Білім • 24 Наурыз, 2022

Білім министрлігі Алматы әкімдігіне қосымша өкілеттік береді

219 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Алматы әкімдігіне берілетін қосымша өкілеттіктер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Egemen.kz.

Білім министрлігі Алматы әкімдігіне қосымша өкілеттік береді

«Жуырда Мемлекет басшысы Алматы қаласының маңызды нысанының бірі – Оқушылар сарайында болды. Президент балалармен әңгімелесіп, онда жасалған жағдаймен және сарайдағы жаңғырту жұмыстарының нәтижесімен танысты. Алматыда қосымша білім беруді дамыту жұмыстары жақсы жолға қойылғанын атап өткім келеді.

Атап айтқанда:

- Қолданыстағы Оқушылар сарайын толықтай жаңғыртып қана қоймай, сонымен бірге заманауи екі инновациялық шығармашылық орталығы пайдалануға беріледі. - Келесі жылы ескі ғимараттарды бұзып, 3 оқушылар үйінің құрылысын салу жоспарланып отыр. Қазіргі күні жобалау жұмыстары басталып кетті.

- Мектептердің спорт алаңдарын қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде.

- Жас туристер мен натуралистер (табиғаттанушы) станциялары жаңартылады.

- Мемлекеттік білім беру, шығармашылық және спорттық тапсырыстар орналастырылуда. Жалпы, қазіргі таңда Алматы қаласы әкімдігінде басқа өңірлермен салыстырғанда білім саласын дамытуда барынша біртұтас және дәйекті саясат жүргізіліп жатқанын мойындау керек», деп жазды министр Facebook парақшасында.

Сол себепті қала басшылығының саланы дамыту ұстанымын, мегаполистің қолда бар қаржылық мүмкіндіктері мен кадрлық әлеуетін ескере отырып, министрлік Алматы қаласының әкімдігіне білім беру саласында қосымша өкілеттіктер беру туралы шешім қабылдаған.

«Министрліктің нормативтік актілерде арнайы шарттар мен құзыреттерді қарастырамыз. Сонымен қатар қаланың білім беру ұйымдары біздің негізгі инновациялық алаңдарымызға айналады. Өз тарапынан әкімдік барлық жаңа бастаманы қаржылай және ұйымдастырушылық жағынан қолдауға міндеттеме алады. Ал министрлік барлық жарияланған міндеттеменің орындалуын бақылауда ұстайды», деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.