Аймақтар • 15 Наурыз, 2022

Ортақ үйдің тірлігі ойласқанда бітеді

240 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қай шаһардың да тіршілігі туралы сөз қозғала қалғанда «Қала – ортақ үйіміз» деген ұранның айналасында ғана қалып қоятынымыз бар. Кейде әйгілі әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындарынан» мысал келтіре қоямыз. Бірақ осыдан мың-сан шаруасы түгесілмейтін қала тіршілігіне сеп бар ма? Жалпы облыс орталықтары қалай тіршілік етіп жатыр? Моноқалалар жағдайын жиі айтамыз, ал облыс орталықтарының ахуалы қалай? Мысалы, Қызылорда қаласында көп мәселе Қоғамдық кеңестер арқылы шешімін тауып, оң бастамалар жүзеге асып жатыр.

Ортақ үйдің тірлігі ойласқанда бітеді

Қоғамдық кеңес – көп мәселенің шешімі

Қала тіршілігін жүйелеу үшін құрылған Қоғамдық кеңестің жобасы түзілгенде-ақ шаһар 14 аумаққа бөлініпті. Әрине, әр аумаққа ел ішінде беде­лі бар азаматтарды жетекші ету ой­ластырылған. Бұл шаһар тұрғын­да­ры үшін маңызды мәселені айқын­дап, талқыға салып, дұрыс шешім қабыл­дау­ға қажет. Ел ішінде қордаланып жатқан мәсе­ле көп, оны екінің бірінің қала бас­шы­лығына жеткізе бермейтіндігі және анық. Осындайда көптің көке­йін­де­гіні айтатын, ақыл қосатын Қоғамдық кеңес керек.

– Бұл тәжірибені Сырдария ауданын басқарып отырған тұста қолға ал­ғанбыз. Жасыратыны жоқ, әуелгіде оны түсінбегендер көп болды. Бес жарым жыл ішінде кеңес барлық салаға араласып, талай өзекті проблемаларды талқылады. Басқасын былай қойғанда әскерге барудан жалтарып жүргендер жайын да кеңес талқысына салдық, – дейді қала әкімі Ғанибек Қазантаев.

Сырдарияда сыналған бастама Қы­зылор­да­да да оң нәтижесін беруі керек. Мы­салы, қазір облыс орта­лы­ғын­дағы басты мәселе – қоғамдық көлік жайы. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, осы проблема жайлы жазбадан аяқ алып жүре алмай қалған кездер де болған. Қазір шамалы саябырсыды. Мысалы, қала ішінде жолаушыларға қызмет көрсететін «Қызылорда автобус паркі» атты мекеме бар. Ондағы автобустар 5-ақ бағытта жүреді. Шынын айту керек, аялдамаға кешігіп келетін, сирек қатынап, жұрттың жүйкесіне тиетін де осылар. Кейде «Неге келмей жатыр?» деп тыз ете қалғанымызбен байыбына барсақ, олардың да ерігіп жүрмегеніне көз жеткізу қиын емес. Мысалы, маршрут ұзақ. Кейбір бағыттардағы көліктер күніне 300-400 шақырым жол жүреді. Күнделікті мұндай жүріске шыдас бермей, бұзылып жатқан автобус көп. Қалған 21 маршрут жеке тасымалдаушылар иелігінде. «Өзім дегенде өгіз қара күшім бар» дегендей, жекелер қалайда тұтынушының көңілін табуға тырысады. Парк меншігіндегі автобустар мен жеке тасымалдаушылар бағасы бірдей – 90 теңге. Негізі, бұл 126 теңге болуы керек. Қала әкімдігі қойған баға үстіндегі айырмашылық тасымалдаушыға субсидия түрінде беріледі. Бұл мәселе де алдымен Қоғамдық кеңесте талқыланып, артынша жауапты мекемелер қарады. Одан кейін тәуелсіз сараптама жасалды, тиісті министрлік талқысынан өтті. Табаны күректей төрт ай зерттелген жобаны мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады.

Ендігі қалған шаруа жеке тасы­мал­даушыға тікелей байланысты. 1 млрд теңгелік субсидияның талабы бо­­­йынша, тасымалдаушылар элек­трон­ды билет енгізуі керек. Көлік ие­­сінің қанша адам тасымалдағаны осы арқылы анықталады. Одан бөлек, жо­лаушылар да автобустың қозғалыс бағытын, аялдамаға келетін уақытын біліп отырғысы келеді. Ол үшін қа­жет­тісі – GPS. Қала әкімдігі осыны кө­лік қызметіндегі тасымалдаушылар­мен кездесіп, түсіндірді. Осы та­лап­­тарды орындағандар субсидия ала алады. Ал бұл талапты айналып өтіп, түрлі айла-шарғымен ақшалы бол­ғы­сы келетіндердің дегені болмайды. Өйткені субсидияның талабы ашық­тық.

– Бұл субсидияның ауыл шаруа­шы­лы­ғындағы тыңайтқышқа, жанармайға, суға төленіп жатқан субсидиядан айыр­машылығы жер мен көктей. Агроса­ла­да­ғылар жаңағы қаржыны алғанымен де күрішін белгіленген бағамен сатпайды ғой. Нарықтағы құнмен қымбатқа саудалайды. Ал көлік қызметіне жұмсалып отырғаны нағыз субсидия. Бұл жолаушы тасымалы құнының қалтаға қоным­ды, сапасы ел көңілінен шығуы үшін жа­салып жатқан қадам, – дейді қала бас­шысы.

Жалпы, кеңесте талқыланған мәселе көп. Мысалы, дария жағалауына орын тепсе де аяқ су жетпей қақсып отырған қаланы суландыру үшін ұңғымалар қа­зуда, коммуналдық қызметті жолға қо­йып, шаһар іргесіндегі күні-түні жанып жат­қан қоқыс мәселесін шешуде көп болып кеңесудің пайдасы тиді.

«Мейірімді Қызылорда» қандай қор?

Әдетте қазақтың демографиялық өсіміне дем беріп отырған осы оңтүстік өңір. Әсіресе, Түркістан, Қызылорда облыстары. Бұл мәселенің тағы бір қыры – әлеуметтік қолдаудың үстінен көмек сұ­райтындардың көптігі. Олардың ішін­де шын мұқтаж да, жорта жоқшылық жолына түскендер де бар екені тағы рас. Осының аражігін ажырату үшін қала басшылығы кәсіпкерлер, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау са­ла­лары өкілдерінің басын қосты. Бас-аяғы 20 күнге жетпейтін уақыт ішін­де жоғарыда айтылған қор дүниеге кел­ді. «Мейірімді Қызылорда» қоры жө­нін­де тұрғындармен кездесуде тү­сін­­дірме жасалды. Өтініш берген адам­­ның әлеуметтік жағдайын комис­сия тексереді. Ең бастысы, қала басшы­лы­ғының ұсыныс бергеннен басқа қор жұмысына қатысы болмайды. Ко­мис­сия дұрыс деп тапқанның өзінде арыз берушінің қолына қолма-қол ақша бе­ріл­мейді. Сұраған дәрі-дәрмегін, басқа да көмегін алады. Бұл әкімдікке айғайды салып кетсе, ақшасыз қайтпайтынына үйренгендер үшін қиын болды. «Көрген жерде ауыл бардың» ізімен сөйтіп келгендердің біразын бейнежазбаға түсіріп, кейбіріне әкімшілік іс қозғап, айыппұл салынды. Осылайша нақты көмекті қажет ететіндер іріктелді. Бірақ әлі де «бере берсе, ала берсем» дейтіндер табылып қалып жатыр.

– Мысалы, кешегі қаңтар оқиғасынан кейін қамалған екі көпбалалы ана есіңіз­де шығар? Солардың мәселесімен келген мамандарға қордан қаншалықты кө­мек алып отырғанын көрсеттік. Ал­ған киім-кешегі, азық-түлік, дәрі-дәр­ме­гі, тіпті емделуге байланысты басқа қала­ларға берілген квоталар есебін ұсындық. Олардың атаулы әлеу­меттік кө­мек алып отырғанын да ұмыт­па­ңыз. Мә­селе бірден шешілді. Бізге «Қа­зақ­стан халқына» қорының мамандары хабарласып, тәжірибе алмасып отыр, – дейді Ғанибек Қонысбекұлы.

Ел есепке сене ме?

Биыл қала әкімдігі халықпен кез­де­су­лерді жаңа форматта ұйым­дас­тырмақ ойда. Жұрт біліп отырған жұмысқа сағаттап баяндама арнау артық, тіпті бос уақыт өлтіру. Сондықтан да әкімдік атқарылған жұмысты қысқаша бейнебаян арқылы көрсетіп, кездесуді сұ­рақ-жауап, талқылауға арнауды жөн кө­ріпті. Жұртқа сөз емес, нақты істің нәтижесі қызықтырақ. Сонда ғана ел есепке сенеді.

Нақты іс демекші, былтыр қала басшысы Жастар орталығында кейінгі толқын өкілдерімен кездесу өткізген. Жас­тардың жұмыспен қамтылуы тал­қы­ланған осы жүздесуден кейін қала­лық әкімдіктің мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі мамандық алғандарды мек­емелерде іс-тәжірибеден бастап жұ­мысқа орналастыру жолдары қарас­тырылыпты. Осы жылы қала­да­ғы кол­ледж­дерді бітіретін бала саны бел­гілі, ендігі міндет солардың жұмыс­қа қабылдануына жағдай жасау. Бұл үшін қала әкімдігіндегі мамандар меке­ме­лерден бастап мейрамханаларға дейін ұсыныспен шықты. Қуанарлығы, жұ­мыс берушілердің көпшілігі жас мамандарды қабылдауға әзір.

Қызылордаға арнайы келген түр­кия­лық DEMS constraction және Tremesheli Holding компанияларының басшы­ларына да осындай ұсыныс айтылды. Жиырма жылға жуық шетелдерге инвестиция салып келе жатқан компаниялар кәсіптік оқуды тәмам­даған қызылордалық жас мамандарды қайта даярлап, жұмысқа қабылдауға қар­сылық танытып отырған жоқ. Об­лыс орталығынан 9 және 14 қабатты тұрғын үй кешенін салуға ниет білдіріп отыр­ған компания сапында жергілікті жастардың жұмыс істеп, табыс тапқаны өздеріне, ал тәжірибе жинақтағаны бізге жақсы.

«Жауырды жаба тоқымдағаннан» енді еш пайда жоқ. Жалған ұран мен жадағай мадақтың күні өтті. Етек басты ескіліктен арылудың бірден бір жолы – көппен кеңесіп, ел айтқан ұсынысты ұтымды іске айналдыра білу. Бүгінгі күннің талабы осы.

 

ҚЫЗЫЛОРДА