Тарих • 15 Наурыз, 2022

Қажымұқанның кесесі

439 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Облыс орталығындағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінде 50 мыңнан астам жәдігер бар. Оның 15 мыңға жуығы даңқты тұлғалардың тұтынған заттары. Солардың бірі – ақын Диқан Әбілевтің шаңырағында сақталған балуан Қажымұқанның қызыл кәрден кесесі.

Қажымұқанның кесесі

Музей басшысы Ербол Қайы­ров кесенің тарихынан сыр шерт­ті. Кеседен шай ұрттап, кесе жай­лы әсерлі әңгіме тыңдау бір ғанибет екен.

– Алматы қаласына іссапармен барып, Диқан Әбілевтің зайыбы Жұмаш апамен кездестім. Әңгі­меміз жараспады-ау деймін іштей. Байқасам сөзге шорқақ­тау адам екен. Ол аздай менің қойған сұра­ғыма басқаша жауап қатып, сөз төркі­­­нін бұрмалай сөйледі. Кетуге енді ың­­­ғай­лана бергенімде «ағаң жақсы ақын еді ғой» демесі бар ма! Қуанып кет­­­тім. «Қуыс үйден құр шықпа» деген, тым болмаса музейге ағаның бір за­тын берсеңіз» дегенімде, «Не дейсің? Қарғам, құлағым жөнді естімеуші еді» деді. Бір сағаттық әңгіменің заяға кет­ке­нін түсіндім. Жақынырақ келіп, сұра­ғымды қайталадым. Сәл ойланып тұрып, төр бөлмеге кіріп кетті, сәлден соң қолы­на үлкен қобдиша ұстап қайтып оралды. Ішінде үлкен екі қызыл кесе сақтаулы екен.

Бұл жәдігердің тарихы былай болыпты: «Диқан Әбілевтің тұңғыш ұлы Дастан қайтыс болып, Қажымұқан ең алғашқы­лардың бірі болып шаңыраққа көңіл айта келеді. Ол кездері ақын­­ның әкесі Әбіл бар екен. Қа­жы­­мұқан Диқан­ның әкесіне қарап:

– Әбеке! Айналып кетейін, Диқан ренішті болуға лайық жігіт емес еді. Жас күнінде адам бала қадірін біле ме? Бұ­лар­ға «бала белде, қатын жолда» ғой. Сен күйреп қалған екенсің! Оны қой. Сіздің елде «нені көрмеген Найзатас» деген бар еді. Найза қалпыңды сақта! Майырылуды қой! Балаларың қартайып тұрған жоқ! Берері таусылмасын. Тағы да айдарлы немерелі боласың, – дейді.

Сөйтіп дастарқан жайылады. Балуан «маған үлкендеу ыдыс әкеліңдер» дейді. Толтыра қымыз құйдыртып, бір кесені Диқанға, ал екіншісін балуан өзі алып, келінге қарап:

– Ал келін қарағым, сен өзің қоңыр құлыншақтай уыз жассың. Мына Диқан балам екеуің уанып, жұбанып болғасын «түн қатып» бағыңдар. Содан соң тағы біл ұл болмай көрсін, – деп батасын береді.

Араға бір жыл салып, Мертай жеңге­міздің құрсағына бала бітіп, тоғыз ай, тоғыз күннен кейін шекесі торсықтай ұл туады. Есімін Невель деп қояды. Невель жан-жақты парасатты, ақын болып өседі. Осылайша, балуан Қажымұқан атамыздың дуалы аузынан шыққан батасы қабыл болады. Қара күш иесі Диқанның шаңырағына жиі аялдап, кәрден кесемен қымыз ішкен. Диқан Әбілев көзі тірісінде бұл кеселерді «Қа­жымұқан музейіне» жіберуді жоспар­лаған екен. «Адамның қалағаны емес, Алланың қалауы болады» демекші, қара күш иесі мен жыр әлемінің ақберені Қажымұқан мен Диқан өмірлерінің бір кезеңінен сыр шертер жәдігер біздің музейге осылай әкелінген еді, – деп әңгімесін тәмамдады Ербол Қайыров.

 

Павлодар облысы