Экономика • 15 Наурыз, 2022

Қазақ мұнайы балама жол іздейді

872 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ресей мен Украина арасындағы қақ­ты­ғыс салдарынан туындап жат­қан мың сан мәселенің қатарын­да, қатарында дейміз ау, тіпті ең басында мұнай тұр. Әуелі барреліне 130 долларға дейін ша­рық­тап өсті. Бірер күн бұрын 108 долларға дейін қайта құлдырады. Бұл құлдыраудың өзі пандемия кезіндегі 40-50 доллардан тәуір. Тамақ асырап отырған бірден бір экспорттық өнім осы болған соң биржадағы саудаға елеңдеп отырамыз. Жақсы, сауда саудасымен, ел-жұрттың бәрі Ресей мұнайынан ат-тонын ала қаша бастады. Тіпті қазақ мұнайын да қажетсінбейміз деген әңгіме желдей есті. Әлбетте, бізді алаңдататыны нағыз осы проблема. Баға көбейер, азаяр, ал экспортқа жол жабылса не болмақ?

Қазақ мұнайы балама жол іздейді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Соңғы деректер бойынша, АҚШ қазақстандық мұнайды тасымалдап отырған Каспий құбыр желісі консорциумына санкция салмайтынын мәлімдеген. АҚШ қаржы министрлігінің хабарлауынша, 2022 жылдың 8 наурызында қабылданған ресейлік мұнай импортына салынған тыйым қазақстандық мұнайға әсер етпейді. Каспий құбыр желісі консорциумы – қазақ мұнайының негізгі экспорттық маршруты саналады және оған бүкіл экспорттың 80 пайызы тиесілі. Яғни құбыр бір жылда 67 млн тонна «қара алтын» тасымалдауға қауқарлы.

Сарапшылардың дерегінше, қазақ мұнайының үштен бірін (25 млн тонна) америкалық компаниялар өндіргенімен АҚШ біздің мұнайдың небәрі 1,4 пайызын ғана сатып алады. Бұл дегеніңіз бір жылдағы импорты 1 млн тоннаға да жетпейді. Жалпы, біздің мұнайдың барлық маршруты Ресей жерін басып өтеді. Дәл қазіргі басты түйткіліміз де сол болып тұрғаны жасырын емес. Жоғарыда атап өткендей, басты маршрут – Каспий құбыр желісі. Бұл желі 2021 жылы 57 млн тонна (экспорттың 79 пайызы) мұнай экспорттаған. Бұл мұнайдың сорты – CPC Blend. Біздің мұнайды шетке шығаратын екінші маршрут – Атырау-Самара мұнай құбыры. Қуаттылығы жылына 17,5 млн тоннаны құрайды. Былтыр құбыр желісі 12 млн тонна мұнай (экспорттың 18 пайызы) тасымалдаған. Мұндағы мұнайдың сорты – Urals.

Ал үшінші маршрут – Қазақстан-Қытай құбыр желісі. Қуаттылығы – жылына 20 млн тонна. 2019 жылдан бастап бұл бағыт бойынша экспортталған мұнай көлемі 1 млн тоннаға да (экспорттың 1 пайызын да құрамайды) жетпеген. Тағы 2 млн тоннаға жуық мұнай Ақтау порты арқылы шекара асады.

Былтыр біздің мұнай негізінен қай елдерге экспортталды дегенге келсек, ең бірінші кезекте Италия ауызға ілігеді. Бүкіл экспорттың 27,3 пайызы осы елдің еншісінде. Жалпы, қазақ мұнайы әлемнің 25 еліне сатылады. Телеграмдағы Energy Monitor каналының жазуынша, сондай қазақ жерінде өндірілген мұнайды импорттау тұрғысынан Нидерланды мен Франция да үздік үштікке кіреді.

Сарапшылар Қазақстан жедел түрде мұнай экспорттаудың басқа маршруттарын табу керегін айтады және бұл ретте Әзербайжанды, анығында Баку-Тбилиси-Джейхан (БТД) тиімді балама көреді. Мұны Энергетика министрі Болат Ақшолақов та растайды.

«Экспорт маршруты бойынша түрлі нұсқалар қарастырылып жатыр. Бізде түрлі мүмкіндіктер бар, Ақтау порты, Баку-Тбилиси-Джейхан құбыр желісі деген секілді. Дегенмен біз оларды әзірге қарастырмаймыз», деді министр.

2006 жылы пайдалануға берілген БТД жылына 50 млн тонна мұнай тасымалдай алады. Бұл желі арқылы Әзербайжан мұнайы Грузия мен Түркияны басып өтіп әлемдік нарыққа шығады. «Қазақстан БТД арқылы аз көлемде мұнай экспорттайды. Ара-тұра іркіліс болып тұрады. Мысалы, сондай тежелудің бірі 2008 жылы Ресей-Грузия соғысы кезінде болған еді. Тасымалдау көлемінің аздығы – БТД мен Ақтау порты арасындағы байланыстың жоқтығынан. 2006 жылы Қашаған акционерлері 4 млрд долларға жоба ұсынды. Транскаспий мұнай тасымалдау жүйесі жобасы Ақтау портын БТД-мен байланыс­тыруы керек еді. Содан бері жоба бойынша нақты қадам жасалған емес, тек жүк кемелері ғана мұнай тасып жатыр», деп жазады Energy Analytics сарапшылары.