ЭКСПО шежіресі: Дублин және Хемптон, 1907 жыл
Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі шежіресін саралайтын болсақ, 1907 жылы әлемде қатарынан екі көрме өткізілген екен. Оның біріншісі Ирландияның Дублин қаласында, екіншісі АҚШ-тың Вирджиния штатына қарасты Хемптон-Роудс деген жерде өткізілген болатын. Дублин Ирландияда Халықаралық көрме өткізу жөніндегі шешім 1903 жылы өткен ирландиялық өнеркәсіп конференциясында қабылданды. Болашақ көрме қалашығына Дублин қаласының іргесіндегі Герберт Парктен арнайы 52 акр жер телімі бөлінді. Дублинде Халықаралық көрме өткізу шарасының негізгі ұйымдастырушысы және жігер берушісі ирландиялық белгілі журналист, саясаткер және ірі кәсіпкер Уильям Мартин Мерфи болды. Сол кезде оның иелігінде беделді газет, әмбебап сауда орталығы және Дублиндегі ең ірі көлік компаниясы болатын. Көрме қалашығы Дублиннің әкімшілік орталығындағы Боллсбридж атты ауданмен қатарласа қоныс тепті. Оның тағы бір артықшылығы, қаланың бүкіл трамвай жолдары осы жерге келіп түйісетін. Бұл қала тұрғындарының және қонақтардың қаладан көрме қалашығына қатынауына өте қолайлы болды. Көрме қалашығында сол заманғы сәулет өнерінің озық үлгілерімен салынған нысандар бой көтерді. Солардың қатарында көрмеге келушілерді Орталық грант-палас ерекше қызықтырды. Италиялық сәулет үлгісімен бой көтерген күмбезді нысан төрт қанатына жалғастыра салынған әсем ғимараттарымен ерекше үйлесім тапты. Осы нысандағы үлкен күмбез астындағы диаметрі 60 метрді құрайтын сегіз бұрышты зал келушілердің көзайымына айналды. Осы зәулім ғимараттың айналасында Британ колонияларының және басқа шетелдік мемлекеттердің жәдігерлері үшін салынған павильондар орналасты. Қалашықта сонымен бірге, Өнеркәсіп сарайы және автокөлік павильоны нысандарының ғимараттары да көркімен көз тартты. Халықаралық көрме қалашығында арнайы салынған құрылыс нысандарының ішіндегі тағы бір айта қаларлығы, 2 мың көрерменге арналған концерт залы болды. Оның үлкен оркестрге арналған сахнасының сыйымдылығы да зор еді. Концерт залының қасында еңселі тұрпатымен көз тартқан мейрамхана павильонын да ерекше атап өтуге болады. Бұл осы көрме қалашығында салынған нысандардың ішіндегі ең биік ғимарат болып табылды. Бұл мейрамханада король жұбына арналған VIP апартамент және басқа да сыйлы қонақтарға арналған арнайы залдар орналасты. Сонымен бірге, көрме қалашығында уақытша пайдаланысқа арналған көптеген ғимараттар да жалпы көрме қалашығы жобасымен сәтті үйлесім тапты. Дублин қаласындағы Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінің жалауы 1907 жылдың 4 мамырынан 9 қарашасына дейін жеті айға жуық желбіреді. Халықаралық көрмені 3 миллионға жуық туристер тамашалады. Көрмені ұйымдастырушылар негізінен өздерінің алдарына қойған мақсаттарына жетті. Сәтті ұйымдастырылған Дублин Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесінен кейін Ирландияның өнеркәсіптік тауарлары халықаралық рынокта сұранысқа ие бола бастады. Сонымен бірге, осы көрменің арқасында әлем жұртшылығы ирландиялық өнер және ғылым үлгілерімен таныс болды. Хэмптон-Роудс Осы жылы Америка құрлығында өз жұмысын бастаған Бүкіләлемдік жетістіктер көрмесі Америка Құрама Штаттарының аумағындағы бірінші ағылшындық елді мекен болған Джеймстаун қаласының іргетасы қаланғанына 300 жыл толуына арналды. Халықаралық көрме жалауы Вирджиния штатының Хэмптон-Роудс деген жерінде 1907 жылдың 26 сәуірінен 1 желтоқсанына дейін сегіз ай бойы желбіреді. Өкінішке қарай, Халықаралық көрмені ұйымдастырушылардың жұмысында орын алған келеңсіздіктер көрме ашылған алғашқы күннен-ақ оған келушілердің көңілін құлазытты. Көрме қалашығы орналасқан аумақтың тек бестен бір бөлігі ғана электр жарығымен қамтамасыз етілді. Негізгі павильондар қоныс тепкен қалашықтың орталығы да көрмені тамашалаушылардың орынды реніштерін туғызды. Бұл жер телімі сәл жаңбыр жауса болды, батпақтан аяқ алып жүргісіз сорға айналды. Алдын ала бекітілген жоспар бойынша көрме қалашығында салынуға тиіс 38 ғимараттың ашылу салтанатына дейін тек 14-і ғана дайын болды. Көрме қалашығының сәнін кіргізетін ең сәулетті ғимараттар деп белгіленген Тарихи өнер мұражайы мен Білім сарайының құрылыс жұмыстары тіпті Халықаралық көрме жұмысы аяқталғаннан кейін де біткен жоқ. Көрмені ұйымдастырушы компания федералдық өкіметтен 1,64 млн. доллар несие алуға рұқсат алған болатын. Құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында қосымша тағы да 1 млн. несие алынды. Компания бұл несиені көрме жұмысы басталғаннан кейін сатылатын билеттер арқылы өтеуді жоспарлаған еді. Алайда Бүкіләлемдік көрмені тамашалаушылар қатары оны ұйымдастырушылар күткендей көп болған жоқ. Орта есеппен күніне көрме қалашығын аралауға 13 мың адам келетін болса, оның тек 7400-і ғана павильондарға кіруге билет сатып алды. Хэмптон-Роудстағы Бүкіләлемдік көрмені президент Теодор Рузвельт салтанатты түрде ашып, осы шараға байланысты ұйымдастырылған әскери-теңіз парадына төрағалық жасады. Ұйымдастырушылардың кемшілігінен Бүкіләлемдік көрме өз жұмысын бастаған алғашқы күннен-ақ көпшіліктің қызығушылығын туғызбады. Осы жағдайды түзеу мақсатында барлық штаттарға көрме қалашығында өздерінің павильондарын тұрғызуға тапсырма берілді. 10 маусым күні Теодор Рузвельт тағы да көрме қалашығына келіп, өзінің анасы тұратын үйдің үлгісімен салынған Джорджия штаты павильонының алдында тұрып, жиналғандарға арнап сөз сөйледі. Міне, осындай шаралардың нәтижесінде 21 штат көрме қалашығындағы павильондар құрылысын қаржыландырды. Сөйтіп, көрме қалашығында Пенсильвания павильоны, Вирджиния сарайы деген атаулармен әрбір штаттың құрылыс нысандары бой көтерді. Вирджиния штатында сегіз ай бойы желбіреген Бүкіләлемдік көрме жалауы түсірілді. Ұйымдастырушылар тарапынан жіберілген қателіктің салдарынан Халықаралық көрме қаржылық жағынан күйреуге ұшырады. Шығын бірнеше миллион доллардан асып түсті. Алайда бұл көрме АҚШ-қа, атап айтқанда, Хэмптон-Роудс елді мекеніне басқа жағынан бедел әкелді. 1917 жылы 28 маусымда АҚШ-тың кезекті президенті Вудро Вильсон 2,8 млн. долларға көрме қалашығы орналасқан аумақты және оның нысандарын сатып алды. Кейіннен бұл жерге әскери-теңіз күштерінің жүк түсіретін айлағы және қоймалары қоныс тепті. Қазір бұл әскери-теңіз күштерінің әлемдегі ең ірі базасы орналасқан орталық болып саналады. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».«Жастар» Сарайының жарты ғасырлық мерейтойы тойланды
Елорда • Кеше
«Egemen Qazaqstan» газетінің тілшісі «Дарын» сыйлығын иеленді
Мәдениет • Кеше
Алматы • Кеше
Президент Мәжіліс төрағасын қабылдады
Президент • Кеше