Қоғам • 28 Наурыз, 2022

Қазандық тозған, қарыз шашетектен

339 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Көкшетаулықтардың қытымыр қыстан қысылмай шыққанымен, көңілі күпті. Облыс орталығына жарты ғасырға жуық үздіксіз жылу беріп тұрған №1 жылыту қазандығының әбден тозығы жеткен.

Қазандық тозған, қарыз шашетектен

Коллажды жасаған Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

Қыс майтоңғысыз болғаны­мен, көктем суық. Қазір облыс орта­лығындағы көпқабатты пәтер­лердің тұрғындары жаурап отыр. Әсіресе, шеткі шағын аудандарда. Білім ошақтары мен мектепке дейінгі мекемелер, ауруханалар, мәдениет саласының ғимараттары да салқындады.

– Әсіресе, балалар мен төсек тартып жатқан науқастарға қиын болып тұр. Қозғалмағаннан кейін жылына да алмайды ғой. Қақаған қыста дәл мұндай суымап еді. Жылу ақысын уақытында төлей­міз, бірақ тиісінше сапалы қыз­ме­тін көре алмай отырмыз. Мәсе­ле­нің мәнісі неде екен? – дейді қала тұрғыны Қоныс Есенбаев.

Көкшетау – республикадағы жылу тарифі ең арзан қалалардың бірі. Жергілікті жердегі орташа табыс мөлшеріне сәйкес деуге де болар. Тарифті көтеру – тығы­рық­тан шығар жол емес. Түптеп келгенде, толғандырып отырған жайдың төркіні басқада. Мәселен, облыс орталығындағы №1 жылыту қазандығы сонау 1977 жы­лы салынып, пайдалануға бе­ріл­ген. 45 жыл бойы үздіксіз жұ­мыс істегендіктен, әбден тозып, ескірген. Мамандардың айтуы­на қарағанда, бұдан әрі бұл қазан­дықтарды пайдалану мүм­кін емес. Қазандықта болған кезі­міз­де көз аштырмайтын көк тү­тін­ді, тозған пештерден ұшып жатқан ұшқынды көзімізбен көрдік.

– Қазандық агрегаттарын күр­делі жөндеуден өткізуіміз қажет. Қосалқы жабдықтардың бағасы удай. Оның үстіне мұндағы электр желілері де тозып тұр. Алдағы жылу маусымына дайындық үшін 2 млрд теңгеден астам қара­­жат қажет. Қазір әлемдегі гео­­саяси жағдайға байланысты темір қымбаттады. Бірнеше жылдан бері төлемақы уақытында төленбей, қордаланып қалған қа­рыз да бар. Су мен электр қуаты­на қарызымыздан бөлек, қала тұрғындарының да берешегі де көп, – дейді «Көкшетау жылу» мекемесінің бас директоры Руслан Мақышев.

Міне, қала тұрғындарының көңілін күпті етіп отырған жай – осы. Келер қысқа қапысыз қамдана аламыз ба? Қазірдің өзінде 3,5 млрд теңге қарыз қор­даланып қалған. Қарызға бат­қан соң кәсіпорын жөндеу жұмыс­тарын жүргізе алмай отыр. Жергілікті билік қазан­дықты жаң­ғыртуға қаражат бөлуге да­йын болғанымен, қажетті сома­ның көлемі әлі белгісіз. Өйт­кені жаңғырту жұмыстары қанша­лықты деңгейде жүргізіледі. Алды­мен соны есептеу қажет.

– Біз жыл сайын өз мүмкін­дігі­мізше жылу беру маусымы­на дайындық жүргіземіз. Бюджеттің шамасына орай конкурстық рә­сім­дер дайындалуда. Маусым айын­да жөндеу жұмыстарын бас­таймыз. Тозығы жеткен қазан­дықты қайта жаңғыртқаннан да жылу электр орталығын сал­ған әлдеқайда ұтымды. Маусым айын­да жөндеу жұмыстары басталады, – дейді облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Данияр Қуанышбаев.

Енді бірауыз сөз жылу электр орталығы жайлы. Көкшетау – еліміздегі жылу электр орталығы жоқ жалғыз қала. Орталық салу туралы мәселе биік мінберлерден сан мәрте көтерілген. Соңғы он жылда бірнеше инвестор келіп, уәде де берілген. Бірақ әлі жүзеге аспай келеді. Сан мәрте сараптама да жасалды.

– Қазандықтың жайы шыны­мен алаңдатарлық. Жылу элек­тр орталығын салуға қажет­ті құ­жат­тарды Энергетика ми­нистр­лігі дайындауда. Сәуір айы­ның орта­сына дейін аяқталып қалуы мүм­кін. Одан әрі конкурс ұйым­дас­тырылады, – дейді Парламент Се­на­тының депутаты Нұрлан Бекенов.

Көктемнің қара суығына жау­раған қала тұрғындары тағы бір уәденің жылуымен серпіліп қалғандай. Әйтпесе, қарызға батып, қаусаған қазандық сұп-суық үй ішінде үрей тудырып отыр.

 

Көкшетау