Осы Жол картасының 22 тармағына сәйкес агенттіктің Қызылорда облысы бойынша департаментінің қызметкерлері қоғам белсенділерімен бірлесе отырып мемлекеттік сатып алу бағасын қолдан көтергендерді анықтап, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтауға мүмкіндік беретін «Бірыңғай сатып алу терезесі» веб-порталы арқылы облыс көлемінде жарияланып жатқан немесе жоспарланып отырған мемлекеттік сатып алуларға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп келеді.
Өткен жылы мемлекеттік сатып алу жоспарларына жүргізілген мониторинг қорытындысымен 80-нен аса мемлекеттік мекемеге ұсыныс жолданып, 3,3 млрд теңге мемлекет қаржысы үнемделіпті. Осы бағыттағы жұмыстар барысын баяндаған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Ғалия Әлімқұлова биыл да мемлекеттік сатып алуда заң шегінен аттап кеткендер азаймай отырғанын жеткізді.
Мысалы, мемлекеттік реттеу белгіленген бөлшек саудада өткізілетін мұнай өнімдеріне шекті бағалар белгілеу туралы Энергетика министрінің 2015 жылғы 19 мамырдағы №361 бұйрығына енгізілген өзгерістер негізінде 1 литр дизель жанармайы 230, АИ-92 маркалы бензин 182 теңгеден аспауы қажеттігі көрсетілген. Осыған қарамастан облыстағы 11 мемлекеттік мекеме дизель жанармайының 1 литрін 280 теңгеге дейінгі бағада, ал АИ-92 маркалы бензинді 205 теңгеден сатып алуды жоспарлап, мұнай өнімдеріне кететін шығынның жалпы сомасы 110 865 522 теңгеге жеткен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті мемлекеттік сатып алу лоттарын қайта қарау туралы ұсыным жолдап, бюджеттің бақандай 38 243 349 теңгесін үнемдеуге қол жеткізді.
Мониторинг барысында Қармақшы ауданындағы №275 орта мектебі мемлекеттік сатып алу порталында балаларға алынатын 1 күртені 1 670 143 теңгеге бағалап, 125 күртені 208 767 875 теңгеге сатып алуды жоспарлағаны белгілі болды. Бұл кемшілік бойынша да ұсыныс жолданып, 1 күртенің бағасы 16 701 теңгеге түсіріліп, 206 680 197 теңге мемлекет қаражаты кері қайтарылды.
Шиелі аудандық білім бөлімі қармақшылық әріптестерінен де асыра сілтеп жіберіпті. Олар 1 литр табиғи сүтті артық-кемі жоқ 14 577 000 теңгеге бағалаған. Бағаларды қайта қарау кезінде артық нөлдер азайтылып, баға 223 теңгеге түсті.
Департаменттегілер осы жылдың 2 айында 17 мекемеге жолданған ұсыныстардың нәтижесінде, жалпы сомасы 351 230 304 теңгенің үнемделгенін айтып отыр.
Оқиғаға байланысты әлеуметтік желіде пікір айтушылар көбейе бастаған соң облыстық білім басқармасы мәселенің мән-жайын түсіндірген жазба жариялады. Басқарма жауабында екі бөлім тарапынан да техникалық қате кеткендігі айтылады. Сонымен қатар олар көтеріңкі баға бойынша ешқандай мемлекеттік сатып алу жүргізілмегенін ескерте кетіпті.
ҚЫЗЫЛОРДА