Әлем • 27 Наурыз, 2022

Бейбіт өмірдің ауылы алыс болып тұр

304 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бір айдан астам уақытта не өзгерді? Келіссөздер тоқырап қалды. Бейбіт өмірдің ауылы алыс болып тұр. Өткен сенбі күні Украина қарулы күштері Сумы облысындағы Тростянец қаласын азат еткенін хабарлады. Батыс елдері Брюссельде бас қосып, қақтығысқа қатысты ұстанымдарын тағы бір мәрте нақтылады.

Бейбіт өмірдің ауылы алыс болып тұр

Ұлыбританияның сыртқы іс­тер министрі Лиз Трасс Telegraph газе­тіне бер­ген сұхбатында Ресей­ге салынған санк­цияға қатысты пікір білдірді. Ведомство бас­шы­сының айтуынша, Кремль билігі Ук­раина аумағынан әскерін әкетсе және ке­лешекте шабуыл жасамауға кепілдік бол­ғанда ғана санкциялар алынып тасталады.

«Санкциялар атысты толық тоқ­тату және әскерді шығару, сон­дай-ақ бұдан әрі агрессия жа­сал­май­тыны жөнінде мін­деттеме алған жағдайда ғана жойылуы мүмкін», деді ол.

Лиз Трасстың сөзіне сүйенсек, Ресей қай­тадан Украина жеріне әскер енгізетіндей бол­са, шектеу қай­та салынады.

Украина президенті Воло­ди­мир Зеленский халыққа кезекті жолдауында атыс аймағындағы жағ­дайға тоқтала келе, орыс тілі жө­нінде пікір білдірді. Ол елде еш­қа­шан тілдік мәселе туындамағанын жеткізді.

«Украинада тіл мәселесі жоқ және болған да емес. Бірақ қазір тіл проблемасын Ресей өзі жасап отыр. Халқымыздың орыс тілінен безінуі үшін бәрін істеп жатыр. Өйт­кені орыс тілі Ресей халқымен байла­нысты деп есептеледі. Күн­делікті жары­лыстармен және адам өлімдерімен байланысты сезі­леді. Ресей мемлекетіміздің аума­ғында орыс­сыздандыру жүруі үшін бар­лығын жасап жатыр», деді В.Зе­ленский.

Демалыс күндері Ресей әс­кері Львов қала­сын атқылады. Облыс әкім­­шілігінің басшысы Максим Ко­зицкийдің айтуынша, Львов ма­ңында тағы үш күшті жар­ылыс ес­тілген. Львов мэрі Андрей Са­довый қалалық инфра­­қ­ұ­­ры­лым нысандары зардап шек­кенін, тұр­ғын үйлер зақымдан­бағанын жет­кізді. Оған дейін қа­лаға екі бомба түсіп, инфра­құ­­ры­лымға әжептәуір нұқ­сан кел­ген еді.

Ресейліктерге салынған шек­теу, тыйым жалғасып жатыр. Әсі­ресе орыс олигархтарына оңайға тиетін емес. Мәселен, Ұлыбри­тания үкіметі ресейлік миллиар­дер, мұнай магнаты және «Сиб­нефть» компаниясының бұрынғы президенті Евгений Швидлерге тиесілі ұшақтарды тәркіледі. Қа­зіргі таңда әуе кемелері Англия­дағы Фарнборо және Биггин Хилл әуежайларында тұр.

Ұлыбританияның көлік ми­нис­трі Грант Шаппс Украинада жазықсыз адамдар өліп жатқанда, «Путиннің достары» сән-сал­танат құрмауы керек екенін мә­лім­деді. Швидлерге лондондық «Челси» футбол клубының иесі Роман Абрамовичпен іскерлік байланысы болғаны үшін санкция салынды. Британ үкіметінің мәлі­меті бойынша оның байлығы 1,2 млрд фунт стерлингке ба­ға­ла­нады. Тәркіленген ұшақтар құны 60 млн долларға (45 млн фунт) тең.

Украина қорғаныс министрлігі таратқан мәліметтерге сүйенсек ресейлік тағы бір генерал, яғни генерал-лейтенант Яков Резанцев Херсон маңында зымыран соққы­сынан қаза тапқан. Я.Резанцев Ресей қарулы күштері 49-армия­сының қолбасшысы қызметін атқарған. Украиналық бұқаралық ақпарат құралдары генералдың Чернобаевка әуе база­сында қаза тап­қанын хабарлады. Әуежай Ресей­дің командалық пункті ретін­де пайдаланылған.

Резанцев – Украинада қаза тапқан төртінші ресей­лік ге­нерал. Дегенмен Украи­на қарулы күштері қазірдің өзінде сегіз генералдың қайтыс болғанын айтып отыр. Кейбір Батыс сарап­шылары мұндай жоғары шенді ресейлік офицерлер нелік­тен майдан шебіне жақын жүр­геніне таңғалады.

Еуропалық одаққа мүше мем­лекет­тердің басшылары Ресейдің әскери іс-қимылдары аяқталғаннан кейін Украинаны қалпына кел­тіруді қаржыландыру үшін ынты­мақ­тастықтың сенімді қорын құруға келісті. Брюссельде Еуро­одақ саммитінде бұдан да басқа мәселелер сөз болды.

«Ресей әскерінің Украинаға келтірген залалы мен ауқымды шығындарын ескере отырып, Еуро­палық одақ Украина үкі­меті­нің қажеттілігін қамтама­сыз етуге және Ресейдің ша­буы­лы аяқ­талғаннан кейін демо­кратиялық Украинаны қалпына келтіру үшін қолдау көр­сетуге дайын. Осы мақсатта Еуро­па­лық кеңес Украинамен ынты­мақ­тас­тық қорын құруға келісіп, оған ха­лықаралық серіктестерін қа­тысуға шақырады, сондай-ақ да­йын­дықты кешік­тірмей бас­тау­ға үндеп отыр», делінген мә­лім­демеде.

Саммитке қатысушылар со­нымен қатар Киевке Ливия мен Си­рияға кө­мек көрсету үшін өткі­зілген тұрақты конфе­ренция­лар сияқты халықаралық донор­­лар кон­ференциясын өткізуге уәде берді. Құжатта Еуропа­лық одақтың Украи­наға саяси, қар­жылық, материалдық және гума­нитарлық қолдау көрсетуді жал­ғас­тыратыны баса айтылған. Еуро­одақ елде­рінің көшбас­шы­лары сондай-ақ Ресей мен Бела­руське қарсы жаңа қатаң санк­ция­лар енгізуге дайын екенін хабар­лады.

Ресей әскері Киевтің солтүс­тігі­не қарай 120 шақырым жер­дегі Славутич қа­ла­сына кіріп, жер­гілікті аурухананы қарамағына алды. Сенбі күні таңертеңнен бас­тап қалада Украинаны қолдаған митинг өтті.​

АҚШ президенті Джо Бай­ден 26 нау­рызда Варшавада Украи­наның екі минис­трі – сырт­қы істер министрі Дмитрий Куле­ба мен қорғаныс министрі Алек­сей Резни­ковпен кездесті. Бұл – Ресей Украи­наға әскер кіргізгелі бері Аме­рика мен Ук­раинаның жоғары лауазымды тұлғалары арасында өткен алғашқы кездесу.

Украина қорғаныс министрінің кеңесшісі Маркиан Лубкивский британдық BBC Radio 4 радио­сына «Украина күштері Херсонды бүгін қайтарады» деп мәлімдеді. Киевте 26 наурыз кешкі сағат 8-ден бастап, 28 наурыз таңертеңгі сағат 7-ге дейін коменданттық сағат енгізілді.

Spotify сервисі Ресейден толық кететінін мәлімдеді. Google Play мен Apple Pay ресейлік «Мир» картасымен жұмыс істеуден бас тартты. Франция, Түркия мен Гру­зия Мариупольдің бейбіт тұрғын­дарын құтқару жоспарын ұсын­бақшы. АҚШ Ресейдің қорғаныс саласына қызмет көрсететін ком­панияларға санкция салады.

Ресей қорғаныс министрлігінің хабар­лауынша, Украинадағы қақтығыс басталғалы бері 1351 Ресей сол­даты қаза болған және 3825 адам жара­ланған. Алайда Украина тарапы кел­тірген мәлі­метке сүйен­сек, қазірдің өзінде қаза тапқан­дар саны 16 мыңнан асып кеткен. Батыс сарапшылары жарақат алған­дар саны 50 мыңға жуықта­ғанын айтады.

Батыс басылымдарының жа­зуын­ша, Ресей президенті Владимир Пу­тин химиялық не биологиялық қа­руды қолдануы мүмкін. БҰҰ Украи­надағы гума­нитарлық жағ­дай туралы есебін жариялады. Онда 953 бейбіт тұр­ғын қаза тап­ты, 1557 адам жарақат алды деп айтылады. Елден қашуға мәж­бүр бол­ған босқындар саны 3,5 миллион адамға жеткен.