«Алдымен экономика, сосын саясат» деген қағида қоғамдық жүйені демократияландыруға алып келеді, бұл фактор ел мен жердің, мемлекеттің байлығын халыққа қолжетімді болуына жол ашады деп үміттендік. Бірақ үміт ақталмады: қоғам байлар мен кедейлер деп аталатын екі жікке бөлінді. Бұл фактор әлеуметтік әділетсіздік пен теңсіздікті тудырып қана қоймай, экономиканың тұрақты дамуын тежеді.
Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанның құрылысын оның саяси негізін қайта құрудан бастауға ниеттеніп отыр. Біріншіден, суперпрезиденттік басқару түрінен күшті Парламенті бар президенттік республикаға өтіп жатқанымызды атап өткен жөн. Бұл билік институты мен елдің тұрақты дамуы арасындағы оңтайлы теңгерімді қалыптастырады. Мұндай саяси жүйе Қазақстанда жеке басына табынушылықа, фаворитизм мен биліктің бір қолға шоғырлануына жол бермейді деп ойлаймын.
Енді Мәжіліс депутаттары жартылай мажоритарлық негізде сайлаушылардың тікелей дауыс беруі арқылы сайланатын болады. Партиялық тізім бойынша депутаттарды ұсынуға келетін болсақ, бұл жерде де прогрессивті демократиялық өзгерістерге басымдық берілмек. Нәтижесінде, саяси партияларды тіркеу айтарлықтай жеңілдетіліп, партияның сайлаудағы жеңісі тек бәсекемен анықталады.
Мемлекет басшысының партиядан шығу туралы шешімін дұрыс деп қабылдадым. Ендігі жерде бұл фактор партиялық жүйені қалыптастыруда ашық бәсекелестікке кепілдік береді. Әкімдер мен олардың орынбасарларының партия филиалдарында қызмет атқаруына тыйым салуды заңмен бекіту принципті маңызды деп санаймын. Сенат жұмысын іштей білетін сенатор ретінде мен үшін Мемлекет басшысының қос палаталы Парламентті неліктен қолдағаны түсінікті.
Себебі Парламенттің жұмыс нәтижесі депутаттардың санында емес, олардың жұмысының сапасымен өлшенеді. Атқарушы билік жұмысындағы басты мәселе ел бюджетіндегі қаражаттың жетіспеушілігінде емес, оның тиімді жұмсалуымен анықталады. Қарапайым тілмен айтқанда, әрбір депутат Үкімет жұмысының осал тұстарын айтып, экономиканы тиімді басқаруды талап етсе, өміріміз әлдеқайда жақсарар еді.
Менің ойымша, Президент дәл осындай қоғамға қажетті ықпалды Парламенттің қалыптасуына қажетті іргетас жасап жатыр. Қаңтар қасіреті саяси тұрақтылықтың, мемлекеттің біртұтастылығының қадірін жаңа сипатта ұқтырып кетті. Көрші елдердегі саяси тұрақсыздық, санкциялар соғысы жекелеген елдерде ғана емес, жалпы Жер шарындағы саяси тұрақтылыққа қатер төндіріп тұр. Бізге қазір мемлекеттілігіміздің біртұтастығын көзіміздің қарашығындай қорғайтын сәт келді. Сондықтан мемлекетімізді, қорғаныс қабілетімізді нығайтуымыз үшін халық қолдайтын мықты билік керек.
Иә, бүгінде Мемлекет басшысы еліміздің экономикалық-әлеуметтік дамуының нақты бағдарламасын ұсынды. Бірақ оны азаматтық қоғамды жаңғыртусыз толық жүзеге асыру мүмкін емес. Дамыған елдердің әрбір азаматы демократиялық даму институттары арқылы мемлекеттік басқаруға атсалысады. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үшін халықтың қолдауы мен сенімі маңызды екенін диван батырлары деңгейінде емес, саяси белсенділігіміз арқылы қолдаудың кезі келгенін әрбіріміз түсінуіміз керек. Халықтың сенімі енді басталған өзгерістердің баянды болуы үшін, ішкі-сыртқы күштердің кедергі болмауы үшін қажет екенін Қаңтар оқиғасы көрсетті.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
Парламент Сенатының депутаты