Қазақстан • 24 Наурыз, 2022

Орман жамылғысының көлемін ұлғайту - маңызды іс

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ұлыстың Ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауы жарияланды. Жылдың басты құжатында Семей аймағында Абай облысын  құру қажеттігі айтылды. Жаңалықты өңір тұрғындары үлкен қуанышпен қабыл алды. 

Орман жамылғысының көлемін ұлғайту  - маңызды іс

Мемлекет басшысы: «Мемлекетіміздің өркендеуі  аймақтардың қуатты болуына  тікелей байланысты» дей келіп, «Ең алдымен, Семей аймағында Абай облысын құруды ұсынамын. Семей қаласы жаңа облыстың орталығы болады. Осы мәселені  аймақ тұрғындары көптен бері айтып жүргенін білемін. Қазір ол жақта шешімін таппаған түйткілдер аз емес. Мысалы, аймақтың ішкі инфрақұрылымы әбден тозған. Кезінде  Алаш арыстарының басын қосқан Семей қаласының жағдайы да мәз емес. Біз тарихи әділдікті орнатып, ұлыларымыз дүниеге келген киелі өлкені  қайта жаңғыртуға тиіспіз» деген болатын.

Бұл облыс мәртебесінен айрылған соңғы ширек ғасыр уақыттан бері қарай біраз еңсесі түсіп кеткен Семей қаласы дамиды,  жұмыс  орындары ашылады, халықтың әл-ауқаты жақсарады деген үмітімізді оятқан айтулы жаңалық болғаны рас. Семей қаласы облыс орталығы болса, Өскеменнен шалғай жатқан аудандардың тұрғындары үшін оңтайлы болады деп ойлаймын.

Қаңтар айынан бастап орман саласы  мамандарының   жалақысының  өскені де Үкіметтің  біздің жағдайымызға бей-жай қарамайтындығын  көрсетеді. 

21 наурыз Халықаралық орман күні екені мәлім. Шағын орманды мемлекеттер қатарына жататын Қазақстан үшін орман қорын сақтап, молайтудың маңызы зор. Президент тапсырмасымен 2021-2025 жылдар аралығында орман жамылғысының көлемін ұлғайту  міндеті жүктеліп отыр. Бұл ретте «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты ұжымының да атқарып жатқан жұмыстары аз емес.  2021 жылы ағаш отырғызу жұмыстарын сапалы орындау мақсатында, сонымен қатар, орман екпелеріне механикаландырылған күтім жасау үшін қажетті бірталай  заманауи техникалардың сатып алынғандығы да осы бағыттағы жұмыстардың бір парасы. Бұл жұмыстар тоқтамақ емес.

Нұрсұлу ҚАСЕНОВА,

«Семей орманы» МОТР» РММ

Бөкебай филиалының орман шаруашылығы инженері