Пікір • 21 Наурыз, 2022

Жөні бөлек Жолдау

1021 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Президент Жолдауы – тарихи жолдау. Жаңа Қазақстан тарихы Түркістан облысынан кейін жаңадан Абай және Ұлытау облыстарымен толығатын болды. Бұған Алматы облысынан Жетісу атты жаңа әкімшілік-аумақтық құрылым ірге ажыратқанын қосыңыз.

Жөні бөлек Жолдау

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Мемлекет бұл шешімді қа­был­дар алдында азаматтардың нақты ұсыныс-тілектерін мұқият зер­де­легенін айтты. Көптен бері халық­тың ойында жүрген, әр жерде айтылып, орындалуы созы­лып келе жатқан Семей мен Жез­қаз­ған өңірін түлету бастамасы ел-жұрт­тың көкейінен шықты десек те болады.

«Ең алдымен, Семей айма­ғында Абай облысын құруды ұсы­на­мын. Семей қаласы жаңа об­­лыстың орталығы болады. Осы мәселені аймақ тұрғын­дары көптен бері айтып жүргенін бі­ле­мін. Қазір ол жақта шешімін таппа­ған түйткілдер аз емес. Мы­салы, аймақтың ішкі инфра­құры­лымы әбден тозған. Кезінде Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені қайта жаңғыртуға тиіспіз», деді Президент.

Біз бұдан нені аңғарамыз? Абай облысын құру – Алаш ру­хын асқақтату! Тәуелсіздік жо­лын­­да азаттық бесігі болған өңір­­ді қайта түлетудің рухани ма­ңы­зы өте жоғары. Бұл Абай жолы­мен жүру деген сөз. Алаш аза­мат­тары орда тіккен орынды жандандыру!

Мемлекет басшысы «Бұрын­ғы Жезқазған облысының аума­ғында Ұлытау облысын құру қажет. Жезқазған қаласы қай­та­­дан облыс орталығы болады. Бұл аймақта дербес облыс құ­ру – экономикалық қана емес, ру­ха­ни жағынан да маңыз­ды ше­шім. Кең-байтақ қазақ жері­нің дәл жүрегінде орна­лас­қан Ұлы­таудың төл тарихы­мыз­дағы орны ерекше. Ел тағдыры шешілген ұлы жиындар осында өткен. Сарыарқаның төрінде орналасқан бұл аймақтың турис­тік әлеуеті өте зор. Оның өнді­ріс­­тік қуатын, логистикалық мүм­­кін­дігін ұтымды пайдалану керек.

Бір сөзбен айтқанда, біз Ұлы­тау аймағының дамуына жол ашамыз», деп тағы бір тың бас­тама көтерді.

Бұл ненің белгісі? Біз «Ұлық ұлыс» деп атап жүрген Жошы хан­ның иелігіндегі қазіргі қазақ жерінің тарихы тым терең. Мем­лекеттілік бастауы бол­ған өңір. «Бұрын мемлекет бол­ма­ған» деп жүргендерге дипломатия тілімен берілген салмақты жауап.

Қазақтың ішкі аймақтары талай жылдан бері назардан қа­ғыс қалып келді. Соның салдары­­­нан әлеуметтік проблемалары да қордаланып қалды. Ендігі таңда Қазақстандағы урбанизация, ішкі көші-қон саясатында айтар­лықтай өзгерістер болады. Үлкен қалаларға қарай ағылған жұрттың легі толас табады. Әр өңір қуат­ты аймаққа айнала бастайды. «Қуат­ты Қазақстан» жобасы осын­дай іргелі өзгерістер арқылы жүзеге асады деп сенеміз!

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында қазақтың «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген нақыл сөзін келтірді. Ба­ба­ларымыз ел тағдырын ай­қын­дайтын тарихи шешімдерді бүкіл халық болып ақылдасып, бірге қабылдаған дей келіп:

«Ұлытауда, Ордабасы мен Күл­төбеде өткен ұлы басқосулар – соның айқын дәлелі. Келелі жиын­­да айтылған кесімді сөзге алты Алаштың баласы түгел тоқтаған. Біз бірліктің бас­тауы болған осы дала демо­кра­тиясының дәстүрін жаңғыртуымыз керек», дейді.

Президент неге «Дала демократиясы» деп отыр? Бұл Қазақ елінің мемлекеттілігін айғақтайтын дәлел. Кез келген елдік, мемлекеттік мәселе халықтың қатысуымен шешілген. Президент Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрған болатын. Бұл құрылым өз міндетін табыс­ты атқарды. Енді оның орнына құрамы жағынан ауқымды Ұлттық құрылтай құру ұсыныл­ды. «Жаңа құрылым Ұлт­тық кеңес­тің қызметін жалпыха­лық­тық деңгейде жалғастырады. Құ­рылтай қоғамдық диалогтың бір­тұтас институционалдық мо­делін қалыптастыруға тиіс. Сөйтіп, билік пен халықтың арасындағы дәнекерге айналады.

Қазіргі Қоғамдық кеңестердің бәрін өз айналасына топтастырады. Ұлттық құрылтайдың құ­рамында еліміздегі барлық ай­мақтың өкілдері болады. Сон­дай-ақ оған Парламенттің бір­қатар де­путаты, Қазақстан халқы Ас­­сам­блеясы мен Азамат­тық альянс­тың, қоғамдық кеңестер мен ұйымдардың мүшелері, бе­делді қоғам қайраткерлері, өн­діріс және ауыл шаруашылығы жұ­мыс­шылары, бизнес өкілдері және тағы басқа азаматтар кіреді.

Осылайша, сан түрлі қоғам­дық пікір иелерін түгел қамтитын өкілді құрылым қалыптасады. Ұлт­тық құрылтай мүшелері ма­ңыз­ды мәселелерді талқылау үшін тұрақты түрде бас қосып оты­ра­ды», деді Мемлекет басшысы.

Сонау Шыңғыстан бастау алып, Жошы хан ұлысында ор­ныққан Ұлттық құрылтай осы­лай­ша Жаңа Қазақстан кеңіс­тігінде өз орнын тапқалы тұр!

 

Нұртөре ЖҮСІП,

Парламент Сенатының депутаты