Сұхбат • 28 Наурыз, 2022

Нұрила Өзтүрік: Мұстафаны мәңгі сағынамын

3598 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Қазақ өнерінің көкжиегінен жарық жұлдыздай ағып түскен Мұстафа Өзтүріктің есімі бұл күндері елге танымал. Спорттағы ол салған жол өзіндік даралығымен жалғасын тауып келеді. Өзтүріктің жары Нұрила қазір Германияда тұрады. Сәті түсіп сол кісімен сұхбаттасқан едік.

Нұрила Өзтүрік: Мұстафаны мәңгі сағынамын

– Таэквондо шеберімен ең алғаш қалай кездесіп едіңіз?

– Сені осы сұхбатың арқылы алыста қалған сол сәтті есіме тү­сіресің. Мұстафа Мюнхенге қо­наққа келгенде, онымен алғаш рет кездестім. Ол мені үнемі аялдамада күтіп тұратын. Үнемі кешкі асқа шақыратын, сөзі, жүріс-тұрысы аса мәдениетті жігіт болды. Шынымды айтсам, осыған дейін ондай мәдениетті адамды кездестірген емеспін. Сол үшін бұл күндері оны сағынамын, сағы­ны­шым шексіздікке жалғасады. Оған айтар сырымды күнге, түн­ге айтамын. Егер біреу менен «Дүниеде шексіз әрі ұзақ не бар?»  деп сұраса, мен «Ол – сағыныш» деп жауап берер едім.

– Мұстафа Өзтүрік ең алғаш таэквондо мектебін ашқан қа­зақ­тың бірі. Сол мектептердің қазіргі жағдайы қалай?

– Менің білуімше, оның жат­тықтыру мектептері Қазақстанның бірнеше қаласында ашылған болатын. Ал қазір сол мектептер ту­ралы ештеңе білмеймін, оны кім­дердің ашқаны, жұмыстары қа­лай жүріп жатқаны, қазіргі жағ­дайы дегендерден мүлде ха­барсызбын. Өйткені ешкім біз­ге ақпарат бермейді. Егер күйеуім ірге тасын қалаған сол таэк­вондо мектептері туралы ақ­па­рат ала алсам, төбем көкке жет­кендей қуанар едім. Себебі ол мектепті ашуға Мұстафа бар күш-қуатымен, ерік-жігерімен, қала берді жүрегімен кіріскен еді. Мен үшін Мұстафаның әр істеген ісі қым­бат һәм қастерлі.

– Ол кісі кезінде «Алтай» атты фильмнің сценарийін өзі жа­зып, бас рөлін өзі ойнапты, бұл ки­ноны қайдан көруге болады?

– Сіз айтып отырған «Алтай» атты фильм 1987 жылы Түркияның Ыстанбұл қаласында түсірілген, егер интернеттен іздесеңіз, таба аласыз. Бұл да Мұстафаның артына қалдырған бір еңбегі.

– Марқұм ағамыз Қазақстан мен Түркияның қарым-қаты­на­сына айрықша ықпал еткен тұлға болды дегенді естідік...

– Дұрыс айтасыз, Мұстафа екі елдің прези­денттерінің кездесуіне, екіжақты іскерлік қатынас орнатуына өз үлесін қоса білді. Тіпті екі ел бас­шыларының кездесіп, жиналыс­тар өткізуіне де себепкер болды. Бұл жөнінен ол өзінің елінің алдындағы азаматтық парызын өтей алды.

– Жиырма жылдан астам Гер­манияда тұрып жатырсыздар, ел­ге қайту жоспарыңыз бар ма?

– Иә, мен көп жылдардан бері Германияда тұрып келемін. Осында үйреніп қалдық. Мұста­фа екеуміз осында шаңырақ көтеріп, балаларымызды өсір­дік, тәрбиеледік. Мұстафа атажұртымыз Қазақстанға барып, сонда тұрғысы келді. Бірақ Алла­ның басқа орналастыруы бар екенін кеш білдік.

– Тұрып жатқан елдеріңіз сіздерге несімен ұнайды?

– Маған бұл жердің халыққа жасайтын көмегі мен ішкі тәр­ті­бі көбірек ұнайды. Бұл елде мұқ­таж жандарға арнайы көмек беріледі, әр адамда медициналық сақтандыру бар. Өмір сүруге ың­ғайлы, қоғам әділетті.

– Балаларыңыз немен айналысып жатыр?

– Ұлым Назирбек суретші бо­лып жұмыс істейді. Ал үлкен қызым Нәсілихан әнші, композитор. Екі баланың анасы. Кіші қы­зым Асылихан Мюнхендегі патенттік мекемеде менеджер маманы.

– Күйеуіңіздің өлімі туралы шындық әлі толық ашылмады ма?

– Бар шындықты Алла ғана біледі деп ойлаймын. Оның өлімі туралы әркім әртүрлі айтып жатады. Бірақ шындық ашылған күнде де, енді ешкім оны тірілтіп бере алмайды ғой. Медициналық сараптама оны уланған деді. Бірақ оның өмірден өтуінің өзі ешкім шеше алмайтын жұмбақ күйінде қалды.

– Мұстафа Өзтүріктің орын­дал­маған армандары бар ма?

– Мұстафаның арманы өте көп еді. Тіпті ол кей арманын жү­зеге асыру үшін өзін тәртіп­ке бағындырып, еңбек етті. Бір­ақ орындалмаған арманы әлі де көп болатын. Амал не?! Айнала­сын­дағыларға қолұшын бергенді жаны қалайтын. Кейінгі күндері еліне қызмет ету туралы көп айтып жүрді, адамдарды бай, кедей деп бөлмейтін қасиеті де бар еді.

– Еуропадағы қазақтарда ана тілін ұмыту қаупі жоқ па?

– Ана тілі – ана сияқты. Ананы ешқашан ұмытуға болмайды. Германиядағы қазақтар түрікше, қазақша сөйлейді. Қазақ мәдениетін дамыту қоғамы да біз тұратын қалада орналасқан.

– Сізше Отан деген қандай ұғым?

– Балаларым қайда болса, менің Отаным сонда.

 п

 

Әңгімелескен

Дүйсенәлі Әлімақын,

«Egemen Qazaqstan»