Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»
Енді сол заңға сәйкес енгізілген өзгерістерге тоқталсақ. Біз бас басылымда былтыр «Білімдіні қолдау – болашақты ойлау» тақырыбында мақала жаздық. Онда білімімен шетелдердегі қатарластарынан оқ бойы озық шыққан олимпиадашы балалар мен оларды даярлайтын мұғалімдердің сайыстарға өз қаражатымен барып жүргенін, нақты қолдаудың керегін жеткізгенбіз. Осы мәселе заңнамамен шешілді. Бұдан былай халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері және олардың тәлімгерлері үшін біржолғы ақшалай төлемдер қарастырылады. Ал халықаралық пәндік олимпиадалардың, сондай-ақ халықаралық орындаушылар конкурстары, спорттық жарыстардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жоғары оқу орындарында тегін білім алуға гранттар беріледі.
Екінші өзгерістің енгізілуіне пандемиядан алған сабақтар себеп болған сыңайлы. Ендігі жерде жоғары білім беру жүйесіне жаңа онлайн оқыту формасы енгізіледі. Соған сәйкес ЖОО-лар оқытудың онлайн түрінде белгілі бір оқыту бағыттары бойынша кадрларды даярлай алады.
Осы және өзге де өзгерістер жайлы Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің Facebook-тегі ресми парақшасында: «Онлайн оқыту форматы – заман талабы. Бұл ретте біліктілік талаптарына сай оқытудың белгілі бір бағыты бойынша (прокторинг, ақпараттық жүйе, цифрлы контент, кадрлар және т.б.) жеке лицензия алу міндеттеледі. Келесі өзгеріс мектеп оқулықтарына қатысты. Қазақстан тарихы мен Дүниежүзі тарихы оқулықтары енді еліміздің барлық мектебі үшін бірыңғай және базалық болады. Яғни бір оқу бағдарламасы және бір негізгі оқулық. Сонымен бірге 2016 жылға дейін болғандай, басқа пәндер бойынша оқулықтардың балама нұсқалары болады. Енді стипендиялар студенттердің шоттарына тікелей төленеді деп жоспарланып отыр. Осыған дейінгі ЖОО-ға аударатын жүйе болмайды. Уәде бергеніміздей жоғары оқу орындарының гранттары үшін қаржыландыру да студенттерге тікелей жолдама ретінде беріледі. Ал кейін қаржыны студенттердің өздері жоғары оқу орындарына төлейді», деп жазды.
Министрдің мәлімдеуінше, заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғары білім деңгейі бойынша жаңадан берілетін лицензиялар үшін 5 жыл мерзім белгіленеді. Бұған дейін оның нақты мерзімі көрсетілмеген еді. Мәселен, 1992 жылы алынған лицензия барлық өзгеріс пен жаңа шарттарға қарамастан жарамдылық күшін сақтап келді. Бүгінге дейін мемлекет лицензия мерзіміне қатысты талап қоймаған. Толық лицензиясынан айырылып жабылған жоғары оқу орындарының студенттерін және олардың жеке істерін басқа университеттерге ауыстыру, оқуын аяқтамаған немесе қорытынды аттестаттаудан өтпеген тұлғалардың жеке істерін, сондай-ақ осыған дейін білім беру ұйымында оқуды аяқтаған тұлғалардың жеке істері мен білімі туралы құжаттарының көшірмелерін мемлекеттік мұрағатқа уақтылы тапсыру үшін жауапкершілік енгізіледі.
«Колледждерге академиялық еркіндік беріледі. Бірнеше жыл бұрын біз бұл реформаны жоғары білім деңгейінде жүргіздік. Енді колледждердің білім беру бағдарламалары жалпы білім беретін пәндерінің циклін қоспағанда, министрлік бекіткен типтік жоспарлар мен бағдарламалар емес, кәсіптік стандарттар мен жұмыс берушілердің талаптары негізінде құрылады. Мұғалімдердің міндетті біліктілік арттыру курстарынан өту мерзімі де өзгеріп жатыр. Қазір 5 жылда 1 рет, 3 жылда кемінде 1 рет өту ұсынылады. Бүгінде бәрі жылдам өзгереді, сондықтан мұғалімдердің де өз біліктіліктерін жиі арттырғаны абзал», деді министр А.Аймағамбетов.