Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов Үкімет отырысын Қарағанды облысына қарасты Көкпекті ауылындағы су тасқынынан қаза тапқандардың отбасына көңіл айтудан бастады.
«Үкімет атынан қаза тапқандардың отбасылары мен туыстарына көңіл айтқым келеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкіметтің бүгінгі шешімімен аталған оқиғаның себептерін зерттеу, сонымен бірге зардап шеккендерге жан-жақты көмек көрсету үшін Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко басшылық жасайтын ведомствоаралық комиссия құрылады», деді С.Ахметов. Осы ретте Үкімет басшысы су тасқынынан зардап шеккен бірде-бір отбасы билік назарынан тыс қалмауы тиістігін баса айтты. Бұған қоса, Премьер-Министр су тасқыны қаупі жоғары өңірлердегі гидроқұрылғылардың жай-күйіне тұрақты мониторинг жүргізуді тапсырды. Облыстардың, Астана мен Алматының әкімдеріне елді мекендердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде қосымша шаралар қабылдау қажеттігін ескертті. Сондай-ақ, су тасқыны орын алған жағдайда әрекет ету және қауіпсіз жерге көшу туралы ережені халық арасында түсіндіру жұмыстарын жалғастыру қажеттігін ескере отырып, жалпы бақылау жұмыстары мен мониторингті Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевқа тапсырды.
Үкімет басшысы көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесі 11 наурызда өткен отырыста қаралғанын, дегенмен, табиғат тосын мінез де танытатындығын атап өтті. Осыған орай барлық облыс, аудан әкімдері көктемгі су тасқынын жіті назарда ұстап, төтенше оқиғаларға жол бермеуі қажет.
Отырыста Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко Көкпектідегі қазіргі ахуалды баяндап, басқа да өңірлердегі су тасқынына қатысты сақтық шаралары туралы есеп берді. Ол Ақмола мен Қарағанды облыстары бойынша су тасқыны ахуалы барынша күрделеніп келе жатқандығын атап өтті. Өйткені, қар жылдам еріп жатыр. Екі облыстың да аумағында ағын су бар әрі бірқатар елді мекенді су басқан. В.Божконың айтуынша, төтенше жағдайлар ведомствосының барлық күш-құрылымдары су тасқынының алдын алуға жұмылдырылған. Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарының әкімдіктері күндіз-түні жұмыс істеуде.
Министр бұдан әрі су тасқынынан қаза тапқан адамдардың аты-жөнін жария етті. Апаттан құтқару жұмыстарын жүргізу барысында 5 адамның мәйіті табылған. Олар – 1924 жылы дүниеге келген Ноғаев, 1926 жылғы Нагибина, 1942 жылғы Ромашенко, 1963 жылғы Ноғаева және 1979 жылы дүниеге келген Скебетский. Министрдің сөзіне қарағанда, медициналық көмекке 26 адам жүгінген. Олардың бесеуі суық тию, жүйке жүйесіндегі күйзеліс диагноздарымен ауруханаға жатқызылған. Жалпы, су тасқынынан 125 адам құтқарылыпты. В.Божко, сондай-ақ, төтенше жағдай салдарынан iз-түзсiз жоғалғандар жоқ деп мәлімдеді.
Қарағанды облысы IIБ қызметкерлері аталған ауылда болып, барлық үйлерді аралап, ондағы тұрғындарға қатысты барлық ақпараттарды жинапты. Нәтижесінде қандай да бiр азаматтың жоғалғаны туралы дерек болмаған.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қазір апат болған ауылдағы 102 үйде суды тартып шығару бойынша жұмыстар жүргізілген, үйлерді және аулалар аумағын тазарту жүргізіліп жатыр.
Үкімет отырысында сөз алған Қоршаған орта және су ресурстары министрі Нұрлан Қаппаров бұдан былай жекеменшік су қоймаларына да мемлекет тарапынан қатаң бақылау жүргізілетінін жеткізді.
«Қазіргі уақытта Сенат депутаттарының қарауында «Азаматтық қорғау туралы» заң жобасы жатыр. Онда біз Қоршаған орта және су ресурстары министрлігіне меншік нысанына қарамастан, кез келген су құрылғыларына бақылау жүргізуге мүмкіндік беретін норма қарастырылған», деп нақтылады министр. Н.Қаппаровтың сөзіне қарағанда, елімізде 465 су қоймасы бар. Оның 75-і республикалық меншікке жатады. Ал Қоршаған орта және су ресурстары министрлігі су көлемі 1 млн. текше метрден асатын қоймаларға бақылау жүргізеді. «Бұл жайт та Көкпекті су қоймасы жекеменшік болатын әрі ол жерде біздің бақылаудың болмағандығы белгілі. Дегенмен, аталған заң қабылданғаннан кейін меншік нысанына қарамастан, кез келген су құрылғысы біздің бақылауда болады», деді министр.
Кешегі селекторлық режімдегі Үкімет отырысының күн тәртібіне жоспарланған негізгі мәселенің бірі – 2014-2020 жылдарға арналған жылу желілерін жаңғыртудың Кешенді жоспары туралы болатын. Үкімет мүшелері тасқын салдарын талқылап болған соң, осы мәселені қарады. Бұл ретте Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов баяндама жасады. Ол кешенді жоспарға сәйкес 17 базалық жылу желілерін жаңғырту үшін 120 млрд. теңге бөлу ұсынылып отырғанын хабарлады. Сонымен қатар, жылу желілерін жаңғыртудың 2014-2020 жылдарға арналған Кешенді жоспарында қаржыландырудың төрт нұсқасы келтірілгенін атап өтті. Олардың барлығы 400 мың Гкалдан асатын жылу энергиясын тасымалдауды жүзеге асыратын жылу желілерін, нақты айтқанда, Астана, Алматы, облыс орталықтарында қызмет көрсететін және ел экономикасына мультипликативтік әсер ететін 17 субъектіні жаңғыртуды көздейді. Жоспарды қаржыландыру көздері ретінде белгіленген инфляция дәлізі шеңберінде тарифтердің қаражаттары көзделген. Қазір ТМРА мәліметінше, жылу желілері шамамен 70-80% тозудың жоғары дәрежесімен, авариялық қауіптілігімен сипатталады, сондай-ақ, жылу желілеріндегі ысыраптар әлемдік көрсеткіштерге қарағанда, аса көтеріңкі болып отыр. 2013 жылы жылу желілерін жаңғыртуға жалпы инвестиция сомасы 12 млрд. теңгеден асты, 2014 жылы шамамен 32 млрд. теңге жоспарланып отыр.
Отырыста аталған мәселеге орай Өңірлік даму министрі Болат Жәмішев және бірнеше облыстың әкімдері сөз алып, өңірлердегі жылу желілеріне қатысты проблемаларымен бөлісті, тиісті ұсыныстар айтты.
Мәселені талқылау соңында Серiк Ахметов жылу желiлерiн тарту және жаңғырту сапасын бақылауды күшейтуді тапсырды. Үкiмет басшысы сапаны қадағалайтын арнайы зертханалар мәселесiн қарастыру қажеттiгiн айтты. «Жол құрылысындағыдай облыстар, өңiрлерде құрылыс индустриясының сапасын анықтау үшiн кәсiпорындарда өз зертханалары болуы тиiс. Олар жылу желiлерiн қайта құруда қолданылатын материалдар сапасын бақылап отыруы қажет. Бұл стандарттарды бiз қарастырып, қолдануымыз керек. 1-2 жыл iшiнде облыстарда жылу желiлерi құбырларының сапасын бақылау мен оған қажеттi зертханалар болмаса, бiз ешбiр өзгерiстерге қол жеткiзбеймiз», дедi С.Ахметов. Премьер-Министр жұмыстарды жүргiзген уақытта сенiмдi зауыттар шығаратын сапалы құбырларды қолдануды тапсырды.
Кешегі Үкімет отырысында, сондай-ақ, «2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңды іске асыру туралы» Үкіметтің 2013 жылғы 12 желтоқсандағы қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жөніндегі» Үкіметтің қаулы жобасы қабылданды. Қаулы жобасын Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі Ерболат Досаев таныстырды. Қаулы жобасы жалпы сомасы 33,4 млрд. теңге, кейінге қалдыру шартымен ағымдағы жылы нақтыланған республикалық бюджет жобасына енгізілген, аса маңызды әрі жедел іске асыруды қажет ететін міндеттерді іске асыруға бағытталған басым республикалық бюджеттік инвестициялардың тізбесін қамтиды. Үкімет қаулысымен, сондай-ақ, 2014 жылдың бюджетіне енгізілген және бюджет теңгерімділігін қамтамасыз етуге және Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауға бағытталған өзгертулер орындалады.
Динара БІТІКОВА,
«Егемен Қазақстан».