Қоғам • 16 Наурыз, 2022

Мал ұрлығына қарсы шаралар ұдайы жүргізіліп келеді

353 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ел көлемінде наурыз айынан бастап «Мал ұрлығы» жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп келеді. Ішкі істер министрлігінде ұйымдастырылған брифинг барысында Криминалдық полиция департаменті басшысының орынбасары Серік Шалқаров операция кезінде мал ұрлығына қатысты 248 деректің анықталғанын мәлімдеді.

Мал ұрлығына қарсы шаралар ұдайы жүргізіліп келеді

Коллажды жасаған Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

«Күнкөрісінің негізгі көзі мал шаруа­­шы­­лы­ғы болып отырған ауыл хал­қ­ы үшін бұл мәселе өте өзекті екені тү­сі­нік­ті. Сол себепті де ішкі істер орган­да­ры мал ұрлығымен кү­ре­су, оның алдын алу мақсатында кешенді шараларды ұда­йы жүргізіп-ақ келеді. Мәселен, заң­дық тұрғыда үй-жайларға кіріп, бір­не­ше рет мал ұрлығын жасау белгілері ауыр қыл­мыс­тар санатына ауыстырылса, қос та­рап­тың татуласуына байланысты жауап­кер­шіліктен бас тарту мүмкіндігі де алынып тас­талды», деп атап өтті С.Шалқаров.

Ішкі істер министрлігі өкілінің мә­лім­­де­уін­ше, жедел операция бастал­ға­лы бері полиция қызметкерлері мал мен ет өнімдерін тасы­мал­­дайтын 15 мы­ң­нан астам көлікті, 6525 мал және ет өнім­дерін сатып алу, сату орындарына тексеру жүргізген. Сондай-ақ 11 мыңға жуық шаруа қожалықтары, шалғайдағы учас­ке­лер мен фермерлермен арнайы жұмыстар жүргізілген.

«Мал ұрлығын жасады деген күдікпен 221 адам ұсталса, оның ішінде 30 топ бар. Жедел іс-шара нәтижесінде 886 мал басы заңды иелеріне қайтарылды. Оның ішінде 381-і жылқы малы», дейді спикер. Сонымен қатар ветеринария саласында 1353 құқық бұзушылық анықталып отыр. Бұл деректердің дені мал және ет өнім­­дерін тиісті құжаттарсыз тасы­мал­дау және сатуға қатысты болып отыр.

Криминалдық полиция департаменті қыз­мет­керінің айтуынша, министрліктің бастамасымен өңірлерде мал ұрлығының алдын алу шараларын қабылдауды үйлестіретін ведомствоаралық жұмыс топтары құрылған.

Сонымен қатар криминогендік аудан­дарда мобильді бекеттер ұйым­дас­ты­рылып, қа­рау­сыз қалған малға арналған қоралар санын арт­тыру бойын­ша жұмыстар жүргізілуде. Қа­зір­гі таң­да мұндай нысандардың саны еліміз бойынша 800-ден асқан.

Жалпы, соңғы 5 жылда елімізде мал ұрлығы 35 пайызға азайған. Сәйкесінше, қолды болған мал саны да екі есеге ке­мі­ген.

«Мұндай көрсеткішке мал ұрлы­ғы­ның алдын алу бағытында қабылданған шаралардың арқасында қол жеткізіп отырмыз. Оң үрдіс биыл да сақталып отыр, бұл қылмыс түрі 32,7 пайызға азайған. Жыл басталғалы бері полиция қызметкерлері ұрланған малдың 44 пайызынан астамын заңды иелеріне қайтарды. Ұрылардың жетегінде кеткен 1300 малдың 573-і табылды», дейді С.Шалқаров.

Кешенді және жедел іздестіру іс-ша­ралары кезінде қолға түскен күдікті­лер­дің қатарында өткен жылдың жел­тоқ­сан айының соңында Түркістан облы­сы­на қарасты Ордабасы ауда­нының аумағында мал ұрлығымен айна­лыс­қан 5 адамнан тұратын қылмыстық топ та бар. Бас-аяғы бес мал ұрлығына қатысы бар болып шыққан ұрылар мал иелерін 10 миллион теңгеден астам сомаға шы­ғын­ға батырып кеткен.

Ал көктем бастала салысымен қолға түскен тағы бір топ арам ойларын Қара­ғанды облысында іске асырған. Ең сора­қы­сы, үш адамнан тұратын топ Шет ауданында жылқы мен ірі қара малды айдап әкетпеген, атып алған. Тінту ке­зін­де бұл топ мүшелерінен қылмыс құ­ра­лы болып табылатын тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтық табылған.