Ел болдық, кеткен есеміз қайтты деп жүрген кезде бұл қасірет мемлекетімізге қатер болып жабысыпты. Бабалар әруағы жар болған шығар, ол қасіреттен құтылып отырмыз. Елдің іргесінің бүтіндігін, шығар түтіннің түзулігін қу дүниенің жолына байлап, ұрпақ алдында күнәға бату қандай қасірет қамыты еді. Ендігі жерде елдігімізден басқа құндылығымыздың жоқ екенін түсіндік. Өзіміз ғана түсініп қоймай, ұрпақтың да санасына сіңіретін сәт туып отыр.
Жолдауда Президент «Мен Қазақстан халқының ертеңі емес, бүгін бақытты болғанын қалаймын» деді. Бұл ақиқат сөз. Дәл бүгінгі істі атқару ең тиімді шаруа екені сөзсіз. Сол секілді Жолдауда шексіз билікті азайтып, Парламенттің беделін көтеру туралы ой көңілге қонды. Мұндай сөз бұрын да айтылған. Бірақ ол орындалмады. Ата Заңға да біраз өзгерістер енгізіледі екен. Бұл көкейдегі көп үмітті оятты. Үш облыс қайта құрылады, бұл да арғы-бергі «шапқыншылықтан» құтқарары анық. Әкім қаралар бұрынғыдай әкімдік қызмет пен партияның жұмысын да қатар атқара алмайды. Тек өз шаруасын тиянақтауы тиіс. Партия сөзі деген жалғандықтан арылады.
Президент Қ.Тоқаев «Күмәнді көрсеткішке алданбаймыз» деді. Бұл дегенің әр істі көзбен көріп, қолмен ұстауды талап етеді. Ең бастысы, халықтың жүйкесін жұқартқан жалғандық емес, өтірік көрсеткіштер, бюрократияның жолы кесіледі дегенді білдіреді. Осындай талап әр мекеменің маңдайшасында, әр басшының желкесінде тұрса, Президент айтқан күмәнді көрсеткіштер орын алмайтыны хақ. Бір сөзбен айтқанда, Жолдауды дүрілдетіп қолдаумен емес, тапсырманы орындаумен іске асырсақ жұрттың соңғы сенімі оянып, бұдан кейінгі жерде үміті үкілей беретіні сөзсіз. Сонда ғана жаңа Қазақстанның жарқын жұмысы, ақиқат ісі көрініп, халқымыз осылай өмір сүруіміз керек екен ғой дейтіні айдай ақиқат.
Сүлеймен МӘМЕТ,
жазушы-журналист