Қазақстан • 16 Наурыз, 2022

Өңірлерді дамыту – өзекті мәселе

707 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Сенатта «Өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы теңгерімсіздікті азайту мақсатында бюджетаралық қатынастарды жетілдіру» тақырыбына арналған Үкімет сағаты өтті. Жиында бюджетаралық қатынастардың проблемалық мәселелері және оларды шешу жолдары талқыланды.

Өңірлерді дамыту – өзекті мәселе

Қазіргі таңда жергілікті жер­дегі әкімдіктер бюджетінің кірі­сіндегі айырмашылықтар – өзекті мәселелердің бірі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы саладағы жағдайды жақсарту үшін бюджетаралық қатынастарды заңнамалық деңгейде реформалауды тапсырған болатын.

«Біздің алдымызда ауқымды міндет тұр. Ол Мемлекет басшы­сының тапсырмасын іске асыру, ең алдымен, біздің бюджетаралық қатынастарымыз халқымызды мемлекет кепілдік берген бірдей қызметтермен шынайы қамтамасыз етуі және бүгінгі күні өңірлердің дамуындағы барлық теңсіздіктерді барынша азайту болып отыр», деді Сенат Төрағасының орынбасары Ольга Перепечина.

Сенат Төрағасы орынба­сары­ның айтуынша, бюджетаралық қаты­настардың тепе-теңдігін арт­тыру үшін бірқатар шара қа­былданды. Атап айтқанда, қаржы­лық дербестікті кеңейту және жер­гілікті атқарушы органдарды өңір­лік экономикаларды дамытуға ынта­ландыру және жергілікті бюд­жеттердің кірістерін ұлғайту бо­йынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

«Трансферттік тетіктер үнемі жетілдірілуде, алайда өңірлер ара­сындағы алшақтықты азайту жө­ніндегі міндеттерді шешуге мүм­кіндік бермейтін бірқатар өзекті мәселе әлі де бар», деп атап өтті Ольга Перепечина.

Үкімет сағатының негізгі баяндамасын Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров жасады. Ведомство басшысы өз сөзінде бюджетаралық қатынастар жүйесі өңірлердің бюджеттік қамтамасыз етілу деңгейін теңестіруге бағыт­тал­ғанын атап өтті. Сондай-ақ Конс­титуция мен заңдарға кепілдік берілген мемлекеттік қызметтер көр­сету үшін тең фискалдық мүм­кіндіктерді қамтамасыз етуге бағытталғанын жеткізді.

«2008 жылдан бастап бюд­жет­аралық қатынастар тұрақты сипат­қа ие және бюджеттік алып қою­лар мен субвенциялардың көле­мі жыл сайынғы өзгерістерсіз үш жылға заңмен бекітіледі. Үш жылдық кезеңге арналған субвенциялар мен алып қоюларды бекіту өңірлер үшін ынталандырушы сипатқа ие және жергілікті маңы­зы бар мәселелерді шешу үшін әкімдерге қосымша кірістерді өз бе­тінше қолдануға мүмкіндік береді.

Жалпы, Бюджет кодексіне сәйкес жалпы сипаттағы транс­ферт­­тердің көлемі жергілікті бюд­жет­тің кірістері мен шығында­ры көлемінің болжамы ара­сын­дағы айырмашылық ретінде айқын­далады. Бізде төрт донор өңір бар. Олар: Атырау мен Маңғыстау облыстары және Алматы мен Нұр-Сұлтан қалалары. Қалған он үш өңір субвенциялық саналады», деді Ә.Қуантыров.

Министрдің айтуынша, 2022 жылға арналған бюджеттік субвенция көлемі 2 трлн теңгеден асады. Мұның мақсаты – мемлекеттің қайта бөлу функциясын орындау, бюджеттік сепаратизмді болдырмау.

«Бюджетаралық қатынас­тар­дың қолданыстағы жүйесі алдың­ғы қатарлы халықаралық тәжірибеге сай келетінін атап өткен жөн. Дамыған елдерде трансферт­тер өңірлерге бюджеттік шығыстар мен кірістер мүмкіндігі арасын­дағы айырмашылықты жабуға бөлінеді. Сондықтан арнаулы сипатқа ие емес. Әлемдік тәжіри­беде көпшілік мақұлдаған осын­дай қадам шығыстарды жергі­лікті бюджеттерге тепе-тең бөлуді қамтамасыз етеді. Тиісінше, бюджет қаражаты есебінен ұсы­нылатын кепілдік етілген мем­лекеттік қызметтер барша өңірдің халқына тең болуы ескерілген.

Бюджетаралық қатынастарды жетілдіру бойынша жұмыс тұрақ­ты негізде жүргізіледі. Нәтиже­сінде, жергілікті бюджеттер пара­метрлерінде оңтайлы өзгерісті байқап отырмыз. Кейінгі үш жылда жергілікті атқарушы органдардың мәліметіне сүйенсек, жеке кірістер бойынша асыра орындау көлемі 117 пайызды құраған. Олардың даму бюджеті 106 пайызға өсті. Орта­лыққа тәуелділік 2019 жылда­ғы 59 пайыздан 2021 жылы 56 па­йызға дейін қысқарды», деді Ә.Қуан­тыров.

Ведомство басшысы жекелеген өңірлердің мақсатты трансферттерге тәуелді болып қалуы үнемі сынға ұшырайтынын атап өтті. Осы орайда, министр әлі де бюджетті игеру жұмысын жетілдіру қажет екеніне маңыз берді. Әйтсе де, үш­жылдық трансфертті жүзеге асыру барысында қосымша құқықтық құжаттар қабылданғандықтан, кей жергілікті бюджеттің орнын толтыруға тура келген.

«Мақсатты ағымдағы транс­ферттердің негізгі көлемі әлеу­меттік салаға тиесілі. Бұлар әлеу­меттік сала жұмыскерлерінің, ішкі істер органдары мен басқа да са­лалар қызметкерлерінің еңбека­қысын арттыруға байланысты шығыстардың шамамен 70 пайызын құрайды.

Бұл шығыстар қолданыстағы үшжылдық трансферттердің кезең­інде қосылды. Олар 2023-2025 жылдарға жалпы сипаттағы транс­ферттерді есептеу кезінде жер­гілікті бюджеттер базасына бері­леді. Мұның жеке өңірлердің тәуел­ділігі өңірлік мәртебенің өзге­руіне байланысты екенін атап өткен жөн», деді Ә.Қуантыров.

Мәселен, Түркістан қаласына түркі әлемінің мәдени-рухани орта­лығы мәртебесін беру Түркіс­тан облысының бюджетін респуб­ликалық бюджеттен қосымша қаржыландыруға әкелген. Бөлінген қаражат жалпы алғанда облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған.

«Сонымен бірге «Ауыл – ел бесігі» және «Дипломмен – ауыл­ға!» бағдарламасы аясында ірі қа­лалардың шетіндегі, моно және шағын қалалардың, сондай-ақ ауылдық елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз ету секілді  жергілікті мәселелер нысаналы трансферттері арқылы шешіліп отыр. Осылайша, бұл жобаларды орталықтан қаржыландыру белгілі бір дәрежеде аймақтардың тәуелсіздігінің әлсіреуіне ықпал етеді», деді министр.

Ә.Қуантыров былтыр өңір­лердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар құжат қабылданғанын атап өтті. Сондай-ақ мемлекеттік жоспарлауды жүргізетін атқарушы орган­дарға жергілікті бюджеттерге түсетін түсімдерге болжам жа­сау әдістемесін әзірлеуге уәкілет­тік берілген. Бұл өңірлердің ерекше­ліктерді ескере отырып, кіріс базасын дербес болжауға жағдай жасайды.

«Кірістерді болжаудың жаңа әдіс­терін, болжау әдісін таңдау кри­терийлерін ескере отырып, бюджет кірістерін болжау әдісте­месі жаңартылды. Бұл кіріс болжа­мының нақты кірістен ауыт­қуын барынша азайтуға бағыт­талған. 2020 жылдан бастап шағын және орта бизнестен корпоративті табыс салығы жергілікті бюджетке берілді.

Осы кезеңде экономикалық белсенділік төмендегеніне қара­мастан, жергілікті бюджеттерге түсімдер 25 пайызға артты. Бұл өз кезегінде әкімдердің жер­гілікті бизнестің дамуына, инвес­ти­циялардың артуы мен салық ба­засының кеңейтілуіне мүдделі еке­нін білдіреді. Бұл факті жергілікті атқарушы органдардың шағын және орта бизнестің дамуы мен олардың «көлеңкелі» айналымнан шығуына қызығушылық танытуы­на байланысты», деді ведомство басшысы.

Жиын барысында Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқа­қов баяндама жасады. Сондай-ақ басқа да спикерлер нақты мысал­дар келтіре отырып, респуб­лика мен өңір деңгейіндегі бюджетаралық қатынастардағы өзекті мәселелер туралы айтты және оларды шешу туралы ұсыныстарын ортаға салды.

Сенаторлар талқылау барысында қазіргі өңірлік сәйкессіздіктерді теңестіруге және өңірлердің кіріс­терін арттыруға бағытталған бір­қатар шара ұсынды. Атап айтқанда, олар бірқатар алым мен төлемді, сондай-ақ жылдық жиын­тық табысы 150 млрд теңгені құрайтын ірі кәсіпкерлік субъекті­лерінің корпоративтік табыс салы­ғын республикалық бюджеттен өңірлік деңгейге беру қажеттігін атап өтті.

Сенаторлар сондай-ақ барлық деңгейдегі бюджет арасындағы кері трансферттерді барынша азайту үшін бюджеттік алымдарды біртіндеп алып тастаған жөн екенін жеткізді. Отырыс барысында айтылған осы және басқа да ұсыныстар Үкіметке жіберілді.