Мемлекет басшысы «реформалар үшін реформаларға» қарсы шықты. «Қағаз бетінде ғана жүзеге асырылған, бірақ шындыққа еш жанаспайтын жалған табыстарға масаттанып отыратын заман келмеске кетті. Халыққа көпірме сөз, бос уәде емес, көзбен көріп, қолмен ұстауға болатын оң өзгерістер керек. Біз күшті Парламенті бар президенттік республиканы құрып жатырмыз», деді ол.
Оның айтуынша, соңғы жылдары жүргізіліп жатқан реформалар кейбіреулерге ұнаған жоқ. Сондықтан ықпалды адамдар өздерінің заңсыз әрекеттерін кедергісіз жалғастыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасады. Оның пікірінше, «бәрін бармақ басты, көз қыстымен» шешіп үйренген адамдар бұған дейінгі артықшылықтары мен табыс көздерін жоғалтып алудан қорықты. Бұл қаңтар оқиғаларды туындатты. Бейбіт шеруге шыққандарды арандатушы топтар өз мақсаттары үшін пайдаланды.
«Заң бәріне ортақ, оған биліктегі азаматтар да, қоғам белсенділері де бірдей бағынуға тиіс», деді Қ.Тоқаев. Президенттің айтуынша, Қазақстанға «халқымыздың қауіпсіздігі және азаматтарды әлеуметтік қорғау» үшін бұрынғысынша ауқымды реформалар қажет. Қ.Тоқаев тамыр-таныстық пен жемқорлыққа қарсы күрес жариялады.
Реформалар бойынша Президенттің бұдан былай муниципалитеттердің әкімдерін қызметтен босатуға құқы болмауы керек. Парламенттік бақылау кеңейтіліп, Президенттің Конституциялық соттың төрағасы мен Жоғары Сот Кеңесінің төрағасын тағайындауы Парламент Сенатының мақұлдауын талап етеді. Мемлекеттік қызметшілер мен саяси қайраткерлер бір мезгілде атқара алатын лауазымдар саны шектеулі болады.
Реформалар Мәжіліске де қатысты болмақ, онда депутаттардың 70 пайызы партиялық тізімдер бойынша пропорционалды өкілдік бойынша тікелей дауыс беру арқылы, ал 30 пайызы мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын болады. Орталық сайлау комиссиясы үлкен тәуелсіздікке ие болады. Парламент көбірек заңнамалық өкілеттіктерге ие және елдің бүкіл электоратының үнін жеткізуші болады.
Саяси партиялар құру үшін бұрынғыдай 20 мың емес, 5 мың мүше жеткілікті болады. Сайлау қорларына қайырымдылықтың шекті мөлшерін енгізу жеке тұлғалардың сайлау барысына әсерін болдырмауға көмектеседі.
Президент Қ.Тоқаевтың айтуынша, қылмыстық қудалау саласы да реформаланып, азаматтардың құқықтары кеңейтіледі. Азаптау және қатыгездік жағдайлары толығымен және дербес тергеледі. Конституциялық сот болашақта азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуын қадағалауға тиіс, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл де оған жүгіне алады. Жоғары Сот Кеңесінің отырыстары онлайн режімде көрсетілетін болады, судьяларды іріктеу процесі неғұрлым ашық болады, ал алқабилер соттары кеңейтіледі.
Президент БАҚ рөлінің маңыздылығын да атап өтті. БАҚ бостандығы мен бәсекелестікті қамтамасыз ету мақсатында БАҚ туралы заң да реформаланады. Қ.Тоқаевтың айтуынша, тәуелсіз БАҚ-сыз демократияландыру ісін ілгері жылжыту мүмкін емес.