Сұхбат • 15 Наурыз, 2022

Айдын Бикебаев: Мықты адвокатурасыз Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес

688 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Қаңтар қырғынынан кейін құқықтық көмекке зәру болған қарапайым халықтың ең көп жүгінгені – адвокаттық қызмет. Осы оқиғалар кезінде, әсіресе тегін қызмет көрсететін адвокатқа сұраныс артқаны анық. Қазақстанда қазіргі таңда 5700 адвокат бар екен. Олардың қаншасы мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасы бойынша жұмыс істейді? Тәуелсіз адвокатура құрудың алғышарты қандай? Жаңа Қазақстанға қандай адвокатура қажет? Республикалық адвокаттар алқасының төрағасы Айдын Бикебаев «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында осы қызметке қатысты өзекті мәселелерді ашық жеткізді.

Айдын Бикебаев: Мықты адвокатурасыз Жаңа Қазақстан құру мүмкін емес

– Айдын Жолшыұлы, қаңтардағы оқиғалар кезінде Республикалық адво­кат­тар алқасының бастамасымен же­дел желі ашылып, халыққа тегін құ­қық­тық көмек көрсетіп жат­қа­ны жайлы ақпарат айтылды. Бұл жұмыстың нә­тижесі қандай?

– Адвокаттық қоғамдастықтың же­тек­шісі ретінде 5 қаңтарда Facebook-тегі блогымда әріптестерімді қаңтар оқи­ғалары кезінде ұсталғандарға тегін заң­герлік көмек көрсетуге шақырдым. Ең бастысы – адвокаттардың адам құ­­қық­­та­рын бұзуға жол бермеуі керек екенін, шерушілердің барлық та­­лап­тары бейбіт жолмен шешіліп, алаң­­ға шыққандар тарапынан зиян кел­ті­ру­ге жол бермеу қажеттігіне ерекше мән бердім. Интернет қалпына кел­ті­рілгеннен кейін 10 қаңтарда Рес­пуб­ли­калық адвокаттар алқасы бар­лық бұ­қаралық ақпарат құралдары ар­қы­лы елі­міздің әр облыс орталығында жедел желілердің іске қосылғаны туралы ха­барлады. Адвокаттардың ауқымды жұ­мыстарының нәтижесінде мыңдаған азамат білікті заң көмегін алды.

Бірқатар танымал адвокаттың бастамасымен қоғамдық комиссиялар түзілді. Осы­н­дай тәуелсіз комиссияның бірін адво­каттар Абзал Құспан мен Мәди Мырзағараев құрды. Бізден көмек сұ­ра­ған­нан кейін оларға тағы бірнеше адвокатты бекітіп, техникалық қолдау көрсеттік. Осы тұста бұл комиссияның жұ­мысына араласпағанымызды, сон­дай-ақ олардың міндеттерін өзімізге алма­ғанымызды атап өткім келеді. Республикалық адвокаттар алқасы – адвокаттардың мүдделерін іл­ге­рілетумен және олардың кәсіби құ­қық­тарын қорғаумен айналысатын кә­сі­­би ұйым. Бұл біздің басты миссия­мыз болғандықтан осындай бағытты ұстанамыз.

– Сіз өткен жылдың қараша айын­да Республикалық адвокаттар алқа­сы­ның төрағасы болып сайлан­ған­да қа­зақ­стандық адвокатураны дамы­тудың жаңа жоспарын ұсынған едіңіз. Қа­зіргі уа­қытта бұл идеялар қан­ша­лық­ты іске асырылып келеді?

– Ел Президенті 2021 жылғы 25 ақ­пан­да Ұлттық қоғамдық сенім кеңе­сі­нің V отырысында сөйлеген сөзінде мық­ты және тәуелсіз адвокатурасыз құ­қықтық мемлекет құру мүмкін емес екенін айтты. Мемлекет басшысының осы тапсырмасын сапалы іске асыру үшін адвокаттардың құқықтары мен адво­­­каттық қызмет кепілдіктеріне түбе­гей­лі өзгерістер қажет. Сол себепті де жұ­мысымызды адвокатураны дамыту тұ­жырымдамасын жазудан бастадық. Бұл құжаттың жобасын қазір бүкіл адвокаттық қауымдастық талқылауда.

Екіншіден, барынша оң нәтижеге қол жет­кізу үшін Республикалық адвокаттар алқасы органдарының жұмысын дұрыс жолға қоюымыз қажет болды. Бұл ба­ғыт­та біз өз органдарымыз­ды күшей­ту жұмыстарын қолға алдық. Соның нәти­же­сінде таяуда нақты мақсат­та­ры бел­гі­лен­ген іс-қимыл жоспары жасалып, ал­дағы уақытта тиімді жұмысқа ба­ғыт­тал­ған алқа органдары жасақталмақ.

Сонымен қатар күн сайын атқарылып жатқан басқа да жұмыстар жетерлік. Атап айтқанда, сот жүйесі, құқық қорғау органдарының басшыларымен бірқатар кездесу өткіздік. Әр басқосуда өзара мәсе­лелерді шешу үшін тұрақты жұмыс топтарын құру туралы келіссөздер жүр­гі­зілуде. Кей органдармен жұмыс барысында қарым-қатынас орнаттық, ал кейбіреулерімен біз қалағандай байланыс тез түзіле қойған жоқ. Әсіресе, біздің ұсыныстарымызға тез жауап беріп, барынша қолдау көрсеткен Жоғарғы сот төрағасы Жақып Асановты атап өткім келеді. Қазіргі таңда шешімін тапқан мәселелердің алдыңғы қатарында – заңда белгіленген ең жоғары шекте мүліктік даулар бойынша өкілдік шығыстарды толық өтеу жөніндегі Жоғарғы соттың нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Біз Әділет министрі Қанат Мусинмен сындарлы қарым-қатынас орнаттық. Әділет ми­нис­трлігінің ұйытқы болуымен 11 нау­рыз­да депутаттар мен мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен дөң­гелек үстел өткіздік. Осы басқосудың қорытындысы бойынша адвокаттардың ең өзекті мәселелерін шешудің Жол картасы қабылданды. Нақты нәтижелерге қол жеткіземіз деген сенімім мол. Сондай-ақ біз Парламент Мәжілісінің жұмыс топтарында, Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық үкіметтік комиссияда және басқа да жұмыс органдарында белсенді жұмыс жүргізіп келеміз.

– Адвокатураны дамыту тұжырым­да­­масының жобасында көптеген мәселе кө­те­­ріліп, мақсаттар айқындалған. Құ­жат­­­та көрсетілген өзекті әрі басты ба­ғыт­­­тың бірі – Президенттің мық­ты жә­не тәуелсіз адвокатура құру жөнін­де­­гі тапсырмасын іске асыру. Бұл жө­нін­­де өз көзқарасыңыздың маңызды тұс­­­тарын атай аласыз ба?

– Біз Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жаңа Қазақстан құру жөніндегі баста­ма­­сын қолдаймыз. Осыған орай Жаңа Қазақстанда адвокатурада да өзге­ріс­тер жасалуы тиіс деп санаймыз. Сон­дық­тан біз қазақстандық адвокатураны дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған тұжырымдамасын «Жаңа Қа­зақ­стан – жаңа адвокатура» деп атадық. Тұ­жырымдама 16 бөлімнен тұрады, олар­дың әрқайсысында адвокатураның нақ­ты бір мәселелері және оларды шешу жол­да­ры ашық көрсетілген. Бұл маңызды мәселелердің ішінен біреуін ғана бөліп-жарып қарастыру қиын. Өйткені құжатта айтылған сұрақтардың барлығы біз үшін өте маңызды. Сонымен қатар идеялар бір-бірімен өзара байланысты. Қысқаша тоқталар болсам, мына мәселелерді атап өтуге болады: адвокатураны мықты ету үшін ең ал­д­ымен Республикалық адвокаттар ал­қа­сы тек адвокатураға емес, сот жүйе­сі мен құқық қорғау органдарына да қатысты шешімдер қабылдауға қатысу мүмкіндігіне ие болуы керек. Сол себепті де РАА-ны одан әрі күшейтуді қалаймыз. Бұл бағыттағы жұмыстың басым бөлігі өзімізге байланысты екені түсінікті, алайда кейбір мәселелерді шешу үшін бізге мемлекеттің де қолдауы қажет. Адво­ка­тураның өзін-өзі басқаратын ұйым­да­рына адвокаттарға қатысты кәсіпке және тәртіптік іс жүргізуге рұқсат беруге бай­ланысты мәселелер бойынша ай­рық­ша құзырет берілсе дейміз. Сон­­дай-ақ адвокатураға, құқық қорғау орган­дары мен сот жүйесіне қатысты бар­лық заң жобаларының сараптамалық қорытынды алу үшін міндетті түрде бізге жіберілгенін қалаймыз. Мұндай тәжірибе «Атамекен» ҰКП үшін кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қозғайтын мәселелер бойынша қолданылып жүр.

Тұтастай алғанда, адвокатураның мем­­лекет қабылдайтын шешімдерге ық­па­­лын күшейтудегі басты мәселе біз­дің мемлекеттік органдармен салыс­ты­руға келетін аппарат пен ресурстардың жоқ­тығымен тікелей байланысты. Осыған орай біз адвокаттарды қоғамдық негіз­де жұмысқа тартамыз. Бізге адво­ка­ту­раның, адамның құқықтары мен бос­тан­дық­тарының, құқық қорғау органдары мен сот жүйесінің мүдделерін қозғайтын барлық қоғамдық кеңестер мен осыған ұқсас өзге де органдардың құрамына енгізуде мемлекеттен қолдау қажет.

Адвокат тәуелсіздігіне қатысты қағи­да заңда айқын белгіленген. Десек те іс жүзінде адвокаттарға көбіне-көп сырттағы ықпал әсер етпей қоймайды. Сондықтан да адвокаттардың шынайы тәуел­­сіз­дігін қамтамасыз ету үшін нақ­­ты өз­ге­рістер қажет. Ең бастысы – адво­кат­­­­тар­дың мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде көрсетілетін істер бойынша қылмыстық процесті жүргізетін органдарға тәуелділігін жою қажет. Екін­шіден, құқық қорғау органдары РАА-ның аумақтық алқалары және заң кө­ме­гінің бірыңғай ақпараттық жүйесін ай­налып өтіп, мемлекет кепілдік берген заң көмегі шеңберінде таныс адвокаттарды тағайындау тәжірибесін тоқтатуға тиіс. Үшіншіден, адвокаттар­ды жедел іздестіру қызметін жүзеге асы­ратын органдармен құпия негізде ынтымақтасатын адамдар ретінде тар­туға заң жүзінде тыйым салу қажет. Сондай-ақ адвокаттарға қатысты алдын ала тергеу және арнайы жедел іздестіру іс-шараларын жүргізу тек соттың немесе Бас прокурормен оның орынбасарларының санкциясымен жүр­гі­зілгені туралы ережеге заңнамалық түр­де тыйым салу қажет деп санаймыз.

Адвокаттардың құқықтарын бұзу, қорқыту және қысым көрсету, жауап алу, адвокатты тінту фактілері, сондай-ақ адвокаттық қызмет кепілдіктерін өзге де бұзушылықтар бойынша шағым­дар­ды қараудың арнайы тәртібін заң­намалық түрде айқындау қажет. Мұндай шағымдардың ақ-қарасын зерделеу кезінде адвокаттың іс-әрекеттеріне ша­ғым жасаған органның қарау мүмкін­дігін алып тастаған жөн.

Адвокаттық қызметтің тиімділігі өзге де көптеген ережеге тікелей бай­­ланысты. Сот процесінде шынайы жа­рыспалылық пен тең құқықты қам­тамасыз етуді, дәлелдемелер жинау, ақпаратқа қол жеткізу жөнінде нақ­ты құқықтар беруді қоса алғанда, адво­кат­тар­дың құқықтық мәртебесін нығайту, адво­каттардың мемлекеттік құпияларға қол жеткізу тәртібін де қайта қараудың маңызы өте зор.

– Конституциямызда барлық аза­мат­­­тардың білікті заң көмегін алу құ­қы­­­­ғына кепілдік берілген. Сондай-ақ мем­лекеттен адвокаттардың халық­­тың әлеуметтік қорғалмаған топта­ры­­ның құқықтарын қорғау жөніндегі ж­ұ­­мы­сына ақы төлеуге қаражат та бө­лі­неді. Алайда бұл бағытта да шеші­мін таппаған мәселелер жиі айтылып жүр...

– Рас, белгілі бір санаттар бойынша азаматтардың адвокатқа құқығы бар. Заң бойынша бұл кезде оның еңбекақысын мемлекет төлейді. Бұл – мемлекеттің әле­у­меттік және құқықтық екендігінің ма­ңызды көрсеткіші.

Адвокаттардың басым көпшілігі өз­де­ріне жүктелген конституциялық-құ­қық­тық міндеттің орындалуына үлкен жауапкершілікпен қарайды. Десек те, соңғы екі жылда мемлекет кепілдік берген заң көмегі бағдарламасы бойынша жұмыс істейтін адвокаттар санының бірден екі есеге азайғанын байқауға болады. Мұның себептері өте көп. Соның ішінде ең бас­тысы – адвокаттар жұмысын жеткіліксіз қаржыландыруға келіп тіре­ле­ді. Біздің есеп­теуіміз бойынша орташа есеппен адвокат бір іс үшін 20 мың теңге алады. Бірақ бұл қаржы жоғары интеллектуалды, түрлі қиындықтар мен қауіп-қатерлерге толы жұмыс үшін өте мардымсыз сома. Сонымен бірге бұл ақшаны алу үшін адвокат тергеушінің немесе судьяның қолы қойылған төлем құ­жатын алуы керек. Бұл адвокаттың про­­цессуалдық қарсыласы мен судьяға тегеу­рінді қарсы тұру мүмкіндігін жоқ­қа шығарады. Яғни адвокаттар тер­геу­­шілерге тәуелді. Есептеп қарайтын бол­сақ, қылмыстық істердің жетпіс па­йы­зын­да азаматтарды қорғайтын адвокаттар тергеушіге осындай айқын тәуелді. Демек, осының өзі аталған мемлекеттік бағ­дарламаны түбегейлі қайта қарау қа­жет­тігін аңғартады.

– Тұжырымдамада «адвокаттық монополия» деген бұрын-соңды көп айтыла бермейтін терминді кездестіруге болады. Адвокаттардың осы моделі туралы толығырақ айтып берсеңіз.

– Посткеңестік кеңістікте барлық жеке заңгерлерді адвокатураға біріктіруді «адвокаттық монополия» деп атады. Бұл термин іс жүзінде дұрыс емес. Құқықтық ғылым мен экономикалық теориядағы мо­нополияның классикалық анық­та­ма­сынан айырмашылығы, адвокат­тық қызметті мамандандырылған заңда бел­гі­ленген өлшемдерге сәйкес келетін кез келген адам таңдай алады. Яғни бұл сөз­дің тура мағынасында монополия емес.

Адвокаттық монополия енгізу – ха­лық­­аралық талаптарға жауап беретін мық­ты адвокатураға жол ашады. Егер түп мағынасы туралы айтатын болсақ, елі­мізде адвокаттардан бөлек, олардың қызметіне мемлекет лицензия береді, сонымен қатар адвокатура өзін-өзі басқару органдарының қатаң бақылауына жатады, заң кеңесшілері заңгерлік көмек көрсетумен айналысады. Бүгінгі таңда 70-тен астам заң кеңесшілерінің палатасы бар. Әр палата өз ережелерін бекітіп алған. Мүше болу үшін олар бір-бірімен бә­секеге түседі. Мұндай жағдай әлем ел­дері қабылдаған стандарттарға сәйкес келмейді.

Еуропа Кеңесінің құқығы арқылы де­мо­кратия үшін Еуропалық комиссия (Венеция комиссиясы) 2021 жылы 15-16 қазанда өткен отырысында бізге ұқсас жағдайда Словакия Үкіметіне бір ұйым құру туралы ұсыныс берді, сондай-ақ көптеген палатаның құрылуы олар­дың саяси клубтарға айналып кету қаупін тудыратынын да атап өтті. Заң қо­ғам­дас­тығы мен мемлекет бұл мәселеде өзара түсі­ністік табады деп үміттенемін. Сон­дық­тан да болашақта әлемнің дамыған елдерінің жолымен жүреміз.

 

Әңгімелескен

Бану ӘДІЛЖАН,

«Egemen Qazaqstan»