Қазақстан • 24 Наурыз, 2022

Бауырлас елдердің басын қосты

291 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық Түркі академиясы Нұр-Сұлтан қаласында Наурыз мейрамына арналған мерекелік іс-шара өткізді.

Бауырлас елдердің басын қосты

Түркі академиясының жаңа ғима­ратында өткен тағылымды бас­қосу­ға Халықаралық Түркі акаде­мия­сының президенті Дархан Қыдырәлі, Қырғыз Республикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкілет­ті елшісі Дастан Дюшекеев, Өзбек­стан Республикасының Қазақстан­дағы Төтенше және өкілетті елшісі Саидикрам Ниязходжаев, Түрік­мен­станның Қазақстан Респуб­лика­сындағы Төтенше және өкілетті ел­шісі Батыр Реджепов, Мажарстан­ның Қазақ­стан Республикасындағы Төтен­ше және өкілетті елшісі Отто Иван Рона, Моңғолияның Қазақстан Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Доржийн Баярхүү, Тәжікстан Республикасының Қазақ­стандағы Төтенше және өкі­летті елшісі Хайрулло Ибодзода, Түркия­­ның Қазақстан Рес­пуб­ликасын­­дағы Төтенше және өкі­летті елші­сі Уфук Екиджи, Әзер­бай­жанның Қазақстан Республи­ка­сындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ағалар Атамоғланов, Қазақстан Парламенті Мәжі­лісінің депутаттары, бірқатар БАҚ басшылары, ұлттық мәдени ор­та­лық жетекшілері, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Салтанатты басқосуға жиналған­дар Түркі музейімен танысып, Тәжік­стан­ның Қазақстандағы елшілігі ұйым­дас­тырған көрмені тамашалады. Көр­меге тәжік халқының ұлттық қол­өнер бұйымдары мен Наурыз мейрамында ұсынылатын ас мәзірлері қойылған.

Басқосуды жүргізіп отырған Академия басшысы Дархан Қыдырәлі жаңару мен жаңғыру мейрамында Барыс жылына Жаңа Қазақстан ретінде нық қадам басқанымызды атап өтіп, Мемлекет басшысының биылғы Жолдауы тарихи өзгерістерге жол ашатын маңызды жаңалық болғанын айтты.

Құттықтау сөз алған мемлекет және қоғам қайраткері Әділ Ахметов жи­нал­ғандарды жыл басы – әз Наурыз мей­рамымен құттықтады.

Осыдан кейін мәртебелі меймандар ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай Түркі академиясы әзірлеп шығарған «Ахмет Байтұрсынұлы және Алаш» кітабының қазақ-орыс және ағылшын тіліндегі нұсқаларының тұсаукесер рәсіміне куә болды. Айта кету керек, аталған жинаққа Ахаңның 50 жасқа толған мерейтойында жасалған тарихи баяндамалар мен замандас­тары­ның, ізбасарлары мен бүгінгі буын зерттеушілерінің мазмұнды мақалалары топтастырылған. Кітап­тың ағылшын тіліндегі басылымы Қазақстанның Чехиядағы елшілігімен бірлесіп дайындалған.

Жаңа басылымдарды таныстырған Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі биылғы жыл түркі әлемі үшін ресми түрде «Ахмет Байтұрсынұлы жылы» деп жарияланатынын атап өтті.

Өз кезегінде құттықтау сөз сөй­леген Төтенше және өкілетті ел­шілер салтанатты басқосу­ды ұйым­дастырушыларға ризашылық­тарын білдіріп, Наурыз мейрамына орай ізгі тілектерін жеткізді.

Бұдан әрі қатысушылар түркі әлемін­де ежелден Наурыз мейрамын атап өту салтына сай төске балға соғып, Жыл басын қарсы алу рәсімін жасады. Түркі академиясы бұл ырымды жыл сайын орындап, игі дәстүрге айналдырып келеді.

Мерекелік іс-шара  меймандары Түркі академиясы арнайы жасақ­таған киіз үйге кіріп, Ұлыстың Ұлы күніне орай дайындалған дастарқан­нан дәм татты. Атап өту керек, тағылымды іс-шараға қатысып жатқан әрбір ел­шілік дастарқанға өздерінің ұлттық тағамдарын әкелген. Академия басшысы мәртебелі меймандарды киіз үйдің құрамымен және әшекейлерімен таныстырды.

Қатысушыларға Түркі академия­сының арнайы сыйлықтары тарту етілді.