Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Президент тапсырмасы толық орындалмады
Жаһан жұртын жалт қаратқан «Қасіретті қаңтар» оқиғасын отандастарымыз ұмытып үлгерген жоқ. Отанымызды шарпыған «өрт» көгілдір отын мәселесінен басталып, бірқатар лауазымды тұлғалардың қызметтен кетуімен аяқталғаны анық. От неден тұтанды, оған кім немесе не кінәлі? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 11 қаңтарда Парламент Мәжілісінің отырысында осы оқиғаның өзегіне үңіліп, «Еліміз душар болған ауыр қасіреттің себептерін саралап, оның салдарына нақты баға беру – алдымызда тұрған өте маңызды міндет», дей келе «Қайғылы жағдай негізінен күрделі əлеуметтік-экономикалық мəселелер мен кейбір мемлекеттік органдар жұмысының тиімсіздігі, нақты айтқанда, олқылығы салдарынан болғанын мойындау керек. Жеке атқарушы органдардың күрделі жағдай мен азаматтардың қажеттіліктерінен айтарлықтай алшақтауы байқалды. Билік құрылымдарының өкілдері халықтың өміріне, олардың ұмтылыстары мен қажеттіліктеріне қатысты қате көзқарас қалыптасты», деді.
Осы сөздерден соң билік өкілдері халыққа жақындай түседі, оның ұмтылыстары мен қажеттіліктеріне құлақ түреді деп едік, анығында олай болмай шықты. Неге? Мәселен, осы отырыста Мемлекет басшысы Үкіметке утиль алымының мөлшерін қайта қарауды тапсырған еді. Ереуілден соң еңсесі басылған халық осы бастамадан үлкен үміт күтті. Себебі еліміздегі автокөлік нарығы бәсекенің жоқтығынан баға қымбатшылығына батпақтап жатқан болатын. Президенттің пәрмені тым құрығанда осы мәселенің оң шешімін табуға ықпал ете ме деп үміттенді. Алайда халық үнінен құлақ асатын мемлекеттің билік өкілдері халық үніне құлақ аса алған жоқ. Тіпті Президент тапсырмасы 50% ғана орындалды десе де болады. Оны біз утиль алымының құны тек тең жарымына төмендегенін біліп айтып отырмыз.
Үнімізді еститін Үкімет қайда?
Бір қызығы, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр «Хабар24» телеарнасына берген сұхбатында «Қоғамдық пікір қалыптастырып, кәдеге жарату алымын толығымен жоюды талап ететіндер шетелдерден техника импорттаушылардың мүддесі үшін жұмыс істейді. Бұл шын мәнінде олардың ел экономикасына қарсы екенін білдіреді», деп әлдекімдерді айыптап отыр. Ондай адамдарды кәдеге жарату алымын жоюды талап еткендердің арасынан іздеген қаншалықты дұрыс? Себебі нақ осы қоғамдық қозғалыстар утиль алымы мәселесін көтеруге себеп болып, кейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Экология вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен бұрынғы «ӨКМ операторы» ЖШС басқарма төрағасы Медет Құмарғалиевтің уақытша тергеу изоляторына қамалғанын растаған жоқ па еді? Бәлкім ел экономикасына қарсы тұлғалар мен әрекеттерді әлі де іздей түсу керек шығар?
Автоөндірісті «қолдан жемдеудің» қажеті жоқ
– «ӨКМ операторы» ЖШС үлкен жемқорлық схемасының бір ғана бөлшегі еді. Оның қызметі «Жасыл даму» АҚ-ға берілгенімен, жемқорлық схемасы жойылған жоқ. Бұрынғы қалыпта «қызмет ете беретін» секілді. Үкімет пен Индустрия жəне инфрақұрылымдық даму министрлігі ең алдымен еліміздегі автокөлік құрастыру саласын қолдауға мүдделі. Ал еліміздегі Экологиялық кодексте утиль алымының қағидасы анық жазылған. Утиль алымы дегеніңіз – нақты кəдеге жарату үшін жасалатын төлем. Біз бір нəрсені түсінбейміз, қазақстандықтар жеке автоөндірісті қолдау үшін неге қомақты қаражат төлеуге тиіс? Тіпті бұл отандық автоөндіріс те емес. Локализация да жоқ. Біз оны көптен бері айтып жүрміз. Тиісінше, елімізде құрастырылатын қай автокөліктің болсын қосалқы бөлшегі жасалмайды. Барлығы шетелден сатып алынады. Яғни сіз бен біз утиль алымына төлеп жүрген қаражаттың бір бөлігі шетел асып жатыр, – деді саясаттанушы Санжар Боқаев.
Оның айтуынша, қазақстандықтар отандық автоөндірісті емес, шетелдік өндірушілерді қолдап жүр. Ал мұны əділдік деп айтуға келмейді. Бұл ретте С.Боқаев Экологиялық кодекске бірқатар өзгеріс енгізуді талап етіп отыр. Саясаттанушы неліктен «Жасыл даму» АҚ-ға шектеусіз құқық беріліп, олар өз кезегінде жеке автоөндірісті қолдап отырғанын түсінбейді. Алайда билік өкілдері болса отандық автокөлік саласы жоқ деген сөзбен мүлде келіспейді. Мәселен, Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Марат Қарабаев қазақстандық автоөндірушілер ірі торапты құрастырудан ұсақ торапты автөндіріске көшіп жатқанын айтады.
– Бізде автокөлік саласы жоқ. Құр дөңгелегін алып, қоя салады деп жатады. Бұл олай емес. Жалпы, көлік құрастыру саласын үш кезеңге бөлуге болады. 1-кезең – ірі торапты құрастыру. 2-кезең – ұсақ торапты құрастыру. 3-кезең – қосалқы бөлшекті өз еліңде шығару. Бұл – әлемдік алгоритм. Өткен 10 жылда біз толығымен ірі торапты құрастыруды үйрендік. Енді ұсақ торапты құрастыруға өтіп жатырмыз. Ірі торапты құрастырғанда 50-100 операция жасалады. Ал ұсақ торапта – дәнекерлеу, бояу, шанақты құрастыру, оны майыстыру бар, яғни мыңнан астам операция жасалады. Оны істейтін мамандар – ел азаматтары. Бүгінгі қалыптасып келе жатқан елдің инженерлік әлеуеті. Сервистік қызметтерді қоса есептегенде, 14,5 мың адам еңбек етуде. Олар жоғары жалақы алады, жоғары технологиялық мамандар ретінде қалыптасуда, – деді вице-министр.
М.Қарабаевтың айтуынша, былтыр ел нарығында сатылған автокөліктердің 65 пайызын отандық өнімдер құрады. Яғни жаңа көлік сатып алған қазақстандықтардың 65 пайызы кәдеге жарату алымын төлеген жоқ. Қалған 35 пайыз импорттық көліктің басым бөлігі Mercedes, BMW сияқты премиум санатындағы машиналар. Бұл көліктерге утиль алымы төленді. Бірақ түскен қаражат ертең елдің игілігіне, яғни халыққа жеңілдетілген автонесие беруге жаратылады.
– Утиль алымын алып тастаса, ел аумағына ескі автокөліктер ағылады деген жаңсақ пікір айтылып жүр. Бұл сөз шындыққа жанаспайды. Себебі елімізде техникалық регламент бар. Яғни автокөлік Euro-4 класына сәйкес келу керек. Бұған қоса, Қазақстанда алғашқы тіркеу жарнасы барын да ұмытпаған жөн. Оның құны 1,5 млн теңге шамасында. Ендеше елімізге келетін ескі көліктерге шектеу қоюға болады. Ешбір дамыған мемлекетте утиль алымы шектеу құралы ретінде пайдаланылмайды, – деді «Қазақстанның тәуелсіз автобизнес одағы» ЖК және ЗТБ басқарма төрағасы Берік Зайыров.
Жең ұшынан жалғасқан жемқорлық емес пе?
Утиль алымы туралы айтқан кезде отандық автокөлік жүргізушілерін оның қымбатшылығы ғана емес, бұл жемқорлық әрекеттердің әлпеті емес пе деген сұрақ жиі мазалайды. Өткен ғасырдың басында ашаршылық қалай қолдан жасалса, автөкөлік саласындағы бүгінгі қымбатшылық та дәл солай қолдан жасалып отыр емес пе? Әрине, ажалмен арпалысып ашыққан халықты бүгінгі жағдаймен салыстыруға келмейтін шығар, алайда ел түсінбейтін, ақылға қонбайтын, халықты әуре-сарсаңға салатын қадамдар әлі де болсын келмеске кеткен жоқ.
– Жасыратыны жоқ, ертегіге әбден тойдық. Қазақстанда Toyota Fortuner, SsangYong Nomad, Peugeot, Geely құрастырыла бастағанда-ақ автодержаваға айналуымыз керек еді. Тіпті әлемдік нарыққа автокөлік экспорттай бастауға тиіс едік. Алайда нәтиже біз күткендей болмады. Тұтынушылары 6-7 айлап кезекте тұратын, көлік құрастырушылары ішкі нарықты қамтамасыз ете алмайтын шала-жансар автоөндірісті қолға алдық. Жеткен «жетістігіміз» осы. Бұған дейін де айтып жүргенімдей, осы саладағы қазіргі құраммен – қадағалаушы министрлікпен, кәсіпкерлердің көңіл көншітпейтін әрекетімен отандық автоөндірістің болашағы жоқ. Көрші мемлекеттердегі кәсіпкерлер ешқандай салықтық және өзге де жеңілдіктерсіз-ақ дамып жатқан кезде отандық автөндіріс өкілдері «әлпештеп» отырғанның өзінде қолынан түк келмейтінін көрсетіп отыр, – деді «Утильсборға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының белсендісі Нұраддин Садықов.
Оның айтуынша, мұндай автоөндірістің барынан жоғы. Себебі отандық автоөндіріс саласындағы кәсіпкерлер нарықтық бәсекелестік заңдылығымен әрекет етуге қауқарсыз. Сондықтан бұдан былай ондай автоөндірісті «қолдан жемдеуді» доғару керек.
– Еліміздегі утиль алымының қазіргі құны экономиканың, не болмаса халықтың мүддесі үшін емес, шағын топтың пәрменімен қалыптасып отыр. Тіпті мұны жең жұшына жалғасқан жемқорлық дер едім. Жалғыз мен емес, көзі ашық, көкірегі ояу көп отандасымыз осылай ойлайды. Мәселен, «Утильсборға жол жоқ» қоғамдық қозғалысының құрамында осы күні 30 мыңға жуық адам бар. Отыз мың адамның көзқарасы бір жерден шығып отырған соң, утиль алымы мәселесіне мән беретін кез келді, – деді кабельдік-өткізгіштік өнімдер саласының кәсіпкері Владимир Ким.
Мемлекет басшысы биыл 21 қаңтарда отандық бизнес өкілдерімен кездескен кезде «Халықтың жартысының айлық табысы 50 мың теңгеден аспайды. Бұл – жылына 1 300 доллардан сәл ғана асады деген сөз. Мұндай ақшамен өмір сүру мүмкін емес», деген еді. Ендеше, 50 мың теңгеден жоғары жалақы ала алмай отырған отандастарымыз ең арзаны 5-6 млн теңгеден басталатын қазақстандық автокөлікті қайтсе тақымдай алады? Біреу қымбат көлік жасап, енді біреу оған заңды жол ұсынып жүргенде қарапайым халықтың қамын кім ойлайды? «Көбелек келіп күмп етіп, көбігін ішіп ол кетті. Жапалақ келіп жалп етіп, жарымын ішіп ол кетті. Қарға келіп қарқ етіп, қалғанын ішіп ол кетті. Сауысқан келіп саңқ етіп, сарқып ішіп ол кетті. Қырғауыл келіп қиқу сап, қазан түбі қаспағын қырнап ішіп ол кеттінің» кері бұл. Автокөлік нарығында адал бәсеке болмай, қоғам алға баспайды.