Себебі Әзекеңді аупарткомның бірінші хатшысы, өзі де соғыс ардагері әрі құрдасы Айтбай Назарбеков әрдайым шын көңілмен елге шақырып, Алматыдан бес жүз шақырым жердегі шөлді аймаққа жеткенде құшағын кеңінен ашып, қуана қарсы алатын.
Сонда жазушы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың қарапайымдылықтың лебі ессе де, тағылымы мол тамаша әңгімелерін жалықпай тыңдап, басқа да ауыл еңбеккерлерімен жүздесетін. Онда түйген ойларының көбі кейіннен бірқатар әдемі әңгіме, очерктеріне арқау болды ғой.
Бір қызығы, Әзекең Мойынқұмға көп сапарлатып жүріп Айтекең мен ол басқарған аудан жайында «Райком хатшысы» деген шартты атаумен роман жаза бастаған екен. Бірақ Кеңес өкіметінің келмеске кетуі ол еңбегінің аяқсыз қалуына әсер еткен секілді...
Енді өткен ғасырдың жетпісінші жылдарының соңында түсірілген мына суретке келейік. Оң жақтан екінші, әрине, Әзекең. Ал сол жақтан бастасақ – аупарткомның насихат және үгіт бөлімінің меңгерушісі (кейіннен үшінші хатшы да болған), аймақтың әлеуметтік саласының дамуына үлкен үлес қосқан, марқұм Жұмабек Орынбаев, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, марқұм Айтбай Назарбеков, құрылыс саласының білікті маманы, осы ауданды басқарған, кейіннен Жоғарғы Кеңестің депутаты болған, марқұм Мұрат Сейдалиев, Мойынқұмның қадірлі қонағының бірі, қырғыздың белгілі ақын-жыршысы Естемес Тұрсыналиев, аудандағы №2006 ПМК-ға жемісті жетекшілік етіп, осы өңірдің атағын алысқа шығарған өте іскер азамат, марқұм Иван Экгардт.
Ең шетте тұрған кісіні анықтау мүмкін болмады, баланың да кім екені белгісіз...
Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист
Алматы облысы,
Қарасай ауданы