Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
Үнемді пайдалану мәдениеті жетіспейді
Өкінішке қарай, ғаламдық жылыну мәселесінің де уақыт өткен сайын өзектілігі артып, бұл өзендердегі ағындардың азаюы мен сулардың ылғалданып, булану деңгейінің жоғарылауына алып келіп отыр. Бұл аз болғандай, елімізде суды таратып, тұтынушыға жеткізуде әр жерлерде тіршілік көзі 40-60%-ға дейін бей-берекет жұмсалады. Мұндай мәліметті Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Серік Қожаниязов жеткізді.
«Мәселен, экономикалық тұрғыда есептесек, ішкі жалпы өнімнің бір долларына шаққанда елімізде су Ресей және АҚШ-пен салыстырғанда үш есеге, Аустралияға қарағанда алты есеге көп пайдаланылады. Экономика салаларында су ресурстарын пайдаланудың осы үрдісі сақталса, 2030 жылға қарай республикада әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны төмендеуі мүмкін», деді С.Қожаниязов.
Жауапты ведомство өкілінің айтуынша, тиісті заңнаманың жетілдірілмегендігі су ресурстарын тиімді басқаруға мүмкіндік бермей отыр. Мұның салдарынан суды үнемдеу қиындап, сонымен қоса бұл бюджеттен бөлінетін қосымша шығындарға әкеліп соқтыруы ғажап емес.
Жоғарыдағы факторларды ескерсек, келесідей тәуекелдер туындауы мүмкін. Атап айтқанда, ең алдымен климаттың өзгеруіне байланысты су ресурстарының азаюы, трансшекаралық өзендер арқылы келетін су көлемінің көршілес елдердің саясатына тәуелділігі, суды есепсіз және тиімсіз пайдалану, сондай-ақ оны бөлу мен есепке алу процестерінің нашар автоматтандырылуы және цифрландырудың баяулығы. Су ресурстары комитеті мен оның бассейндік инспекцияларындағы штат санының аздығы, су шаруашылығы инфрақұрылымы нысандарының пайдалану мерзімінің аяқталуы және гидротехникалық құрылыстардағы апаттық деңгейдің ұлғаюы, су ресурстарын басқаруда ғылыми сүйемелдеудің жеткіліксіздігі және білікті кадрлардың тапшылығы саланың шатқаяқтауына басты себептердің қатарында.
«Су шаруашылығындағы жағдайды жақсарту үшін тиісті шаралар қабылданып жатыр. Атап айтсақ, «Қазақстан Республикасының су ресурстарын басқару жүйесін одан әрі дамыту тұжырымдамасының» жобасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – су ресурстарының болжамды тапшылығы жағдайында халықтың, қоршаған ортаның және экономика секторларының суға өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру, су ресурстары мен суға сұранысты тиімді басқаруды қамтамасыз ету үшін жағдай жасау.
«Ресурсты басқарумен» қатар «сұранысты басқару» деген новелла енгізіліп, яғни суға деген қажеттіліктерді қанағаттандыру үшін суды аз пайдалану қарастырылады», деді вице-министр.
Цифрландыру – суды үнемдеудің төте жолы
Министрліктің ақпаратына сүйенсек, қазір 212 су арнасын цифрландыруға байланысты жұмыс жүргізіліп жатыр. Олар арқылы 6 млрд текше метр су беріледі. Бұл ауыл шаруашылығында пайдаланылатын судың жартысы.
«Бұл ретте суды қайтарымсыз алу деген түсінік бар. Өзеннен қайтарымсыз алатын су көлемін азайту керек. Ол үшін судың қайтарымды айналымын жабдықтауды іске қосып, кәсіпорындар суды барынша пайдаланып болған соң оны тазартып қайта жіберудің тетігін енгізген тиімді.
Сонымен қатар гидротехникалық құрылыстар мен суару желілерін қалпына келтіріп, жаңғырту қажет. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көңіл бөлген дұрыс. Еліміздегі каналдар, гидротехникалық жүйелер Кеңес өкіметі кезінде салынған. Қазір республикалық бюджет пен халықаралық қаржы ұйымдарының займы есебінен үлкен жұмыстар атқарып жатырмыз. Өкінішке қарай, барлығын бір мезетте аяқтау мүмкін емес. Бұл жұмыстар өңірлерде, негізінен суармалы суды көп пайдаланатын Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында кезең-кезеңімен атқарылып келеді», деді ведомство өкілі.
Саладағы тағы бір өзекті мәселе – су ресурстары және су шаруашылығы ғылыми орталығының жоқтығымен байланысты. Вице-министр айтқандай, ведомствоға қарасты ғылыми-зерттеу институтының жағдайын жақсартып, сараптамалық-ақпараттық орталық құру көзделген. Осы арқылы басқа елдермен келіссөздер жүргізгенде ғылыми түрде негізделген ұстаным қалыптастыруға мүмкіндік береді дейді министрліктегілер. Бұдан бөлек су шаруашылығына қажетті мамандарды даярлап, олардың біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіру мәселесі де маңызды болып тұр.
Құзырлы орган жаһандық климат проблемасының өзектілігі артып тұрған жағдайда қайткен күнде де суды үнемдеу технологиясын жаппай енгізу керек деп санайды.
«Су үнемдеу технологиясы енгізілсе, оның 50%-ы Ауыл шаруашылығы министрлігі арқылы субсидия түрінде берілу жолдары қарастырылмақ. Мысалы, 1 гектар жерге орташа есеппен тамшылатып немесе жаңбырлатып суару жүйесі бар технологияны енгізу үшін 1,6 млн теңге ақша жұмсалуы керек. Соның 800 мыңына Үкімет субсидия береді. Бұл үшін мемлекеттік акті тапсыру керек. Алайда шаруалардың көбінде ақша болмағандықтан қазір басқа да жолдар қарастырылып жатыр, оның ішінде технологияларды арзандату, шланг өндіру сынды жұмыстар іске асырылып жатыр», деді Экология министрінің орынбасары.
Күнгейдегі шаруаларға оңай болмайды
С.Қожаниязовтың пікіріне сенсек, 25 ақпанда Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның Премьер-министрлері кездесіп, Тоқтағұлдан суды көбірек алу мәселесін қарастырыпты. Ал 6-7 наурызда үш елдің энергетика және су шаруашылығы министрліктерінің өкілдері тиісті келісімшартқа қол қойған. Десе де елімізде 3-4 жылдан бері су тапшылығы байқалып келеді. Егер де наурыз-сәуір аралығында жаңбыр жаумай, су молаймаса, биыл оңтүстікте вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтуі мүмкін деп болжануда.
«Суармалы суды пайдаланатын 4 өңір бар. Алматы облысы сырттан келетін суға аса қатты тәуелді емес. Аталған өңірде таулардан, мұздықтардан аққан, еріген сулар суаруға пайдаланылады. Жамбыл облысына келсек, мұнда су көлемінің 74%-ы Қырғызстаннан келетін ағындарға тәуелді. Екі ел сол суды азды-көпті бөлісіп, пайдалануы керек. Айталық, Талас суының 50%-ын Қырғызстан, 50%-ын Қазақстан пайдалануы қажет. Бұл келісімшартта көрсетілген. Сонымен қатар Жамбыл облысында Еуропалық банк займы есебінен суармалы жерлердің көбінде ауқымды жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Сол себепті кей жерлерде айналма канал жасалды. Қырғызстаннан келген аз суды уақытша каналмен жіберген соң, шығын да көп болады.
Ең күрделі жағдай Арал-Сырдария бассейнінде орын алуы ықтимал. Тоқтағұл су қоймасының сыйымдылығы – 19,5 млрд текше метр. Көктемгі вегетация кезеңінде норма бойынша 15 млрд текше метр су болуы керек. Сонда су қырғыздарға электр энергиясын өндіруге, сол секілді қазақ пен өзбектерге суаруға да жетеді. Былтыр 8,7 млрд текше метр су болды. Ал биыл 7,5 млрд шамасында ғана жиналады деп болжануда. Егер де наурыздың соңында немесе сәуірде жаңбыр жаумаса, жағдай қиындауы мүмкін», деді министрдің орынбасары.
Оның үстіне вегетациялық аралық кезеңде, қазанның соңынан бастап биыл сәуірге дейін жыл сайын Шардараға су жиналатын. Биыл мұндай қажетті су жиналмаған. Достық каналына байланысты Мақтаарал мен Жетісайда былтырғы жағдай қайталануы мүмкін. Осы ретте құзырлы орган өкілдері биыл күріш, мақта егуді азайтуға кеңес беріп отыр.