Пікір • 21 Наурыз, 2022

Бағыты айқын байыпты бастамалар

522 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қанды қаңтар оқиғаларының бізге берген сабағы айқын. Өкініштісі, сол нақты өзгерістерді талап еткен халықтың шынайы бейбіт бастамасын кейбір қара ниетті топтар өз пайдаларына асырмақ болып, арты қантөгіске ұласты. Елдігіміз сынға түскен сәтте Мемлекет басшысының пәрменді әрекеттері мен шешімді қадамдарының арқасында ел іргесін аман сақтап қалдық. Отқа май құйып, жиналған жұртты арандатып, ұлтымызға сатқындық жасаған арамза ниеттілердің жазасын заң, бағасын тарих береріне сенеміз.

Бағыты айқын байыпты бастамалар

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Ал енді қаңтар оқиғасынан алар сабағымыз қандай болмақ? Сырт көзге саяси-әлеуметтік тұрғыдан тұрақ­ты­лықтың аралындай көрінген елімізде мұншалықты қайғылы оқиғаның бой көрсетуінің негізгі себебі неде? Әрине, халықтың наразылығын тудырған екі, үш жылдың мәселесі емес, ондаған жыл­дар бойы жабулы қазан жабулы күйін­де қалып келген саяси, әлеуметтік мәс­е­лелер екені анық. Мұны қаңтар оқи­ғасынан бері отандық және шетелдік сарап­шы, ғалымдар айтудай-ақ айтып жатыр. Арандатушы күштерді есепке алмасақ, бейбіт шерушілердің басым бөлігінің талабы ескі жүйені өзгерту еді. Халық құр декларативті емес, нақ­ты өзгерістерді қалады. Жылдар бо­йы қасаңданып қалған саяси жүйе бұқара мен биліктің арасын мейлінше алшақ­татып жібергенін мойындамасқа болмас.

Қоғам өмірінде қордаланып, оқта-текте ұшқындап, бой көрсетіп жүрген мұндай саяси сұранысты қанағаттандыру үшін нақты реформалардың алғашқы қадамдары ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тарапынан 2019 жылдан бері қолға алынып келеді. Әрине, Мемлекет басшысы сая­си реформаларда асығыстыққа жол бер­мей, кезең кезеңмен іске асыруды қолға алды. Алдымен, мамыр айында саяси партиялардың Парламентке өту шегі 7%-дан 5%-ға төмендетілді. Демо­кратиясы дамыған елдердің көбінде заң шығару органына өту межесі 7-10%-ды құрайтынын ескерсек, аталған өз­герістің шынымен де қоғамды демо­кратияландыру жолындағы нақты қадамдардың бірі екендігіне айқын көз жеткіземіз. Сайлау бюллетендеріне «бәріне қарсымын» деген таңдаудың енгізілуін де сайлаушы құқын қорғаудың нақты көрінісі деп бағаласақ болады. Сонымен қатар тәуелсіз Қазақстанның тарихында тұңғыш рет 2021 жылдың шілде айынан бастап ауыл әкімдерінің сайлаулары өткізілді. Нәтижесінде, еліміз бойынша 50%-ға жуық ауылдық елді мекендердің әкімдері өзгерді. Сай­лау туралы Конституциялық заңға енгізіл­ген өзгерістер бойынша ауыл әкім­дері сайлауына тек партиялар ұсын­ған үміткерлер ғана емес, өзін өзі ұсын­ған ел азаматтары да қатысып, саяси нау­қан­да бақ сынау мүмкіндігіне ие болды.

Президенттің сайлау туралы заңға енгізілетін өзгерістер бойынша бастамалары былтыр жыл бойы жалғасын тапты. Мәселен, қыркүйек айындағы Жол­дауында депутаттық мандаттарды бөлу кезін­де әйелдер мен жастарға берілетін 30 пайыздық квотаны ұстануды заң жүзінде бекіту міндеті қойылды. Бұл норма бұрын тек партиялық тізімге қатысты еді. Енді аталған квота депутаттық мандатты бөлу кезінде де сақталады.Сонымен бірге Президент партиялардың сайлау тізімінде квота берілетін азаматтар санатын кеңейтуді ұсынды. Квотаға мүмкіндігі шектеулі азаматтарды да қосу қажеттігін айтты. Аталған заң жобасы қазіргі таңда қоғам талқылауынан өтіп, Парламентке ұсынылды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев­­тың бұл жолғы Жолдауын барша қазақ­стандық қоғам тағатсыздана күт­кені анық. Өйткені Жолдаудың негіз­гі мазмұны саяси реформаларға қатыс­ты болатын. Қаңтар дүрбелеңінен кейін дағдарып тұрған жұртшылық Президенттен Жаңа Қазақстанды қалып­тас­тыруға бағытталған тың бастамалар күтті.

Қоғамда көптен бері талқыланып, шешімін таппай келе жатқан өте өзекті және түйткілді мәселелерге Президенттің бүгінгі Жолдауында жауап берілді деп білемін. Ең бастысы, осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысы ұсынған бағыттың нақты жалғасы, тұрақты бағыты барын аңғардық. «Мықты мемлекет, ықпалды Парламент, есеп беретін Үкімет» қағидасы қалтқысыз жүзеге асырылатынын Президент баса айтты. «Супер президенттік» билік өзі­нің тарихи рөлін атқарып бітті. Бұл Жолдауда Парламенттің ықпалын күшей­тіп, пре­зиденттік биліктің құзыретін азай­ту туралы маңызды шешім қабылданды. Әсіресе ел Президентінің туған-туыстары­на мемлекеттік және квазимемлекеттік қыз­меттерді атқаруға заң жүзінде тыйым салу туралы бастаманы тәуелсіздік та­ри­хындағы маңызды қадам және Мемле­кет басшысының Жаңа Қазақстанды қалып­­тастырудағы шынайы саяси шешім­ділігінің көрінісі деп бағалауға болады.

Саяси жүйені реформалауға қатысты тағы бір маңызды қадам; орталық сайлау комисиясы, есеп комитеті және Конституциялық Кеңес мүшелерінің қандай да бір партияға мүше болуына, сондай-ақ әкімдер, әкім орынбасарларына партияларда басшылық қызмет атқаруға тыйым салу бойынша жасалған ұсыныс сайлау жүйесін әділетті арнаға бағыттап, қоғамды демократияландыру процесін жеделдетеді деп сенемін.

Жаңа партияларды тіркеу процесіне де біршама жеңілдіктер енгізілмек. Атап айтқанда, жаңа партияны тіркеу шегін төрт есеге – 20 мыңнан 5 мың адам­ға дейін төмендету, аймақтық бөлім­шелердегі ең аз мүше санын үш есе – 600-ден 200 адамға дейін қысқарту, партия құру бойынша азаматтардың бас­тамашыл тобының ең аз санын 1мыңнан 700 адамға дейін қысқарту сияқты бас­тамалар ұсынылды. Мұның бәрі айнала келгенде Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың елімізде көптеген жыл бойы қалыптасып қалған саяси монополияны жою ниетін аңғартады. Ендігі кезекте партиялар арасында ашық бәсекелестік артып, саяси аренаға жаңа күштер қосылып, қоғамның белсенділігі артары айқын.

Сайлау үдерісінде пропорционалды жүйемен бірге мажоритарлы жүйе де қатар қолданылатын болады. Парламент 30% мажоритарлық жүйе бойынша қалыптаспақ. Бұл мәселе де қоғам тарапынан көптен бері қозғалып келе жатқан толғақты мәселелердің бірі. Әрине, түптің түбінде барлық дамыған елдердегідей Қазақстан қоғамының бірыңғай көппартиялы жүйеге көшері айқын. Алайда қазіргі қоғамдық ахуал мен саяси мәдениетіміз пропорцианалды жүйеге бірден емес, біртіндеп өтуді қажет етіп тұрған сыңайлы. Бұл ретте саяси партиялар да маңызды міндеттерді мойнына алып, қоғам мүддесіне шынайы қызмет ететін тұлғаларды өз идеоло­гиясының төңірегінде біріктіре білулері шарт.

Облыс және Республикалық маңызы бар қала әкімдерін тағайындау үдерісін де альтернативті жүйеге көшіру туралы ұсыныс жасалды. Бұл да жергілікті мәслихаттардың рөлін көтеріп, маңызын арттыратын бастама. Жасыратыны жоқ, бұған дейін әкімдерді тағайындауға келісім беру процесі формальды сипат алып кеткен еді. Ал енді Президент ұсын­ған альтернативті жүйе жүзеге асса, мәсли­хат депутаттарының өз өңірлеріне шын мәнінде пайдалы әрі лайықты тұлға­лар­ды таңдауына мүмкіндік туын­дайды.

Жалпы алғанда, Президенттің Жол­дауында өңірлердің мәселелеріне және олардың дамуына ерекше назар аударылды. Жаңадан Абай, Ұлытау, Жетісу облыстарын құру бастамасы осының айқын айғағы. Ертеден ырысы тасып, береке-байлығы асқан бұл өңірлердің әкімшілік-территориялық мәртебесі өз­гергелі хал-күйінің төмендеп, эко­но­микалық даму қарқынының әлсіреп қал­­ғаны жасырын емес. Облыс орта­лы­ғы болмаған соң, Семей мен Жезқаз­ған өңірінен тұрғындардың орталық­тар мен мегаполистерге көшу үдерісі үде­ді. Үш жаңа облыстың ашыл­уы өңір­лер­дің тамырына қан жүгіртіп, эко­номи­ка­ларының дамуына, инвестиция­лық жо­балардың артуына жол ашатыны анық.

Бүгінгі Жолдауда қамтылған мәсе­лелер бүтіннің бір бөлшегі, Президенттің Қазақстан қоғамын демократияландыру бағытындағы бұрын-соңды қолға алған бастамаларының заңды жалғасы, құрамдас бөлігі. Заман ағымы, уақыт тынысы бұдан да іргелі, әрі күрделі өзгеріс­терді талап етері сөзсіз. Ең бас­тысы, халықтың талап-тілегіне және аза­мат­тық қоғамның даму қарқынына орай дер кезінде оң өзгерістерге бет бұру. Бұл тұрғыдан алғанда Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Жолдауын Қазақстан қоғамын демократияландыру жолында жасалған тарихи қадамдардың бірі деп бағалауға тиіспіз. Мемлекет бас­шы­сының өз сөзімен айтқанда бұл Жолдау­дың «арқалайтын жүгі бір жылмен шектелмейді, ауқымы кең, мазмұны да бөлек».

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қазір­гідей алмағайып кезеңде алаң көңіл­де отырған отандастарымызға елі­міз үшін дамудың жалғыз ғана жолы бар екенін айқындап берді. Ол – қоғамның әрбір мүшесі мемлекеттік саясатты қалып­тастыруда тең құқыққа ие бола ала­тын демократия жолы. Ол жолға жету үшін Президенттің өзі айтқандай «жұртымызға, ең алдымен, ауызбіршілік керек. Ақыл мен сабыр, парасат пен ұстам­дылық қажет».

 

Әли БЕКТАЕВ,

Парламент Сенатының  депутаты