Әлем • 17 Наурыз, 2022

Украина-Ресей: Келісімге үміт бар

364 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Екіжақты келіссөзде бейбіт келісімге келуге аз да болсын үміт бары айтылғанымен, Украина қалаларына шабуыл тоқтамай тұр. Украина президенті Володимир Зеленский екі аптада екінші рет АҚШ Конгресінің алдында сөз сөйледі. Бұл жолы ол сөзін халыққа арнады. Сауалдамалар көрсеткендей, америкалықтар Украинаға шын қолдау көрсетіп отыр, ал әскері бұл соғысқа араласпайтыны анық болды.

Украина-Ресей: Келісімге үміт бар

В.Зеленский НАТО-дан Украина әуесін қор­ғау­ды және жойғыш ұшақ беруді бірнеше рет сұрады. Д.Байден әкімшілігі мен заң шығару­шы­лардың көпшілігі мұндай қадамға барғысы келмейтінін білдірді, сондықтан В.Зеленский америкалықтардың талап етуін сұрап отыр. АҚШ үкіметінің мұндай қадамға баруы күмәнді. Алайда Конгресс пен Джо Байден Украинаға алыстан қаржылай көмек беріп, Ресейге экономикалық қысым көрсетумен шектеледі. АҚШ президенті өткен аптада бөлінген 1 миллиард долларға қоса, Украина қорғанысына тағы 800 миллион доллар қосымша бөлетінін жариялауы мүмкін.

Ұлыбритания премьер-министрі Борис Джон­сон «Украинаның жақын арада НАТО-ға кіруі мүм­кін емес» дейді, бірақ бұл шешімді ел пре­зиденті қабылдауы керек деп баса айтты. Володимир Зеленский де Украинаның НАТО қа­тарына қабылдануы екіталай екенін ашық біл­­дірді.

Соңғы күндері Украинада шабуылдан, атыс ала­ңынан ақпарат таратып жүрген шетелдік жур­налистердің қаза болғаны туралы ақпарат тарады.

Украина президентінің кеңесшісі Ресейдің Украи­наның Аустрия секілді бейтарап ұста­ным­ды қабылдауы керек деген ұсынысы қабыл бол­майтынын мәлімдеді. Екіжақты келіссөз то­бы­ның мүшесі Михаил Подоляк жергілікті БАҚ-қа берген пікірінде кез келген бейбіт келісім Ук­раи­на­ның егемендігін сақтап қалатын тиімді шартта жасалуы керек деп атап өткен.

Елдегі ахуалға келер болсақ, ұрыс тоқтаған жоқ, адам шығыны бар. Ресей снарядтары Киев­те­гі екі көп қабатты тұрғын үйге құлап, екі адам жарақат алған. Ел астанасында екі күнге ко­мен­данттық сағат жарияланғандықтан халық бункерлерді паналауға мәжбүр. Қала әкімі «бұл Киев үшін аса қиын әрі қауіпті сәт» деп сипаттады. Украинаның төтенше жағдайлар қызметі елдің екінші үлкен қаласы Харьковта тұрғын үйге түскен снарядтан екі адамның қаза бол­ға­­нын хабарлады. Украина өкілдері соңғы күндері Ре­сейдің шабуылы бәсеңдегенімен, құр­бандар саны азаймағанын айтады. Ресей әске­ри-теңіз күштері Одесса маңында Қара те­ңізде шоғыр­ланып жатқаны хабарланды, алай­да Николаев айналасындағы көмекші әскер шегінген. Мариупольді 20 мың адам эвакуа­цияланғаннан кейін қоршау жалғасып жатыр. Ең ауыр шайқас шығыста, Луганск ма­ңын­да жалғасып жатқанға ұқсайды. Ондағы Ресей әс­кер­лері Днепр арқылы батысқа қарай оңтүс­тік­тегі әскермен байланыс орнатуға тырысып жатыр делінген. Егер бұл әрекеті сәтті аяқталса, Дон­бастағы украин әскерінің қоршауда қалу қаупі бар.

Келіссөздерге келер болсақ, екі тарап та ке­лі­сімге келуге аз болса да үміт бар екенін ай­тып отыр. В.Зеленский Ресеймен бейбіт келіс­сөздер нақтылана бастағанын айтты. Ал Ре­сейдің Сыртқы істер министрі «ымыраға келуге үміт бар» екенін, алайда келіссөздер «оңай жүріп жатпағанын» мәлімдеді. Дегенмен келіссөз жалғасып жатыр. Украина өкілі Михаил Подоляк келіссөздер барысында «түбегейлі қайшылықтар» барын, алайда «келісімге орын барын» атап өтті.

Осыған дейін Польша, Чехия және Словения премьер-министрлері Киевке жол тартқаны айтылған. Олардың сапардан аман-есен Польшаға оралғаны белгілі болды. Үш ел көшбасшысы осылайша Украинаға қолдауын білдіргілері келгенін айтқан. Олар – Украинадағы ұрыс қимылдары басталғалы елге келген алғашқы шетелдік тұл­ға­лар.

НАТО-ның бас хатшысы Йенс Столтенберг Брюссельде өткен делегаттар кездесуінде қауіп­сіз­дік блогы Украинаны бірауыздан қол­дау­ды жалғастыра беретінін мәлімдеді. Ол Батыс көшбасшылары Киевке үлкен әскери қолдау көрсеткенін және бұл қолдауды жалғастыруға уәде бергенін айтты.

Украинадан Польшаға қашқан адамдардың саны 1,89 миллионнан асты. Бұл санды Поль­ша­ның шекара күзет агенттігі айтты. Варшава уни­верситетінің көші-қон мәселесін зерттеуші про­фессоры Мацей Душчиктің айтуынша, жарты миллионнан астам адам елден кеткен болуы мүм­кін. Шекарадан өткендердің 94 пайызы Украина азаматтары болған.

Соңғы жаңалықтар