Аймақтар • 28 Наурыз, 2022

Ер Кейкі ел есінде

484 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Арқалық қаласындағы «Дала өлкесі тарихы» мұражайында Торғай көтерілісінің бас қаһармандарының бірі Кейкі Көкембайұлын еске алуға арналған «Ер Кейкі ел есінде» атты тағылымды іс-шара өтті. Осыдан дәл жүз жыл бұрын ұлт азаттығы жолында оққа ұшқан ат үстіндегі ақырғы жауынгердің рухына тағзым ету кешінде Кейкінің ерлігі мен мергендігі жайында ел жадында сақталған аңызға бергісіз әңгіме-естеліктермен қатар, батырдың әдебиет, музыка, кино және драматургия өнеріндегі көркем бейнесінің сомдалуы төңірегінде сөз болды.

Ер Кейкі ел есінде

2017 жылы Арқалықтан Тор­ғайға баратын тас жолдың бойындағы Тасты ауылының тұ­сында ғасырға жуық уақыт бойы жат қолында жатқан батырдың бас сүйегі туған жер қойнына тапсырылып, еңселі кесене тұрғызылғаны белгілі. Қабірге қас баһадүрдің қаны төгілген Жалаулы қонысынан әкелінген топырақ салынды. Музейге жиылған көпшілік Кейкі кесенесінің бүгінде өңір жұртшылығының арнайы келіп ат байлап, дұға етіп, Құран ба­ғыштайтын киелі орынға ай­нал­ғанын айтты.

Халық батырының көркем әдебиеттегі бейнесі туралы баян­­даған ақын әрі жас та болса өлке тарихының тірі шежі­ре­сі атанған зерделі ғалым Ба­тыр­лан Сағынтаев аты аңызға ай­нал­ған қол мергенге арналған сол кезеңде өмір сүрген халық ақындарының жырларынан бас­тап, кейінгі жылдары жазылған тарихи дастандарға дейінгі аралықтағы шығармалар жа­йында тарқата айтып өтті.

– Кейкі батырдың ерлік өне­ге­­сі халық жадында мәңгі сақтал­ғанымен, кеңес дәуірінде есімі ғылыми-зерттеулерден алынып тасталды. Соған қарамастан, ба­­тырдың бейнесі кеңестік әде­­биет­те кең көрініс тауып, май­талман жазушыларымыздың шы­ғарма­ларында шындық ас­тар­­ланып берілді. Мұндай туын­­дыларға Ғ.Мүсіреповтің «Аманкелді» пьессасын, М.Қара­таевтың «Даладағы дауыл», Қ.Сәрсекеевтің «Қызыл жалау», А.Нұрмановтың «Құлан­ның ажа­лы» романдарын жатқы­зуға болады. М.Қаратаев, Қ.Сәр­се­кеев, А.Нұрманов сынды жа­­зу­шылар батыр жайлы есте­лік­­терді жастайынан бойларына сіңіріп өскендіктен тарихи ақиқаттан алшақ кетпеген. Заңғар жазушы Ғ.Мүсірепов ХХ ғасырдың 30-жылдары Аман­келді Имановқа қатысты материалдар жинау үшін Торғай өңірін аралаған, 1916 жылы шайқас болған жерлерді көзі көрген, батырдың жарымен кездескен, көнекөз қариялардың естеліктерін тыңдап қағазға тү­сір­ген адам және осы сапарында Кейкіге қатысты әңгімелерге де қаныққан, – деді Б.Сағынтаев.

Кейкі жайлы көркем шығар­малардың ең соқталысы – Ақан Нұрмановтың 1968 жылы басылып шыққан «Құланның ажалы» романы.

Ғалымның айтуынша, та­рихтағы Кейкі мен Құланның арасы алшақ. Кейкі 1922 жылы қаза тапса, романда 1924 жылғы оқиғалар суреттеледі: «1922 жылы Кеңес өкіметі әбден мо­йындалды. Бірақ Құлан Кеңес өкіметінен қашып-пысып жүр. Сол заманның озбырлығын, белсенділердің халыққа қалай тізе батырғанын кеңірек суреттемек болған. Мұның арғы жағында қызыл террор жатыр. Роман осындай көркемдік шындығымен де құнды бола түсер еді, әттең! Өйткені романның басы мен ішінде суреттелетін оқиғалар соған меңзеп тұр».

Тәуелсіздік жылдары Кей­кінің көркем бейнесін жасаған ақын Серік Тұрғынбеков болды. Кейкі батырға арналған әдеби шығармалардың тағы бір парасы батыр бабамыздың басы елге оралып, туған топырағына жерленгенде жазылды.

– Олардың қатарында жергі­лік­ті ақын-жазушылардан Хамит­бек Мұсабаевтың «Мергеннің монологы», Абай Қажиевтің «Бас сүйектің сыры», Мұрат Жүнісұлының «Кейкі баба», Тоғайбай Бабыровтың «Батырға арнау» өлеңдерін, Серік Жұма­бековтің «Құламерген – ұраным» өлеңдер топтамасын, Әлпия Ор­маншинаның «Кейкі батыр» поэмасын жатқызамыз. Қазақ­тың көрнекті ақындарынан Дәулеткерей Кәпұлының «Қа­ра­торғай жағасы», Ғазез Ешта­наевтың «Кешір, баба», Жұмаш Сомжүректің «Отанына оралды Кейкі мерген», Әскерхан Ақтайдың «Бұлттан асқан бай­рағы» толғауы, Абылай Мау­дановтың «Кейкінің киесімен қоштасуы» мен «Ақырғы қазағы», Жандос Жүсіпбектің «Кейкі-тағдыр» өлеңі де батыр­дың рухын асқақтататын құнды дүниелер болып қалмақ, – деді жас ғалым.

ш

Басқосу барысында Кейкі­нің драматургия мен кине­мо­тографиядағы көркем бейнесін сомдаған С.Тұрғынбековтің «Құлан қыпшақ Кейкі батыры» мен А.Маудановтың «Кейкі батыр» драмалық шығармасы, Абдолла Қарсақбаевтың «Да­ла­дағы қуғын», Амангелді Тәжібаевтың «Ақырғы аманат» киноленталары жайлы айтылды. Сондай-ақ А.Тәжібаевтың А.Нұрмановтың «Құланның ажалы» романының желісі бо­йынша түсірілген фильмі мен Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбаев ойнаған телеспектаклі, Мұрат Бидосов түсірген «Кейкі батыр» телесериалы да назардан тыс қалған жоқ.

Жергілікті өнерпаздар ха­лық батырының музыкадағы бейнесін жасаған күйші Айт­бай Мұздахановтың «Құ­лан жортқан», «Кейкінің салауаты» күйлерін, Кенжеболат Ахме­товтің батырдың бас сүйегі туған жер топырағына тапсырылғанда шығарған «Дала қыраны» күйін орындады.

Тағылымды шараға жинал­ғандар одан кейін мұражай қыз­меткерлері жасаған «Ер Кейкі ел есінде» көрмесін тамашалады. Көрмеге мұражай қорындағы Кейкі батыр үйінің кебежесі, Ә.Қастеев салған Амангелді батырдың портреті, 1916 жылғы Ұлт-азаттық көтеріліс жайлы шығармалар жазған Омар Ши­пин, Сәт Есенбаев секілді ақын­дардың қолжазбалары, Кейкі батырға қатысты жазылған кітап­тар қойылған.

Жиын соңында кейкітанушы Әубәкір Қылышбайұлының жа­қын туысқаны Мұхамед-Рақым Спандиярұлы ортаға шығып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Музейдегі еске алу шарасы аяқталған соң жиынға қатысқан батырдың аталас туыс­тары, Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық инсти­тутының жанындағы «Рухани жаңғыру» жобалық кеңсесі мен музей қызметкерлері Амангелді ауданы Тасты ауылының жанында орналасқан Кейкінің кесенесіне барып, батыр рухына Құран бағыштады.

 

Қостанай облысы,

Арқалық қаласы