Әдебиет • 22 Наурыз, 2022

«Алтын күректей» әйгілі ән

422 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«Наурыз айы туғанда,
Той болушы еді бұл маңда» деп бастап жіберсе, сіз де әнді іліп әкетесіз. Әуелі өлеңі туған бұл ән осылай тұтасып түсе салған тәрізді. Әуені мен өлеңі кірігіп кеткені сонша, қазір сөзін жеке жыр ретінде оқу қиындау. Бірден әні баурап алып кетеді.

«Алтын күректей» әйгілі ән

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Жыл басы саналатын Наурыз мейрамына арналған әндердің ішінде ең көп шырқалатыны – осы «Наурыз-думан» әні. Қар көбесін сөгіп келген «алтын күректей» лебімен тыңдарманын дүр сілкіндіреді. Өлеңін 1973 жылы Мұқағали Мақатаев жазыпты. Бұған қосар және бір туынды бар жетегінде. Ол да Наурыз туралы ғажап өлең, мынауысы әнге айналып кеткендігімен атақты. Роза Рымбаева шырқап шыққанда, сахнаны жандырып жібереді. Өлең атын шығарған әннің тууына себепші Роза апайдың еңбегін айналып өтуге болмайды. Қазақ даласына Кеңес өкіметі орнағалы тойлауға тыйым салынған Наурыз алғаш 1988 жылы салтанатты түрде аталып өткелі жат­қанда, әншіге лайықты ән тауып, шыр­қау тапсырылыпты. Роза апайдың көзіне Мұқағалидың «Наурыз» өлеңі түседі. Ақынның жыры жазылған кітапты алып, композитор Талғат Сарыбаевқа барып әуенін жазып беруін өтінеді. Ол кісі жазғанда да, келістірген. Роза апайдың күйеуі Тасқын Оқаповтың өңдеуімен ән сол жылғы Наурыз мейрамында жарқ ете қалады ғой. Арадағы алпыс жылдан астам үзілістен соң, Наурыз алғаш тойланғанда шырқалған әнді қар көбесін тұңғыш сөккен «алтын күрекке» балауымыз сондықтан. Ақын Мұхтар Шаханов:

«Қанша ғасыр сән берген даламызға

Өзгеше бір әні едің байтақ елдің,

Сәлем, Наурыз! Сен біздің арамызға

Алпыс екі жылдан соң қайта келдің.

Сен ең көне жырысың санамыздың,

Рухи шаттығымсың тасып толған.

Сені тойлап, бабасы бабамыздың

Әжемнің әжесіне ғашық болған»,

деп жырлайтыны осы тұс.

Әннің қысқаша тарихы әр жерде жазылып жүргенімен, шумақтарында бұғып жатқан шындық пен емеуріндер туралы көп айтыла бермейді. Біз өлең жолдары тек мерекелік көтеріңкі көңіл күйден ғана тұрмайтынын айтқымыз келеді. 

«Наурыз айы туғанда,

Той болушы еді бұл маңда. 

Сақталушы еді сыбаға,

Сапарға кеткен ұлдарға,

Наурыз айы туғанда»

деп бір қайыра­ды ақын. «Той болушы еді бұл маңда» деп өткен шақпен сөйлейді. Осындағы өлең­нің бар құпиясы елеусіз ғана «еді» етіс­тігіне көмкеріле салған. Яғни кілт сөз – бұрынғы өткен шақ «еді». Ертеде той­­ланған, одан кейін тойланбаған... Ақын бала күнінде Наурыз тойын көрді ме екен, әлде үлкендерден естіді ме екен, ол жағы бізге беймәлім. Мүмкін ел ішінде жыл келді деп жасырын тойла­ғандар болған да шығар. Тарихта ондай мы­салдар жетіп артылмай ма? Келесі екі жол бала Мұқаңның Наурыз тойына куә болғанын растай түсетін сияқты. Бала Мұ­қаң дейтін себебіміз, «сақталушы еді сыбаға, сапарға кеткен ұлдарға» деп та­ғы да өткен шақпен жазады. Өлеңнің бас­тапқы сөз қолданысына байланысты әлгін­дей ырғақпен кетті деп айта алмаймыз.

Туған-туыс, құда-құдағи, көрші-көлем, тағы басқаларын есептемегенде, сыбаға ұзақ сапарға кеткен ұлдарға сақта­лады. Әскерге кетіп бара жатқан жігіт­терге сақтайды деп еститінбіз. Екі-үш жылға әскерге немесе майданға кеткен адамға құрт сияқты бүлінбейтін ас сақтамаса, өзгелері ұзақ уақытқа төтеп бермесі анық. Келген әрбір жаңа жылдан жақсылық күтетін ырымшыл қазақ Алладан баласының аман оралуын тілейтінін ұғу қиын емес. Дәм беріп дұға қылмай ма Наурыз тойында? Оның үстіне ақынның балалық шағы соғыс жылдарымен тұспа-тұс келеді.

«Наурыз, наурыз, күн игі!

Күні игі жердің түрі игі.

Бауыры жылып науат-қар,

Бабымен ғана жібиді.

Шашылып ырыс шанақтан,

Шақырып бір үй бір үйді,

Шаттанушы еді бір игі».

Мұнда да табиғи құбылыстарды суреттей келе, төменгі жағында қазақ ауылының тынысын айтып кетеді. «Шақырып бір үй бір үйді, шаттанушы еді бір игі» дегенде, тағы да «едімен» құлата салады. «Бұрын игілер бір шаттанушы еді, бүгін ол да жоққа саяды». 

«Осынау игі кең жерге,

Наурыз айы келгенде,

Наурыз тойын бергенде,

Көрмегендер де арманда,

Арманда – оны көрген де.

Келіп ем өмір-орманға,

Наурыз айы келгенде».

Бұдан жоғарыдағы шумақтарда ақын елде Наурыз тойланбай қалғанын емеурін етіп, жылдың келетінін табиғат құбылысымен астастыра суреттесе, мына шумақта сол ойды жалғастыра келе, өз басының шындығын жайып салғанға ұқсайды. «Келіп ем өмір-орманға, Наурыз айы келгенде» дейді өлеңге өтірік айтпаған Мұқаң. Дүйім ел туған күнін 9 ақпанда тойлап жүрген Мұқағали Мақатаев нау­рыз айында дүниеге келген дейтіндер табылады. Айтқан сөздері де қисынды. Ол туралы ақынның анасы Нағиман апа естелігінде: «Мұқағалиым 1931 жылы нау­рыз айының 8-де дүниеге келген болатын. Жаңылысуым мүмкін емес. Себебі балам мынау фәнидің есігін ашқаннан біраз уақыт кейін Наурыз тойы болады, наурызкөже жасаймыз деп күтіп отырғанбыз»,  депті. Мұны Мұқағали Мақатаев атындағы әдеби сыйлықтың лауреаты Оразақын Асқар былай толықтырады: «Ал құжат бойынша Мұқағали 9 ақпанда дүниеге келген. Бұл куәлікті ақын ес білген кезде сол кездегі сайлау науқанына байланыс­ты өзі жаздырып алған екен», дейді. Бұл енді ақындардың көбі білгенімен, айта қоймайтын әңгіме. Жалғыз-ақ осы жыры арқылы автор наурыз айына қатысы бардың бәрін жазып кеткені көрінеді. Кейіннен әні туып, халықтың жүрегіне сезім ұялатып, жадында аңыз болып көшіп жүргені тегін емес.

Қазақтағы Наурыз туралы маңдайалды әннің авторы «алтын күрекпен» бірге нау­рызда тумаса не болғаны, бірақ...