Қоғам • 28 Наурыз, 2022

Әділетті қоғам құру енді өзімізге байланысты

1726 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауалды бағдарламасында еліміздің саяси жүйесін трансформациялау міндетін алға қойып, мемлекеттік биліктің «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласын ұсынатынын, мемлекеттік басқарудың барлық жүйесі ашықтық, халықпен үздіксіз кері байланыс және жедел әрекет ету қағидаты бойынша жұмыс істеуге тиістігін, көппартиялы жүйені дамыту жалғастырылатынын мәлімдеген болатын.

Әділетті қоғам құру енді өзімізге байланысты

Мемлекет басшысының содан кейін қабылдаған саяси реформалар топтамалары мен жуырда жариялаған «Жаңа Қазақстан: Жаңару мен жаңғыру жолы» Жолдауы Президенттің мемлекетіміздің демо­кратиялық даму бағытын берік ұс­танып, жүйелі іске асырып келе жатқанын айғақтады. Әрине, бұл ретте биылғы Жолдаудың мән-маңызы айрықша.

Осы бағдарламалық құжатта Мемле­кет басшысы көпшілік көкейінде көптен жүрген, бұқаралық коммуникация құрал­дарында ашық айтылып, өткір пікірсайыс туғызған өзекті мәселелерді оң шешіп, қоғамымызды одан әрі демокра­тияландыруға бағытталған бас­тамаларын ұсынып отыр.

«Қағаз бетінде ғана жүзеге асырыл­ған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпір­ме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек.

Біз кез келген мәселені ашық айтып, оны шешудің оңтайлы жолдарын бірге іздеуіміз қажет. Экономикадағы, саясаттағы жасанды монополияларды түбірімен жоюға тиіспіз. Оның орнына ашық әрі әділ бәсеке орнату  өте маңызды. Себебі нағыз бәсеке болғанда ғана халықтың әл-ауқаты артып, жағдайы жақсарады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының, ең алдымен, басқарудың қазіргі суперпрезиденттік үлгісінен мықты Парламенті бар прези­денттік республикаға біржола көшу туралы ұсынысы өте маңызды. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында туындаған ауыр экономикалық дағдарысты жою, жаңа нарықтық қатынастарға көшу кезінде өзін ақтаған суперпрезиденттік жүйе одан кейінгі кезеңде сыр беріп, қоғамның демократиялық жолмен дамуын тежеуші факторға айналғаны анық.

«Біз қасіретті қаңтардан мынадай маңызды сабақ алдық: мемлекеттегі ең жоғары лауазымды тұлғаның қолында барлық өкілеттіктің шоғырлануы оған жақын тұлғалар мен қаржылық-олигар­хия­лық топтардың ықпалын орынсыз күшейтеді. Сосын олар мемлекетті жеке меншігі сияқты көре бастайды. Қай елде болса да тамыр-таныстық кадр іріктеу ісін бұрмалап, сыбайлас жемқорлықтың тамыр жаюына әкеп соқтырады. Тамыр-таныстық пен рушылдық құрдымға бас­тайтынын нақты ұғыну қажет. Мұндай қарым-қатынас шағын ғана топтың шалқып өмір сүруіне жол ашады. Ал өзге­лерді өмірінің ешқандай болашағы жоқ екеніне біржола мойынсұнып, тек өлмес­тің күнін көру үшін арпалысуға мәжбүрлейді.

Барлық азаматқа бірдей мүмкіндік берілетініне Мемлекет басшысы мызғы­мас кепіл болуға тиіс. Сондықтан Пре­зи­дент­тің жақын туыстарына саяси мем­­­лекет­тік қызметші болуға және квази­­мем­лекеттік секторда басшылық лауазымдарды иеленуге заң жүзінде тыйым салынады. Мұндай норманы Конституцияға енгізсек те артық болмайды деп санаймын», деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Осылайша, өз билігін шектей білген Сингапурдың алғашқы Премьер-Министрі Ли Куан Ю сынды әйгілі сая­си көшбасшылардың қателеспегені, кез келген мемлекетті ішінен ірітіп, жегідей жейтін басты жау – сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жеңіп, өз елдерін өрлеу жолына жетелегені әлем тарихынан белгілі.

Мемлекет басшысы биыл Amanat партиясының төрағалығынан бас тартатынын мәлімдеп, Президент өз өкілеттігін атқару кезеңінде партияға мүшелігін тоқтата тұруға міндетті екенін заң жүзін­де ресімдеуді ұсынғаны еліміздегі саяси бәсекені қыздыруға қолайлы мүмкіндік туғызады. Бұған қоса, өңірлер әкімдері мен олардың орынбасарларының партия филиалдарында қосымша лауазым ие­ленулеріне заң жүзінде тыйым салын­бақшы. Шынтуайтында, бұған дейін әкім­дерге жергілікті жерлерде «әй дер ажа, қой дер қожа болмай», кейбіреулері өздерін «жарты патша» сезініп, «қолынан келіп тұрғанда қонышынан басып» жүр­гені белгілі. Олар билеуші пар­тия филиалдарының төрағалары бол­ған­­дықтан, барлық деңгейдегі мәсли­хат­тарға «өз адамдарын» сайлатып, өкіл­ді органдарға да билік жүргізіп келе­ді. Енді, Президент ұсынғандай, партия ұйымдарының атқарушы билікпен ара жігі ажыратылуы, мәслихаттардың тұрақ­ты төрағалары институты енгізілуі әкім­дер­дің өкілеттігін айтарлықтай шек­теп, олардың қызметіне қоғамдық бақы­лауды күшейтуге тиіс.

Сенат депутаттарының саны – 5-ке, Мәжіліс депутаттарының саны 9-ға қысқартылатыны, жоғарғы палата­ның өкілеттігі өзгертіліп, ол алдағы уа­қыт­та, негізінен, өңірлердің мүддесін қорғаумен айналысатыны, сондай-ақ Қазақ­стан халқы Ассамблея­сының қо­ғам­да легитимділігі күмән туғы­зып кел­ген Парламенттің төменгі палатасын­дағы квотасы жойылатыны да жұртшы­лық пікірі ескерілген дұрыс шешім­дер болды. Мәжіліс қабылдаған заң жобаларын Сенаттың бұрынғы тәртіп­пен қайта талқылап қабылдауы тоқта­тылып, сенаторларға мәжілісмендер қабылдаған заң жобаларын мақұлдау немесе мақұлдамау құқығы ғана беріле­тіні төменгі палатаның беделін нығай­тып қана қоймай, заң шығару үдері­сін әлдеқайда жеделдетуге мүмкіндік бе­реді. Республикалық бюджеттің сапалы орындалуына бақылауды күшейту мақ­сатында Мәжіліс Есеп комитетінің орнына құрылатын Жоғары аудиторлық палата төрағасының есебін жылына екі рет тыңдау құқығына ие болатыны да мәжілісмендердің мәртебесін ғана емес, жауапкершілігін де арттыра түседі.

Президент еліміздің сайлау заңнама­сын жетілдіру жөнінде айтылып жүрген сыни пікірлерге де құлақ асып, аралас сайлау жүйесін енгізуге бастамашылық жасап отыр. Расында да, қазір партия­да жоқ азаматтардың Мәжіліс түгіл, мәслихатқа да сайлана алмайтыны – Ата Заңымызға сәйкестігі күмән туғызатын жайт. Енді, Президент ұсынғандай, Мәжіліс депутаттарының 70 пайызы – пропорциялық, 30 пайызы мажоритарлық тәсілмен сайланатыны осы олқылықтың орнын толтырары даусыз. Таяу келешекте Парламентте жұрт әлі күнге ұмытпай, сағына іздейтін Шерхан Мұртаза сынды белгілі де белсенді, от ауызды, орақ тілді нағыз халық қалаулылары пайда болады деп ойлаймыз. Аралас сайлау үлгісі облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардағы мәслихаттар сайлауына да енгізілетіні, сондай-ақ аудандық және қалалық мәслихаттар сайлауы толығымен мажоритарлық жүйеге көшірілетіні – ел ішін­дегі беделді де парасатты азамат­тар­дың саясат сахнасына шығуына жол ашпақ.

Алдағы уақытта еліміздегі саяси партиялар саны да көбейе түспек. Себебі Мемлекет басшысы партияларды тіркеу ресімін әлдеқайда жеңілдетуді ұсынып отыр. Сонымен қатар әділ де ашық сайлау өткізу үшін әлемдегі үздік тәжірибелер зерттеліп, біртіндеп енгізілмекші. Тағы бір жаңашылдық – депутаттыққа кандидаттар мен партиялардың әлеуметтік желідегі үгіт-насихатын заңдастыру. Сондай-ақ сайлаудың әділ өтуін қадаға­лай­тын байқаушылардың қызметі де заң арқылы реттелмекші. Ал сайлауды ұйым­дас­тыру және өткізумен айналысатын аумақ­тық сайлау комиссиялары бұдан былай кәсіби түрде жұмыс істейтін болады.

Мемлекет басшысының тағы бір маңызды бастамасы – Ата Заң ережелері­нің мүлтіксіз сақталуын қадағалайтын Конс­­титуциялық сот құрылатыны. Осы орайда қазіргі Конституциялық кеңес­­ке азаматтар заң нормалары бойын­ша түсініктеме алу үшін тікелей жүгіне алмай келгендігін айтқан жөн. Мұндай құқық тіпті Парламенттің жекелеген депутаттарына да берілмей, жоғары заң шығарушы орган мүшелері жалпы санының бестен бірінен кем болмайтын депутаттар тобына ғана берілген. Енді, мәселен, жасына байланысты зейнетақыларын есептеу кезінде Моңғолияда жоғары оқу орнында оқыған және әскери қызмет атқарған уақыттары еңбек өтіліне жатқызылмай, едәуір қар­жы­дан қағылып, «конституциялық құқы­ғымыз бұзылды» деп ренжіп жүрген қандастарымыздың Конституциялық сотқа тікелей шағымдануларына мүмкін­дік туғалы тұр.

Президенттің осыған дейін тек аса ауыр қылмыстар бойынша үкім шыға­рып келген алқабилер қарауына бері­летін істердің санатын кеңейтуді ұсын­ғаны еліміздің сот жүйесін демократиялан­ды­рып, ондағы парақорлықты тыюға ық­палын тигізетін қадам деп білеміз.

Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің (ҰҚСК) орнына құрамы жағынан ауқым­ды Ұлттық құрылтай құру ұсы­ныл­ғаны да – еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде соны серпіліс туғызатын бас­тама. «Жаңа құрылым Ұлттық кеңестің қыз­метін жалпыхалықтық деңгейде жалғастырады», деді Мемлекет басшысы. Осы ретте әлеуметтік желілерде айтылып жүрген: «Мұндай құрылтай болса, Парламенттің қажеті қанша?» деген пікір жаңсақ екенін айта кеткен жөн. Өйткені қазіргі ҰҚСК-де және жаңадан құрылатын Ұлттық құрылтайда қоғамда туындаған өзекті мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылады. Олар – Президенттің жанындағы консуль­тативтік-кеңесші органдар. Ал Парламент – заң шығарумен жоспарлы түрде айналысатын ең жоғары өкілді орган.

Президент жақын арада Мемлекеттік аппарат қызметін бюрократиядан арылту туралы Жарлыққа қол қоятынын хабарлай келіп: «Бұл құжат мемлекеттік органдардағы ішкі рәсімдерді түбегейлі қайта қарап, заң шығару және бюджет үдерістерін оңтайландырудың бастауына айналады», деді. Сыбайлас жемқор­лықпен астасып жатқан бюрокра­тиялық кедергілерден запы болған халық бұл жаңалықты қуана қабылдады.

«Саяси трансформация бүкіл салада тамыр-таныстық пен монополияны түбірімен жойып, адал әрі әділ «ойын ережесін» қалыптастыруды көздей­ді. Бірақ осы ниет пен жұмыс қарқы­ны жұрттың бәріне бірдей ұнай бермей­тіні анық. Бәрін де бармақ басты, көз қыс­тымен шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан зәре-құты қалмай қорқуда», деп Президент ашық айтқандай, биылғы Жолдауда белгіленген саяси реформаларға қоғамдағы керітарт­па күштер кедергі келтіріп, оларды әдет­­тегіше формализмге айналдыруға, ұсы­ныл­ған жаңашылдықтарды өз мүдделері­не пайдаланудың неше түрлі қитұрқы ай­ла-шарғыларын қолдануға тырысу­лары әбден мүмкін. Әсіресе «жарты патшалар» әмірлерін жүргізіп тұрған жергі­лік­ті жерлерде. Сондықтан да еліміздің демократиялық жолмен алға басуын жан-жүрегімен қалайтын саналы азаматтар осынау сындарлы кезеңде ұйымшылдық танытып, білек біріктіріп, Мемлекет басшысы алға қойған маңызды міндеттерді іске асыруға көп болып жұмылса, игі. Жаңа Қазақстанды һәм әділетті қоғамды құру енді өзімізге байланысты.