Өнер • 15 Наурыз, 2022

Таңғажайып «Тартылыс»

387 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгінде қазақ бейнелеу өнеріне талантты жастар легі келді. Солардың бірі – Оралбек Қабөке. Оның туындылары ұлттық калоритке байлығымен ғана емес, жылы әсерге толы әсемдігімен, түпсіз тереңдігімен ерекшеленеді. Айталық, суретшінің «Тартылыс» атты картинасын қараңызшы. Ақ сақалды қарияның құшағында мамыражай ұйқыда жатқан сәбилердің бейнесін көріп, халқымыздың «бала – бауыр етің» дейтін ғажайып философиясын бояу сырымен жеткізген шеберлігіне тәнті боласыз.

Таңғажайып «Тартылыс»

Сондай-ақ автор мұнда түрлі зобалаң мен зұлматты көрсе де, келешектен үміт үзбей, ұрпағын аман сақтап қалған қазақтың текті болмысын айшықты бей­не­леген. Жалпы, қылқалам ше­бе­рінің шығармашылығында ұлт тарихы, салт-дәстүр, отбасы, туған жер тақырыптары кеңі­рек қамтылған. Мәселен, «Та­рихпен бірге» атты картинада заманауи киінген қазақ ба­ла­сының көнеден сыр бүккен балбалтастардың ортасында та­рихтан сыр шертіп тұрған бей­несін бүгінгі уақытпен шебер үй­лестіре білсе, «Магнит» деген ең­бегінде адамның қай қиырда жүрсе де, қасиетті Отаны мен ата-бабасының кіндік қаны тамған жерге деген сағынышын, тартылыс күшін дәл жеткізген. Со­нымен қатар «Атаның институты», «Жасыл текемет», «Құ­рақ», «Берекелі киім» атты жұмыс­тарынан құндылықтардың қадірін білуге, салт-дәстүрді құрметтеуге, ата-ананы сыйлауды айтып қана қоймайды, сол арқылы ұлттық болмысыңды, ерек­шелігіңді сақтауға үндейді.

Белгілі суретші, Қазақстан­ның еңбек сіңірген қайраткері Байтұрсын Өмірбеков оны қазақ бейнелеу өнеріндегі жас буын­ның беделді өкілі дей келіп:

«Суретші өз картиналарына тақы­рып іздеп, қиядан асып, ел шеті­не шы­ғып кетпейді. Өмір мен болмыстың заң­­ды­лық­­тарын ата дәс­түрден, ұлт­тық тұр­­мыстың ғасырлар бойы сын­нан өтіп, дәлелденген қарым-қатынасы­нан, жан дү­ниенің қоңыр қобыз са­рынындай мың құбылысы бар иірімдерінен іздейді» десе, танымал суретші Лейла Махат: «Оралбек – өмірге өзгеше қарайтын суретші. Ол туған халқының тарихы мен дәстүрін жетік біледі. Оның шы­ғармаларынан өнерге адалдығы көрініп тұрады» деп баға беріпті.

Біздің кейіпкеріміз бала күні­нен өнерге жақын болып өскен. Бір сөзінде «Егер суретші болмасам, әдебиетші болар едім» деп айтыпты. Кейін Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түсіп, сондағы ұлағатты ұстаздарынан бейнелеу өнерінің қыр-сырын үйренеді.

«Біз қазір уақытпен жарысып күн кешіп жатырмыз. Әрбір өнер адамы өзі өмір сүрген уақытты бедерлейді. Мен де ұлт­тық бейнеден ажырамай, өз дәуірімнің келбетін бейнелеп, хал­қымның болмысы мен адам­заттық философияға қосатын ерек­шелігін көркемдесем» дейді ол.

Бүгінге дейін Оралбек Қабөке­нің Нұр-Сұлтанда «Көзқарас», Алматыда «Іздер» атты жеке көрмесі өтіп, мазмұнды туындыларымен жұртшылықтың ықыласына бөленді. Сонымен бірге «Шетелдегі қазақ жастары және ана тілі» атты халықаралық өнер фестивалінде бас жүлдені иеленсе, Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған рес­пуб­ликалық «Каспий көкжиегі» атты суретшілер байқауында және тағы басқа халықаралық конкурс­тарда топ жарған.