Жасандылыққа ұрынбай, көлгірсімей, өмірдің өзінен алып деректі кітап жазу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Біз мұны белгілі журналист, аудармашы Мырзабай Кеңбейілдің “Замандастар заңғары” атты кітабын тиянақты оқып шыққанда көз жеткіздік. Әдеби танымдық, сыни зерттеу еңбектер, қазақтың қасиетті өлкелерінің бірі, айтулы тұлғалар шыққан Торғай туралы байлам-пайымдар, ұлтымыздың біртуар ұл-қыздары жайлы толғаныстар, өзінің өмір өткелдері – көп деректерге қанықтырады, асыл бейнелермен жүздестіреді. Үш бөлімнен тұратын жинақ қамтыған тақырыптар әралуан. “Армысың, Атамекен!” бөліміндегі дүниелер Торғай елінің арғы-бергі тарихын алдыңа тарта отырып, Сәбит Мұқанов, Сырбай Мәуленов, Серке Қожамқұлов, Торғайды түлетуге ерекше үлес қосқан нағыз қазақ Өзбекәлі Жәнібеков, Зейнолла Серікқалиев, өзге де асылдар туралы айызыңды қандырып айтады. Осылардың ішінде біз екі мақалаға айрықша тоқтала кетсек дейміз. Оның біріншісі, Ыбырай Алтынсарин туралы “Дала мектебінің дана бабасы” деп аталады. Мұнда қазақтың ұлы қаламгері Мұхтар Әуезов Ыбырай Алтынсариннің өз заманындағы ұстанған бағытының сыр-сыйпатын дәл басып танып, қазақтың ұлы ағартушысына дәл бағасын беруі еді. Осыны Мырзабай Кеңбейіл тарихи оқиғаларды тарата айтып, жазушының 1923 жылы “Шолпан” журналында жарияланған “Алтынсарин” атты топтама мақалаларынан үзінді келтіре отырып, сөзін дәйектейді. “Қазақтан шыққан білгіштер Ыбырайдың ісіне тарихи баға беріп, жабылып жүрген жаланың ақты-қарасын айырып, жалпақ жұртқа айтылуы керек дейміз. Қазақ-қырғыздың маданияты Ыбырай сияқты адамдарды сөз қылмай, ескерусіз тастай алмайды. Бұ күнге шейін сөз болмай келген болса да мұнан былай келешекте оның жайын майданға салады. Бұл тарихтың заңы. Соның үшін біздің ұсынысымыз: Ыбырайдың жайын тексеру” деген сөзін мысалға келтіріп, “Біздің кейінгі ұрпақтарымыздың бәріне Абай қандай қадірлі болса, Ыбырай да өз орны, өзінің арналы мұрасымен ыстық” деген түйініне жүгінеді.
Шынында, тарихтан мәлім, Н.И.Ильминскийдің миссионер “мінезін” “алдап адастырған әдісін” алғаш ашқан да Мұхтар Әуезов болатын. Патша жандармиясының құпия хаттарын қазақ топырағына әкеліп бұлжытпай орындаған да сол еді. Мысалы: “Ауылдарда, старшындарға “ауыл мектебі” деген бүркеншік атпен мектеп ұйымдастырып, бірте-бірте олардың санын көбейтіп, алғашында қазақтардың көңілін табу үшін оларға қазақ мұғалімдерін жіберу керек. Оларға міндетті түрде орыс оқуын оқытып, балалармен орысша сөйлеуді тапсырып, қазақ әрпін қандай жағдай болмасын қолданбауды, сөйтіп қазақ кітабын оқи алмайтындай жағдайға жеткізу керек. Содан кейін мынадай тәсілге көшу ұсынылады: барлық мектептердің мұғалімдерінен “мұғалім” деген инспектордың арнайы бекіткен куәлігін талап ету керек, ал инспекторларға қазақ мұғалімдеріне куәлік беруді әдейі қиындатып, сарсаңға салып, қасақана кешіктіру туралы алдын-ала тапсырылып қойылуы тиіс. Ал куәліксіз сабақ берген мұғалімдер қатаң түрде заң арқылы жауапқа тартылсын. Осы тәсілмен молдалардың санын кемітіп, ол міндет ауыл старшынына жүктелуі тиіс. Поптардың өзіне белгілі адамдар ғана мұғалімдікке сайлансын. Содан кейін ретіне қарай сылтау тауып, старшындар өзінің ақымақтығынан және істің мәнісін білмегендіктен ананы-мынаны бүлдірді-міс... тағы басқа да молдалар туралы жалған лақап таратып, ауыл мектептерін молдалардың қолдарынан алып, поптың ықпалына еріп, айтқанына көнетін және оның үнемі қол астында жүретін адамдарға тапсыру керек.
Өлген қазақтарды жерлеуге поп басшылық етуі тиіс, ал қазақтар өлген адамдары туралы оларға міндетті түрде хабар беруі керек. Тек поп рұқсат бергеннен кейін ғана үш күннен соң жерленуі тиіс... Қыздар мектебін ашу керек және қазақ қыздарын орыс оқуына оқытудың мақсаты мынау – ол ертең қазаққа тұрмысқа шығып, ана болған соң өзінің күйеуі мен баласын орыстануға бейімдейді. Олай болған күнде қазақтың оқуын тез жоюға қол жеткіземіз және орыс оқуын ғана оқытамыз. Содан кейін арнайы (шешуші) заң шығарылуы тиіс, сол арқылы қазақтарды әр қонысқа бөліп-бөліп тастап, оларды крестьяндарға айналдырамыз” деген зымиян саясатты Ыбырай айналып өтіп, ұлтының ұл-қызына білім үйреткен. Тіпті ашынған тұстарында әлгі зымиян саясатты жүргізушілердің өз ұлтымыздың ішіндегі жандайшаптарының бет-пердесін “Қазақ арасындағы қызмет адамдарын да көңілім сүймейді. Олар кейде қазақтарды, қарсылық көрсете алмай – қасқырдың аузында жем болатын қорғансыз момындарды адамгершіліктің шегінен шыға, арсыздықпен тонайды” деп, А.Бессонов деген миссионер туралы: “Ол, мұғалімдер мектебінің 3-ші және 4-ші кластарына, оқушылардың қарсы болуына қарамастан, бір ай бойы Інжіл мен оның парыздарын уағыздай бастады. Осының нәтижесінде, бір жағынан, оқушылар оқудан бас тарта бастады. Тіпті өз шәкірттерін залым деу сияқты сөзге дейін барыпты” дейді.
Міне, Алтынсариннің осындай ұлылығын алғаш рет тайға таңба басқандай етіп, жұртқа жеткізіп, қазақпын деген әр пенде ұлты үшін Ыбырайдай, Абайдай еңбек ету керектігін алғаш айтқан Мұхтар Әуезов деген түйін жасайды. Қазірде миссионерліктің небір түрлері өрмекшідей өріп жүргенін, олар құрған торға түскендер аз емес екенін несін жасырамыз. Алтынсарин заманы оралмасқа кетіп, тәуелсіз ел болған тұста ұлтымыздың ұрпағын ондай зымияндардың арам пиғылынан арашалап алуды бүгін қолға алмасақ, ертең кеш қалуымыз мүмкін.
Ал автордың екінші мақаласы “Аққу шоғырының” айдыны” деп аталады. Мұнда қазақтың сөз өнерінде өзіндік қолтаңбасы бар, артына “Аққу шоғыры”, “Құланның ажалы”, т.б. өлмес мұра қалдырған Ақан Нұрманов туралы баяндалады. Өмірден ерте кеткен қаламгердің мұрасына ерекше жанашырлық танытқан замандастары, соның ішінде қара сөздің майын тамызған айтулы қаламгер Қалихан Ысқақовтың досқа деген адалдығы туралы сүйсіне жазады. Бұл да тәлім алар дүние деп білеміз.
Сүлеймен МӘМЕТ.