Экология • 18 Наурыз, 2022

Өңірлерде ағаш отырғызу челленджі басталады

793 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жер тоңы жібіп, алғашқы көк дүркіреп шыға бастаған кезде шыбық қадап, тал отырғызу – сауапты іс. Өйткені, жерге шаншылған әрбір тал күтімі жақсы болса, күні ертең жапырағы дараққа айналып, жазда сая, қыста қамсау болады. Әрі экологиялық ахуалды жақсартып, қоңыржай климат қалыптастыруға әсерін тигізеді. Бұл бағытта еліміздің мәдениет және спорт министрлігі көгалдандыру жұмысына бүкіл ел болып жұмылуды ұсынып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Өңірлерде ағаш отырғызу челленджі басталады

«Наурыз – тазалық пен экологияға қамқорлық мерекесі. Бұл әлеуетті ауқымды экологиялық акцияларды өскелең ұрпақты экологиялық тәрбиелеу үшін пайдалану қажет. Осы күні бүкіл ел бойынша жаппай ағаш отырғызу және елді мекендер мен аулалардың аумақтарын тазарту бойынша «Таза табиғат» республикалық акциясы басталады», деді ҚР Мәдениет және спорт Вице-Министрі Нұрғиса Дәуешов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Оның айтуынша, ел бойынша ағаш отырғызу әр өңірдегі ауа райына байланысты жүреді.

«Сонымен бір мезгілде бүкіл ел бойынша әлеуметтік желілерде «Әр отбасынан бір ағаш» челленджін өткізу ұсынылады. Ағаш отырғызу ауа райының жағдайына қарай жүргізіледі. Яғни көктем кеш келетін аймақтарда акцияны да кейінірек ұйымдастыруға жол беріледі», дейді ол.