Төреші ысқырығы естіле сала екі елдің жастар құрамасы алаңда белсенді болғанымен, есепті алғашқы болып шотландиялық футболшылар ашты. Ойынның 25-минутта ұтымды сәттердің бірінде Рос Грахам мергендік танытып, командасын алға шығарды. Екінші кезеңде шотландиялық тағы бір ойыншы Том Клейтон өз құрамасының басымдығын арттыра түсті, есеп – 2:0.
Ал 71-минутта Еркебұлан Сейдахмет пенальтиден есеп айырмасын қысқартса, 95-минутта Абылайхан Жұмабек таразы басын теңестірді. Осылайша, Қазақстан жастары Шотландиямен 2:2 есебімен тең түсіп, іріктеу кезеңіндегі алғашқы ұпайына қол жеткізді.
Айта кетсек, іріктеу турнирінде Қазақстан жастар құрамасы I тобында Бельгия, Дания, Шотландия және Түркиямен сынға түсуде. Әзірге алты ойыннан кейін бір ғана ұпайға ие болды.
Турнир кестесінде көш соңында тұрған еліміздің жастар құрамасы 4 сәуірде сырт алаңда Даниямен шеберлік байқасса, 10 маусымда тағы да сырт алаңда Түркиямен кездеседі.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қазақстан жастары Қырғызстан олимпиадалық құрамасынан 2:0 есебімен басым түскен еді.