ал өткен жыл­дың алты айында мұнда 31 млн теңге түсуі керек болса, шы­ғыны 207 млн теңгеге жете­ді деп жоспарланған. Қазіргі таң­да мұ­ның бәрін зерделеу тобы құ­рыл­ды. Топ құрамында облыс­тық ден­саулық сақтау басқармасы мен Сарысу ауданы әкімдігінің қыз­мет­керлері бар», дейді бас дәрігер.

Зерделеу тобының жұ­мыс нәтижесінің қандай болаты­ны әзірге белгісіз. Бұл мекемені қа­ра­жат­тың жеткіліксіздігінен аудан әкімдігі өз теңгеріміне ала алмайды.

Амалы таусылған ауыл тұр­ғын­дары мәселенің мән-жайын ай­тып әрі көмек сұрап облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа да хат жазды. Одан кейін әкімнің орынбасары Талғат Мамаев Саудакент ауылына арнайы келіп, тұрғын­дар­мен кездескен. Алайда әзірге нақты бір шешім шықпапты. Енді об­лысқа қарай жалтақтаған жұрт­шылық аймақ басшысынан көмек сұрайды. Сондай-ақ бұл мәселені жұмыссыз қал­ған қарапайым азаматтар Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаттары Мейрамбек Төлепберген мен Гүлдара Нұрымова ауданға келгенде де айтты. Көпшіліктің көңі­лінде өңірден сайланған ха­лық қалаулыларынан да бір көмек болып қала ма деген үміт бар. Жұ­­мыс­сыз қалған медицина қыз­мет­кер­лері жоғары жақтан бір көмек болмаса, енді қалай күн көре­тін­дерін білмей дал болып отыр. Ал аудандық «Жұмыспен қамту орта­лығы» азаматтарды жұмысқа орналастыруға қауқарсыз.

 

Жамбыл облысы,

Сарысу ауданы