Қаржы • 15 Наурыз, 2022

Микроқаржы нарығы жандана түсті

290 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Микроқаржы нарығы белсенді даму жолына түсті. Дәл қазіргі кезде микроқаржылық ұйымдар қауымдастығы құрамына кіретін 65 ұйым ел аумағындағы бүкіл микронесиенің 87,4 пайызын ұсынып отыр.

Микроқаржы нарығы жандана түсті

Микроқаржылық ұйымдар қауымдастығының басшысы Ербол Омарханов елімізде клиенттерді тиімсіз қаржылық қызметтерден қорғауға және МҚҰ-ны клиенттердің құқықтарын қорғауға бағдарлауға арналған нақты стандарттар кешенін енгізу қажет деп санайды. Оның айтуынша, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдарға заңды сертификат беру клиенттер құқығын қорғауға мүмкіндік бермек. Одан кейінгі маңызды мәселе – этикалық мінез-құлық стандарттарын әзірлеу және енгізу.

– Банк және сақтандыру секторымен салыстырғанда бізде қарыз алушылардың құқығын қорғаумен айналысатын уәкілетті омбудсмен жоқ. Қазір клиенттер мәселесін айтып Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне шағынады, оның шағымын қарауға 3-14 күн аралығында уақыт кетеді. Бұл клиент үшін өте ұзақ уақыт. Ал микроқаржы омбудсмені қаржылық реттеушіге жіберілген МҚҰ-ға қатысты өтініштер мен шағымдардың бүкіл ағынын өз бақылауына алу арқылы клиенттердің шағымдарын жедел қарай алар еді, – деді Е.Омарханов.

Сондай-ақ ол түйткілді жағдайларды шешу және клиенттерді оқыту, қолдау мақсатында қор құру керек деген де ұсынысын айтады. «МҚҰ-ға шағым көп болған сайын оның қорға түсіретін ақшасы да көбейеді. Қор қаржысы клиенттерді оқытуға, қаржылық сауаттылықты арттыруға жұмсалады», дейді қауымдастық басшысы.

Бірінші несие бюросының мәліметі бойынша, 2022 жылдың 1 қаңтарында МҚҰ-лардың займ портфелі 811,1 млрд теңгені құраған.

– МҚҰ-ға қатысты шағымдардың аздығына сүйене отырып, микронесие нарығы әлеуметтік шиеленістің негізгі көзі емес деп те болжауға болады. Сонымен қатар МҚҰ клиенттер депозитін сақтамайды, шот ашпайды, аударым операцияларын жүргізбейді, қаржы жүйесінің тұрақтылығы үшін тәуекелдерді көтермейді. МҚҰ несие портфелінің құрылымында 50 пайыздан астамы – жеке тұлғаларға және ШОБ субъектілеріне кәсіпкерлік мақсаттарға берілген шағын несие­лер. МҚҰ міндеті – банктік қаржыландыруға мүмкіндігі жоқ жеке тұлғаларды несиелеуге сұранысты барынша қанағаттандыру, – деп атап өтті Е.Омарханов.