Министрлік бірнеше жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер рейтингін өткізуге тыйым салу туралы шешім қабылдаған болатын. Оған қоса мектептер оқушыларды ҰБТ-ға тіркеу және өтініштер жинау міндетінен де босатылды. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің айтуынша, мұның бірнеше себебі болды. Айталық, мұғалімдерге қосымша жүктеме болатыны, үлгерімі нашар оқушыларды ҰБТ-ға қатысудан шеттету, әкімдіктердің өңірдің орташа ұпайын әртүрлі тәсілмен көбейтуге тырысуы осындай шешім шығаруға түрткі болған.
«ҰБТ-ның орташа балы диагностикалық функцияны орындай алмады. Тек орташа балды білу пайдалы ақпаратпен қамтамасыз етілгенін ғана білдірмейді. Ал егер тақырыптар мен пәндер бойынша талдау болса, бұл басқарушылық шешімдерді қабылдауға мүмкіндік береді. Қазір қабылданған шешім өз рөлін атқарғанын, педагогтер мен мектептерге түсетін жүктемені азайтқанын көріп отырмыз. Яғни оқушылар ҰБТ-ға электронды форматта өз бетінше өтініш берді және оларды ҰБТ-дан шеттету, сондай-ақ тек тест арқылы ғана дайындау және әкімдіктердің облыс рейтингіне ықпал ету әрекеттері тоқтатылды. Енді ҰБТ қорытындысы бойынша әр мектеп, облыс, тіпті пән бойынша талдау жасап, оны мектептердің жұмысын бағалау үшін пайдалануға шешім шығардық. Электронды форматқа көшу енді тестілеуге тақырыптық талдау жасауға мүмкіндік береді. Мұндай жаңалықты біз наурыз айындағы ҰБТ кезінде қанатқақты жоба ретінде енгіздік», деді А.Аймағамбетов.
Министрдің мәлімдеуінше, талапкер бұдан былай тестілеуді аяқтағаннан кейін жинаған ұпайларының нәтижесін ғана емес, сонымен қатар қандай тақырыптарды білетіні және қайсысына көңіл бөлу қажет екені туралы қосымша талдау алады. Дәл осындай талдау мектепке де, нақты пәнге қатысты да, аудан, облыс және жалпы республика көлемінде де жасалады. Бұл талапкерлерге қандай тақырыптарға назар аудару, қандай тақырыптарды күшейту керегін көруге мүмкіндік береді. Яғни сынаққа қатысушылар қазірдің өзінде өздерінің әлсіз тұстарын анықтап, жеке тақырыптарға көбірек уақыт бөліп, қателермен жұмыс істей алады.
«Осыған қоса мұғалімдер де оқушылардың қандай тақырыптарда қиналғанын көреді. Мысалы, математика пәні мұғаліміне өз оқушыларының бір бөлігі кейбір есептерді нашар шығаратынын байқауға болады. Талдау соның себептерін анықтауға септігін тигізеді. Дәлірек айтқанда, мұғалімнің өзі түсіндіруде қиналатыны немесе бағдарламада уақыт жеткіліксіздігі, оқулықтағы сұрақтар мәселесі секілді себептерді білуге мүмкіндік береді. Тиісінше, талдауға байланысты оқу бағдарламаларын пысықтау, мұғалімдердің мақсатты түрде біліктілігін арттыру, біліктілікті арттыру бағдарламаларын өзгерту бойынша шешімдер қабылдай аламыз. Жазғы ҰБТ қорытындысы бойынша әрбір мектеп, облыс, мұғалім және түлек осындай талдау алады», деді А.Аймағамбетов.
Наурыздағы ҰБТ қорытындысына келсек, шекті балл жинаған талапкерлердің саны азайды. Қаңтардағы тестілеуде талапкерлердің 70%-ға жуығы шекті балл жинаса, наурызда бұл көрсеткіш небәрі 65%-ды құрады. Сәйкесінше орташа балл да қаңтардағы нәтижеден төмен, яғни 68-ден 65-ке түсті.
Сонымен Ұлттық бірыңғай тестілеу орталығының басшысы Руслан Емелбаев таратқан ақпаратқа сүйенсек, наурыздағы ҰБТ-да ең жоғары көрсеткіш 134 балды құрады. 28 қатысушының нәтижесі 130 балдан асты. Тестілеуге қатысуға 105 мыңға жуық өтініш келіп түсті, оның жартысынан көбі ҰБТ тапсырып үлгерді. Қатысушылардың 74,2%-ы қазақ тілінде, 25,6%-ы орыс тілінде, 0,2%-ы ағылшын тілінде тестілеуден өтті.
«Наурыз айындағы ҰБТ-ға ерекше білім беруді қажет ететін 130 бала қатысты. 2022 жылдан бастап ерекше қажеттіліктері бар түлектерге тестілеу тапсырмаларын орындау үшін негізгі 240 минуттан бөлек, тағы қосымша 40 минут уақыт беріледі. Ең көп таңдалған бейінді пәндер комбинациясы өзгермеді: «Математика-Физика» (25%), «Химия-Биология» (17%). Ал ең аз таңдалатын комбинация «Химия-Физика» (0,13%) болды. Бұл пәндерді тапсырып «Химиялық инженерия және процестер» білім беру бағдарламасын таңдауға болады. 63 адам смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тестілеуден өту мүмкіндігінен айырылды. 135 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды және олардың нәтижелері жойылды. Кейбірі калькулятор алып кірмекші болған. Осы ретте калькулятор, Менделеев және тұздардың ерігіштік кестелері компьютерге жүктелгендігін еске салғым келеді», деді Р.Емелбаев.