Пікір • 21 Наурыз, 2022

Заң үстемдігі – Жаңа Қазақстанның қағидаты

990 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауын мұқият тыңдағаннан кейін, бір байқағаным – еліміз демократиялық тұрғыдан жаңару жолына түсті. Адам құқықтары мен сөз бостандығы – басты құндылық. Оның негізгі темірқазығы – құқықтық мемлекетті нығайту, заң үстемдігінің салтанат құруы.

Заң үстемдігі – Жаңа Қазақстанның қағидаты

Демек қандай жағдай болсын, барлық мәселе конституция­лық құқықтар принципінде, заң аясын­да шешілу керек. Мемлекет басшысы өкілет­тілігін асыра пайдаланған құқық қорғау қыз­меткерлерінің әрекетін айып­тағанымен, сын сағатта ел қор­ғаған полиция қызметкерлері мен әскери қызметкерлердің ерлі­гін ескеріп, Отан қорғаушылар құқықтарының сақталуына ерекше тоқталды. «Органда қызмет ететін азамат­тар да  өз бауыр­лары­­мыз. Олар елмен бірге еке­нін, туған хал­­қы үшін қасық қа­ны қалғанша кү­ре­сетінін дәлел­деді. Отан алдын­дағы антына адал болып, мемлекетімізді жанқияр­лықпен қорғады. Мен сын сағатта қатерге қаймықпай қарсы тұрған тәртіп сақшыларына ризашылық білдіремін», деді Президент.

Айтып өту керек, Ұлттық ұлан жауынгерлері Қасіретті қаңтар оқиғасы кезінде еліміздің конституциялық құрылымын, тұрақтылығы мен тыныштығын қор­ғ­ады, азаматтардың заңды құ­қық­тарын қамтамасыз етуге ат­салысты. Алматы, Шымкент қа­ла­­­ларында және басқа да облыс ор­та­лықтарында құқықтық тәртіпті қам­тамасыз етуде бұзақы топпен қарсыласудың нәтижесінде, жарақат алған Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің саны 400-ге жетті. Бұдан бөлек, жаппай тәртіпсіздік кезінде Ұлттық ұланның 90-нан аса әскери техникасы зардап шекті. Нәтижесінде, ел басшылығы да, құқықтық тәртіп әскері де үлкен «күшке» қарсы тұрды.

«Соңғы жылдары біз Қазақ­станды түбегейлі жаңғыртуға, трансформациялауға көштік. Түрлі салада ауқымды өзгерістер басталды. Бұл кейбір ықпалды адамдарға ұнамады. Олар жылдар бойғы заңсыз әрекеттерін одан әрі жалғастыра беруді көздеді. Неғұрлым жоғары билікке ие болуды көкседі. Сол үшін кәнігі қылмыскерлер, қарулы заңсыз ұйымдар мен опасыз шенеуніктер бірігіп, астыртын топ құрды», деді Мемлекет басшысы. Президенттің төңкеріс ұйымдастырушыларды осылай сипаттауынан  құзырлы органдар мен әскер қандай алпауыт қауіп-қатермен бетпе-бет келгенін түсінуге болады.

Сондай-ақ «Ішкі және сыртқы жауларымыз өзара ымыраласып, билікті басып алғысы келді. Олар халықтың наразылық шеруін басқа арнаға бұрып, жұртты қасақана арандатты. Лаңкестер  мемлекеттік органдарға, страте­гиялық нысандар мен бизнеске тиесілі ғимараттарға шабуыл жасады. Билікке күйе жағу үшін бейбіт тұрғындарға оқ атты», деді ел Президенті. 

Бір айтарым, ұландық жауынгерлер өздерінің міндеттеріне, берген Әскери анттарына адал болды. «Бұйрықтың аты – бұйрық» деп бүлікшілерге жол бермеген офицер Ұлан Мыр­забаев та, жас өмірлерін бейбіт өмір жолында қиған қатардағы Мадияр Қайсаров пен Айбат Аманов та өз ерліктерімен  «Әр түрлі көзқарас – біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіс болашақ Жаңа Қазақстанның іргетасын қалады. Біз өткеннен сабақ алып, бүкіл ел болып, тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімізбен сезінуге, татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік қаншалықты маңызды екенін жете түсінуге тиіспіз. Қазақстан Президенті айтқандай: «Қазір саяси баррикадалар орнатып, әр мәселеге бола митинг өткізетін, күмәнді шешімдерге итермелеп, жөнсіз талап қоятын, міндетін орындап жүрген полиция қызметкерлерінің жағасына жармасатын уақыт емес». Қазір тәуелсіздігіміз бен конституциялық құры­лы­мымызды нығайтатын уақыт.

Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев елор­далық жедел бригадаға барған алғаш сапарында Ұлттық ұланға «Нағыз ерлік пен патриотизм мек­тебі» деген баға берген бола­тын. Өз кезегінде  Ұлттық ұлан  әскері мәңгі сақшы іспетті өзі­не жүктелген міндеттерге сай құқық­тық тәртіпті әрі қарай да қамта­масыз ететініне сендіргім келеді.

 

Әлібек СЕРӘЛИЕВ,

генерал-майор,

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары