Қоғам • 18 Наурыз, 2022

«Отбасы банк» баспанаға жетелейді

358 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қызылордадағы Өңірлік коммуникациялар орталығында «Отбасы банк» пен БЖЗҚ облыстық филиалдары мамандарының қатысуымен брифинг өткізіліп, онда жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын тұрғын үй жағдайын жақсарту және емделу мақсаттарында қолдану барысы туралы айтылды. Қаржы құрылымы облыстық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев алдымен еліміз бойынша осы бағыттағы көрсеткіштерге тоқталып өтті.

«Отбасы банк» баспанаға жетелейді

Республика бойынша 74 мыңнан астам қазақстандық зейнетақы қорын­да­ғы жеткіліктілік шегінен асатын қара­жатпен «Отбасы банктегі» («Бәй­те­рек» хол­дингінің еншілес ұйымы) депо­зит­те­рін жалпы сомасы 129 млрд теңгеге то­лық­тыр­ған. Күн сайын бір мыңға жуық адам біржолғы зейнетақы төлемдерін банк­тегі жинақ шоттарына аударады, он­да­­ғы орташа сома 1,7 млн теңге.

Өткен жылдың 16 желтоқсанында тұр­ғын үй жағдайын жақсарту мақсатында бір­жолғы зейнетақы төлемдерін (БЗТ) пайдалану қағидаларына енгізілген өзгерістер күшіне енгеннен кейін, қазақстандықтар үшін «Отбасы банктегі» депозитті то­лық­тыру мүмкіндігі қолжетімді болды. Оны жеткіліктілік шегінен асатын зей­нет­ақ­ы жинақтары алғашқы жарна ретінде қол­да­нуға және тұрғын үйді толық сатып алуға жеткіліксіз болып тұрған азаматтар қол­данды.

«Отбасы банктегі» депозиттерін то­лық­тыра отырып, қазақстандықтар бола­шақ бас­панасына қажетті қаражатты жи­най алады. Өйткені бұл қаражатқа тұр­ғын үй құрылыс жинақ жүйесінің бар­лық стандартты шарттары тиесілі болады. Яғни БЗТ қосылған шоттарға жыл сайын 2% банк сыйақысы мен 200 АЕК-тен аспайтын жинақ сомасына 20% мем­лекеттік сыйлықақы беріледі. Ал­ғаш­­қы жарна жиналғаннан кейін бұл де­по­зиттің көмегімен банктен 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен несие алуға болады.

Enpf-otbasy.kz платформасының іске қосылғанына жылдан асты. Осы уақыт аралығында 623 мыңға жуық қазақстандық жалпы сомасы 2,3 трлн теңге болатын біржолғы зейнетақы төлемдерін тұрғын үй жағдайын жақсарту мен емделуге жұмсаған. Бұл лектің алғашқы қатарында БЗТ-ін тікелей сатып алуға жұмсағандар тұр. Олардың саны – 238 мың. Екінші орында – зейнетақы қорындағы артық қара­жатты емделуге жұмсағандар. Бұл мақсатты 149 мыңнан астам азамат таң­даған. Үшінші орында – «Отбасы банк­тегі» депозиттерін толықтырған қазақ­стан­дықтар тұр. Олар жалпы көлемі 129 млрд теңгеден астам соманы жинақ шоттарына аударған. Төртінші орында – несие бойынша қарызды өтегендер тұр, бұл опцияны 73 мыңнан астам банк клиенті қолданған екен.

Біржолғы зейнетақы төлемін «Отбасы банк» депозитіне аудару – болашақ бас­па­насына қаражат жинап жүрген жас­­тар үшін – жақсы мүмкіндік. Қазір банк­тегі жинақ шоттарын жеткіліктілік ше­гі­нен асатын зейнетақы жинақтарымен толық­тыр­ғандардың 30,4 пайызы 35 жасқа де­йін­гі жастар болып отыр.

«Отбасы банктегі» БЗТ қосылған де­по­зит көмегімен үш жыл ішінде бір банк­тік қарыз шарты бойынша баспана алу үшін тұрғын үй, аралық немесе алдын ала заем алуға, соның ішінде жөн­деу жұмыстарын жүргізуге болады. Сондай-ақ «Отбасы банкте» несиені қайта қар­жы­ландыруға және жеке тұрғын үй құры­лы­сын жүргізуге (соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысы немесе жеке қосалқы шаруашылық сияқты нысаналы мақсаты бар жер телімін сатып алуды қоса алғанда) пайдалануға болады.

Осы жылдың 5 наурызынан бастап БЖЗҚ салымшысы шешімін өзгерткен жағ­дайда, «Отбасы банктегі» депозитті жап­пай, БЗТ зейнетақы қорына қайтадан қай­тару мүмкіндігі туып отыр. Бұрын бұл салымды тоқтату шартымен ғана жүзеге асырылатын. Азаматтардың өтініші бо­йын­ша «Отбасы банк» бұл процесті айтар­лық­тай оңтайландырды.

Биылғы жылдың 1 сәуірінен бастап зейнетақы жинақтарының жеткіліктілік шегі көтеріледі. «Республикалық бюджет туралы» заңға сәйкес, ең төменгі жалақы, зей­нетақы, күнкөріс деңгейі секілді бір­қа­тар әлеуметтік көрсеткіштегі өзге­ріс­терге байланысты, Үкімет белгілеген әдістемеге сай, зейнетақы жинақтарының жаңа жет­кі­ліктілік шегі белгіленеді. Ал БЗТ-ін бұ­рын­ғы шекті мәндерге сәйкес пайдалану үшін қазақстандықтар 2022 жылдың 28-29 нау­рызына дейін enpf-otbasy.kz платформасы арқылы өтініш берулері қажет.

БЗТ «Отбасы банктегі» арнайы шотқа түскен күннен бастап салымшыға таңдаған мақ­са­тын растап, қажетті құжаттарды тіркеп үлгеру үшін 20 жұмыс күні беріледі. Оны enpf-otbasy.kz порталындағы жеке каби­нетте жасауға болады. Тұрғын үй жағ­да­йын жақсарту бойынша – 15, емделу бо­йынша 7 мақсат бар. Олардың әрқай­сы­сы бойынша қажетті құжаттар тізімі порталда жарияланған.

Брифингте «Отбасы банк» АҚ Қы­зыл­орда филиалының директоры Әділжан Сәулебаев облыста зейнетақы қо­рын­­дағы қажетті мөлшерден артық сомаға баспана алған немесе жинақ қара­жа­тын толтырған тұрғындар көбейгенін де айтып өтті. Жалпы, еліміз бойынша жеткіліктілік мөл­ше­рінен асқан соманы пайдалану бойынша Маңғыстау облысы, Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары алда тұр.

Ал Қызылорда облысы бойынша зей­нет­ақы төлемдеріндегі артық соманы 21 мыңнан аса тұрғын пайдаланған. Олардың көбі баспана сатып алған, сондай-ақ қордан алған ақшасын несиесін өтеуге, ем-домға жұмсағандар да бар.

Зейнетақы қорындағы артылған соманы тұрғын үй жағдайын жақсарту мақса­тын­да пайдалану бойынша өңірде 1436 адам «Отбасы банктегі» қарызын ішіна­ра немесе толық өтеген. Банктен ипо­текамен үй алғандар саны – 647 адам. Бұған қоса, 7 734 тұрғын банктен несие ал­май-ақ, қордағы артық ақшасына баспана сатып алған.

Жеткіліктілік шегінен асатын соманы жер телімін сатып алу арқылы жеке тұрғын үй құрылысына жұмсайтындар аз болып тұр.

– Бұл, біріншіден, құрылыс материал­да­рының қымбаттауына байланысты, – дейді «Отбасы банктің» Қызылорда об­лыс­­­тық филиалының директоры Әділжан Сәулебаев. – Оның үстіне панде­мия ке­зін­де жеке үй құрылысы біраз кі­діріп қалды. Осы­ған орай банк клиент­те­рінің көпшілігі артық ақшаны депозитке жинау­ды дұрыс көріп отыр. Бұл қаржыны 3 жыл кө­ле­мін­де тұрғын үй жағдайын жақсарту­ға пайдалануға болады.

Сонымен қызылордалық 21 мыңнан астам тұрғын зейнетақы қорындағы жет­кі­­лік­тілік мөлшерінен асқан 47 мил­лиар­д­­тан астам қаражатын игілігіне пай­да­­лан­­ған.

Қызылорда соңғы жылдары құрылысы қарқынды дамыған өңірлер қатарынан көрініп жүр. Жыл сайын облыс орталығы мен аудандардан түрлі мемлекеттік бағ­дарламалар мен кәсіпкерлердің өз қара­жат­тары есебінен көпқабатты үйлер салынып, мыңдаған адам көптен күткен баспаналарына қол жеткізіп келеді. Бұл игілікті істе «Отбасы банктің» де үлкен үлесі барын айта кетуіміз керек. Осы жылы облыс орта­лығындағы «СПМК-70» шағын ауданында пайдалануға берілетін 640 пәтерлік 13 тұрғын үйге жергілікті тұрғындар «От­ба­сы банктің» несиелендіруінің арқасында қол жеткізбек.

Брифингте БЖЗҚ Қызылорда облыс­тық филиалы директорының орынбасары Алмас Сәрсенбаев Мемлекет басшы­сы­ның зейнетақы жинақтарының шекті межесін көтеруді кейінге шегеру туралы шешімі мыңдаған азаматарға үлкен қол­дау болғанын айтып, артылған соманы пайдалану туралы өтінім жолдау тәртібі, БЗТ-нің арнайы шотта сақталу мерзімі туралы баяндады. Осы уақытқа дейін қорға ке­ліп түскен кейбір өтінімдердің кері қай­та­рылғанын да жеткізді. Оның себебі әр­түрлі. Бірінде сұратылған сома асып кет­кен, өтінімдер бірнеше рет жіберілген деректер де бар. Тіпті кей азаматтар қорда жеке зейнетақы шоты болмаса да өтінім берген.

Сыр өңірінде 15 ай көлемінде 29 600 өтінім қабылданып, соның ішінде 22 334 өтінімге сәйкес 54 млрд теңгеден астам қаражат жіберілді. Қор өкілі мүм­кін­ді­гін­ше 31 наурызға дейін келіп түскен өтінім­дер­ге сәйкес жеткілікті шегі бойынша қара­­жат аударылатынын айтты.

Со­нымен қатар БЖЗҚ облыстық филиа­­лына келген салымшылардың жет­кі­лік­тілік шегі жайлы ұсыныс-пікір­ле­рі жи­нақ­талып, тиісті орындарға жолданып отыр.

 

ҚЫЗЫЛОРДА