Көктерек – табиғаты тамылжыған, көркем өңір. Қолдың саласындай ақ қайың, ұшар басы семіз тоқтының күзгі жүніндей бұйра-бұйра болып жөңкіліп жататын қазбауыр бұлттардың етегін жібектей есілген желегімен желпитін зәулім терек. Орманды алқаптың бауырында бұлықсып аққан он сан бұлақ. Әрқайсысының өз атауы бар. Қойбұлақ, Әулиебұлақ.
– Ел етегі сөгілмей тұрғанда, бала кезімізде Көктеректің көп баласы тал шыбықты ат қылып мініп, біріміз Алпамыс, біріміз Қобыланды болып ойнаушы едік. Көкірегімізде ертең ер жетіп, етек жапқан соң ел қорғайтын азамат болсақ деген бұла сезім бұйығып жататын, – дейді Джалиль Баржақсыұлы, – ол кезде ұлтқа бөліну ешкімнің ойына келмейтін, қазір де солай. Сіз сұраған соң айтып жатырмын, әйтпесе, татармын деген сөзімді естіген ауылдастарымның ренжитіні де сөзсіз. Біз өзімізді Көктеректің қазағы санағалы қашан?!
Бүгінде жергілікті ұлт тілін жетік меңгерген, жетік меңгергеніңіз не қайсыбір қазақтың өзінен әрлі, әдемі сөйлейтін Джалиль Баржақсыұлы өзге ұлт өкілдерінің арасында арагідік өткізіліп жататын аудандық, облыстық тіл сайыстарына сан мәрте қатысып, жүлделі орынға ие болған. Тілді ғана емес, мағына-мазмұны мол, астарында мәйекті ишара мөлт-мөлт етіп жататын, сан ғасырдан бері үзілмей жалғасып келе жатқан салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты да бір кісідей меңгерген. Шоқ жұлдыздай шағын ғана қазақ ауылында өссе, кілең қазақтың ішінде тәрбиеленсе, басқадай жөні де жоқ қой.
– Қазақ тілі өзге тілдің ішінде әуезді, әуенді тіл, – дейді кейіпкеріміз, – жай сөйлегеннің өзінде ән болып есіп, жыр болып құйылып тұрған жоқ па? Әкем де, аталарымыз да осы тілде сөйлеген. Сондықтан біздің ана тіліміз қазақ тілі, ал үй ішіндегі ұстаным, салт-дәстүр әбден тамыр жайып кеткен. Болашақта да солай болары сөзсіз. Бізден өрбіген ұрпақтың бәрі осы аруақ қонып, нар шөккен атажұртты өз Отаны санап, соның көсегесін көгертуге перзенті ретінде ат салысатындығына сөз жоқ.
Енді бір ауыз сөз бүгінгі қызметі хақында. Өрт сөндірушілердің оқыс оқиғаға жиі тап болып, от-жалынның ішінде жүрген кезі аз болмайды. Жұмыс талабы солай. Бірде кезекшілік бөлімінде тұрғын үй жанып жатыр деген суыт хабар түскен. Белгіленген тәртіп бойынша іле аттанып, оқиға орнына жеткен. Шынында да, ас үйдің айқара ашылған желдеткішінен қара түтін қаралы хабарды әйгілегендей будақ-будақ шығып жатыр. Шамасы үй іші отқа оранған. Адамдар аман болса екен деп тілеген іштей. Сөйтсе үй иесі – әжей су қайнатпақшы болған. Газға ыдысын қойып, астын тұтатқаннан кейін теледидар көруге жайғасқан. Тіпті су тасып, ыдысы босап, соңы өртке айналғанын да аңғармаған. Әдейі істеген дүние емес, жасы жер ортасынан асқан адамның жадындағы жаңғалақтығы. Іле жеткен өрт сөндірушілер лезде газ баллонын оқиға орнынан алып шыққан. Перделер мен газға жақын тұрған жиһаздардың отқа оранғаны болмаса, басқасы аман. Ең бастысы, теледидар көріп отырған әжеміз өзі туындатқан төтенше жағдайдан зардап шекпеген. Істің мәнісіне қаныққаннан кейін өрт сөндірушілерге ақ алғысын жолдап, батасын беріп жатыр. Газ баллонын уақытында алып шыққандарына да дән риза.
– Мамандығымыз, әрине, қауіп-қатерге толы, – дейді кіші сержант Джалиль Баржақсыұлы, – осы мамандыққа баулыған бөлімше командирі Самат Жүкеновті тәлімгерім ретінде санаймын. Қарауыл бастығы Олжас Жолдаспаев, аға өрт сөндіруші Жасұлан Ыбыраев тәрізді азаматтармен қоян-қолтық жұмыс істеген кезде бір-бірімізге әрдайым нық сенімдіміз. Серігің сенімді болса, кез келген қауіп-қатердің алдын алып, зардабын жоюға болады.
Бұл енді қауіп-қатерге әбден еті үйреніп, тәжірибесі толысқан кезіндегі әңгімесі. Әйтпесе, алғашқы бетте көңілде сәл-пәл қорқыныштың болғанын да жасырмайды. Бірде кезекшілік бөліміне қоңырау түскен. Сөйтсе, ауылдағы тұрғын үйдің бірі отқа ораныпты.
– Қызыл жалынға оранған үйді көрген кезде тұла бойым түршігіп, от ішіне кіріп кетуге жүрегің дауаламайды екен, – дейді өзі, – сол оқиға кезінде әріптестерім от ортасында қалған адамдарды өз бастарын қатерге тігіп жүріп, ажалдан аман алып қалды. Мен сол сәтте өз мамандығымның қоғам үшін қаншалықты қажет екендігін түсіндім. Кейін кез келген төтенше оқиға орнына барған кезде, ең алдымен, ең қымбат адам өмірі үшін күресу қажет екендігін ұқтым.
Туған жерінің қадірін жете түсінген, тілі мен дәстүрін шынайы құрметтейтін кіші сержант қазір елінің амандығы үшін жан аямай қызмет етіп жүр. Өзінің айтуына қарағанда, от пен судан қорықпайтын өжеттілік, маңдайына жазылған мамандыққа адал болу туған жерінің топырағынан және өзі туған тілі санайтын қазақ тілінің құдіретімен тұла бойына дарыған. Біз де осы уәжге құлай сендік.
Ақмола облысы,
Зеренді ауданы