Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Азия барысына айнала аламыз ба?
Еліміз өзінің даму стратегиясына қажетті озық үрдістерді «Азия жолбарыстарына» баланған Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерінен де алуға тырысатыны белгілі. Тұтастай бұл өркениетті әлемге тән құбылыс. Сары құрлықтың «жолбарыстары» өзгелерден кем болмауы үшін білім мен инновацияға басымдық беріп, оның нәтижесі көп күттірмеді. Мәселен, Оңтүстік Корея, Сингапур, Тайвань (Тайпей) және Гонконг Азияның технологиялық алыптарына айналғалы қашан?!
Жақсылардан қалмау үшін Қазақстан да бұл бағытта қамданып-ақ келеді. Айталық, Data-driven Government (Деректерге негізделген мемлекет) идеясы. Оның түпкілікті мақсаты – тың технологияға негізделген бірыңғай цифрлы платформаны құру арқылы тиімді мемлекеттік басқару моделіне ауысып, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ экономикалық өсімге жол ашу.
Платформаны орналастырудың басты назарында – жаңа цифрлы шынайылық жағдайындағы Қазақстан азаматы. Бұл дегеніміз, мемлекет инновациялық технологиялардың негізінде әр адамға өз қабілеттерін ашуға көмектесіп, оның қолайлы өмірі сүруіне, сол секілді әлеуетін іске асырып қауіпсіз орта қалыптастыруға жағдай жасауға тиіс.
Аталған платформаны құру азаматтар мен бизнеске және тұтастай елімізге – мемлекеттік қызмет сапасының жақсаруына, дербес деректердің қауіпсіздік деңгейінің артуына, «көрінбейтін мемлекет» қағидатын іске асыруға, коммерциялық қызметтерді мемлекетпен интеграциялауға, мемлекетпен өзара іс-қимыл жасаудағы шығындарды азайтуға, шағын және орта бизнеске мемлекеттік IT нарыққа жол ашуға («Мемлекеттік маркет»), технологиялық егемендікті күшейтуге, деректер негізіндегі мемлекетті басқарып, сыбайлас жемқорлықты азайту мен киберқауіпсіздіктің жаңа деңгейін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Цифрлы байланыстың ауқымы кеңейеді
Цифрлы даму министрлігі осы тұжырымдаманы жүзеге асыру арқылы адам мен мемлекеттің өзара байланысы жаңа деңгейге көтеріледі деген үмітте. Үкімет мемлекеттік ақпараттық жүйелер мен деректер базасының көмегімен ұсынылатын бірлі-жарым «дәлме-дәл» сервистерді былай қойып, мемлекеттік органдардың бизнеспен бірлесіп әзірлеген мәліметтердің бірыңғай массивіне және олармен жұмыс істеу алгоритмдеріне сәйкес азаматтардың мәселесін кешенді түрде шешуге ауысуды көздеп отыр. Бұл ретте заманауи технологиялар жеке тұлғалардың дербес деректерін заңсыз қолданудан неғұрлым тиімді қорғап, сенімді резервке қою арқылы олардың жоғалуының алдын алады. Әрбір адам мемлекеттік платформада анықталған соң өзінің «цифрлы көшірмесінің» көмегімен ақпараттық экожүйені пайдаланып, қажеттіліктеріне сай жедел режімде цифрлы қызметтерді ала алады. Демек бұл платформа көптеген басқару функциясын мемлекеттік органдардың көмегімен емес, платформалық шешімдер арқылы орындауға болатынын дәлелдейді.
Адами факторға байланысты тәуекелдер азаяды
Бірыңғай цифрлы платформаны құрудың басты мәні мемлекеттің азаматтар мен бизнеспен арадағы байланысын дәстүрлі «сервистік орталық» моделінен адамға орталықтандырылған модельге толық көшіруде жатыр. Бұл азаматтардың өмір сүру сапасын жақсартуға, Қазақстан экономикасының тұрақты өсімін қамтамасыз етуге, оның жаһандық бәсекеге қабілеттілігін нығайтып, мемлекеттің рөлі мен функцияларын оңтайландырумен бірге сыбайлас жемқорлықты жоюға бағытталған қажетті міндет. Мемлекеттік басқару әдісін қызметтер көрсету бағытынан тікелей адамға бағдарланған тәсілге көшу арқылы өзгерту көрсетілетін қызметтердің сапасын айтарлықтай жақсартуға, «кастомизациялау» (өнімге нақты тұтынушының тапсырысына сәйкес сипат беру) мен ұсынылатын қызметтердің жеделдігін арттыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік басқарудың осы моделі билікке азаматтардың жекелеген қажеттіліктерін ғана емес, кез келген жағдайға байланысты тұтастай сұраныстарын қанағаттандыруға септеседі. Бұл жағдайда барлық процесс оқшауланбай жиынтық түрінде «клиент жолымен» (Customer Journey) жүргізіледі. Мұның нәтижесіне сәйкес мемлекеттік қызметтерді көрсету қағидаты «ведомстволық көздерден» клиенттік жолдарға негізделген домендерге ауыстырылады. Былайша айтқанда, еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесі «көрінбейтін мемлекет» қағидатына сай келіп, азаматтарға арналған қызмет көрсету процестері білінбейтіндей, әйтсе де ұсынылатын қызметтер халықтың сұранысын қанағаттандырып, мемлекеттің жұмысы ашық болуға тиіс.
Ескіліктен арылу қиын шаруа
Цифрлы трансформацияны іске асырудың қиындығы – қазіргі басқару жүйесі қолданыстағы ескі тетікті барынша ұзақ мерзімге сақтауға мүдделі. Сол себепті қалыптасқан басқару әдістерінен перспективалы жолға көшіп, оны қарқындату үдерісі ұйымдастырылуы керек. Жоба авторлары айтқандай, оны ең жоғары межеде – Мемлекет басшысы мен Премьер-Министрдің деңгейінде үйлестіріп қолдау қажет. Платформаның бас сәулетшісі рөлінің енгізілуі және цифрлы трансформация шеңберінде басқарушылық және қаржылық ресурстарды шоғырландыру тұтастай цифрлы трансформацияның табыстылығын айқындайтын шешім. Осы басқару құрылымының құзыретіне қазіргі мемлекеттік органдардың қызметін автоматтандыруға бөлінетін бүкіл бюджет берілуге тиіс дейді тұжырымдама авторлары. Әлбетте, бірінші кезеңде осы бюджетті қолданыстағы жүйелерді күтіп ұстау мен даму міндеттерін жүзеге асыруға бөлуге тура келеді. Бірақ Цифрлы трансформация орталығы цифрлы экономикаға тікелей қатысты ережелерді әзірлеп, жаңа платформалық шешімдермен ауыстырылатын ескірген мемлекеттік функциялар мен сервистерден біртіндеп бас тартуы керек.
Мемлекеттің жұмыс қабілеттілігін сақтап, жүйені түбегейлі ауыстыру кезінде болатын теріс салдарды алдын алу мақсатында осы тұжырымдаманың аясында платформалық жолды таңдау тиімді деп саналып отыр. Яғни IT-мемлекеттің сервистік экожүйесін құрып, бірақ жұмыс істеп тұрған жүйелерді қатар пайдалану орынды. Цифрлы трансформация процесінде мемлекеттік басқаруға тың мүмкіндіктер беретін жаңа қағидаттар мен технологиялар негізінде қолданыстағы мемлекеттік автоматтандыру жүйелерімен қатар жаңа экожүйе салынады. Осы арқылы қолданыстағы жүйелердің функциялары мен қызметтері біртіндеп алмастырылып, өтпелі кезеңде ескі мен жаңа жүйелер қатар қолданылады. Десе де ескі технологияның қызметтері кезең-кезеңімен жаңа платформаға ауысады.
Қауіпсіздіктің маңызы артады
Мемлекеттік басқарудың цифрлы трансформациясын сәтті іске асыру үшін әсіресе жеке мәліметтердің ақпараттық қауіпсіздігін күшейту аса маңызды. Неге десеңіз, тың өзгерістер инновациялар мен өркендеуді ынталандырғанымен кибертәуекелдер қауіпсіздікті құнттаудың жан-жақты стратегиясын қарастыруды талап етеді. Цифрлы бағыттағы стратегиялық мақсаттар мен болжамды қауіптің ауқымын ескеріп, кибер тәуекелдерді басқаруда 3 негізгі бағыт бойынша жұмыс жүргізілуі қажет. Атап айтқанда, саяси, техникалық бағыттағы кибершабуылдардың алдын алу. Екіншіден, ықтимал қауіптерді анықтап, уақтылы ескертуге мүмкіндік беретін ерте хабарлау жүйесін әзірлеу. Үшіншіден, шабуылдарға шапшаң ден қойып, мемлекет пен жекелеген ұйымдар мен тұтастай платформаның қызметіне мейілінше аз әсер ететіндей, жүйелердің жұмысын қалпына келтіруге тез дағдылану.
Инфрақұрылым тұрғысынан қарағанда жоғарыда аталған барлық міндетті қажетті және жеткілікті көлемдегі цифрлы инфрақұрылымсыз жүзеге асыру қиын. Мемлекеттік басқарудың іркіліссіз жұмысы үшін тиісті талаптарға сәйкес келетін Деректерді өңдеу орталықтары болмаса, қосылған кең байланыс арналары мен басқа да инфрақұрылымдық және коммуникациялық элементтер қарастырылмаған жағдайда цифрлы эволюцияны іске асырып, бірыңғай платформаның толыққанды жұмыс істеуі мүмкін емес.
Тиімді шешім қабылдаудың балама жолы
Бірыңғай цифрлы платформаны енгізудің нәтижесінде Қазақстан стратегиялық шешімдер қабылдап, мемлекеттік басқарудың икемді, объективті және жылдам тетігін иеленеді. Ақыры, мемлекет құрылымсыз, бытыраңқы деректермен сипатталатын және әр қызметті бөлшектеп алуға тура келетін жүйенің айналасынан кетеді. Оның орнына еліміз «адамның айналасындағы» архитектураға көшіп, әр азаматқа барлық дерек жинақталатын бірыңғай профиль қызметі ұсынылады. Аталған архитектура бірыңғай мета-модельдегі анықтамалық деректермен, деректер сапасын бақылаудың үздіксіз процесімен, кез келген жағдайға байланысты қажеттіліктерге сай интеграцияланған қызметтерді проактивті ұсынумен ерекшеленбек. Бұл тетік азаматтар мен бизнестің мемлекетке деген сенімін жаңғыртып, даму мен инновацияға бағытталған тікелей шетелдік инвестициялар ағыны мен еліміздің тартымдылығын, сондай-ақ экономиканың бәсекеге қабілеттілігін ұлғайтудың қозғаушы күшіне айналуы тиіс.
Әрине бұл идеяны әлі IT-қауымдастықтың сүзгісінен өткізіп, қоғамдық талқылауға салу қажет. Ал оның қаншалықты табысты жүзеге асатынын уақыт төреші көрсетер.