Биыл аталған жоғары оқу орнында бірқатар тың жоба қолға алынды. Қабанбай батыр атындағы мұражай ашылады. Спортзалы жаңартылады, ату тиріне күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондай-ақ церебралды сал ауруына шалдыққан балаларға арналған отандық орындықтар, қимыл-қозғалысты дамытатын ойыншықтар өндіруді қолға алып отыр.
Мұражай университеттің екінші корпусында орналаспақ. Айта кетсек, дәл сол корпустан университеттің тарихы басталған. Қазіргі уақытта мұнда еліміздің Қарулы Күштері үшін болашақ әскерилер даярланады. ШҚУ ректоры Мұхтар Төлегеннің айтуынша, мұражай болашақ офицерлерге қажетті білім мен тәжірибе алуға бағытталған. Басты мақсат – жастарды әскери-патриоттыққа тәрбиелеу.
– Университет базасында Қабанбай батыр атындағы мұражайды ашу жоспары талқыланды. Жаңа нысанды ашуға көмекке музейтанушылар, сәулетшілер, тарихшылар мен әскерилер келді. Эскиздердің әртүрлі нұсқасын талқыладық. Қазіргі заманғы цифрлы технологиялар қолданылады. Сондықтан бұл музей тек біздің студенттерге, магистранттар мен докторанттарға ғана емес, қала тұрғындарына да қызмет етеді, – деді Мұхтар Төлеген.
Музей ашылған соң экспозициялар әсерін күшейту үшін жаңа заманауи технологиялар қолданылмақ. Стандартты витриналық жабдықтармен қатар QR-кодтар мен аудиогидтерді іске қосу жоспарланған.
Шығыс Қазақстан облысы