Егемендік жылдары елімізде тағдыршешті бірқатар заңнамалық құжаттар қабылданып, саяси реформалар жүргізілгені белгілі. Мемлекеттілігімізді дамытуда олардың айтарлықтай нәтиже бергені де анық. Дегенмен, Президентіміз атап өткендей, заманауи талаптарға сай келу үшін Қазақстан қазіргі жағдаймен және қоғамдық дамумен үйлесетін бағыт таңдауы қажет. Сол үшін еліміздің азаматтары Жолдауда айтылған міндеттерді орындауға жұмыла кірісуі керек. Бұл өркендеу, жетістік пен тұрақтылыққа қол жеткізу үшін аса маңызды.
Мемлекет басшысы өз Жолдауында еліміздің әкімшілік құрылымын жетілдіру мәселесін көтеріп, Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізілетінін хабарлады. Абай және Ұлытау облыстарын құрып, Алматы облысын бөлу туралы ұсынысы экономикалық әрі прагматикалық мақсаттылыққа негізделгені анық, сондай-ақ Президенттің сайлау жүйесін жетілдіру, Ұлттық құрылтай құру туралы тапсырмалары мемлекетімізді одан әрі нығайтуға септігін тигізеді.
«Біз бірліктің бастауы болған осы дала демократиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі өз міндетін табысты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құруды ұсынамын. Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қызметін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады. Құрылтай қоғамдық диалогтың біртұтас институционалдық моделін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналатын болады. Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады», деді Президент.
Саяси жүйені үлкен өзгерістер күтіп тұр: енді Мемлекет басшысының өкілеттілігінің бөлігі Қазақстан Республикасының Парламентіне өтеді, бұл, әлбетте, мемлекетте демократияландырудың беки түсуіне ықпал етеді.
Қоғамды түбегейлі өзгерістер тосып тұр. Жаңа Қазақстанда еліміздің әрбір азаматы, әр отбасы жайлы да жарқын, лайықты өмір сүретініне сенеміз. Қазақстанның жаңа әлемде өзінің лайықты орнын иеленіп, өз егемендігін сақтайтынына және мәдени игілігін еселей түсетініне еш күмән жоқ.
Ғалым АХМЕДЬЯРОВ,
«Астана Опера» театрының директоры