Әлем • 30 Наурыз, 2022

Армения Президенті Қазақстандағы реформаларды қолдады

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Елшісі Болат Иманбаев Армения Президенті Ваагн Хачатурянмен кездесіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Жолдауының негізгі қағидалары туралы хабардар етті, деп хабарлайды Egemen.kz ҚР Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.

Армения Президенті Қазақстандағы реформаларды қолдады

Өз кезегінде, В.Хачатурян ҚР Президентінің «Жаңа Қазақстанды» құру жөніндегі бастамаларын жоғары бағалады. Оның айтуынша, трансформациялау бойынша ұсынылған реформаларды іске асыру елді заманауи жаһандық сын-қатерлер жағдайында дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтереді. Қазақстан басшылығының саясатына қолдау білдіре отырып, экономикасы мықты әлеуметтік мемлекет құру жолындағы қазақстандық тәжірибе Армения үшін маңызды екенін хабарлады.

Сонымен қатар, тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы қазақстан-армян ынтымақтастығын дамыту мәселелерін, 2022 жылы өтетін халықаралық іс-шаралар мен жоғары және аса жоғары деңгейдегі екіжақты кездесулердің кестесін талқылады.

Тараптар 2021 жылдың қорытындысы бойынша 30 пайызға өскен екіжақты тауар айналымының оң динамикасына назар аударып, іскерлік байланыстарды дамыту және ортақ экономикалық жобаларды іске асыру бойынша бірлескен күш-жігерді жалғастырудың маңыздылығын атап өтті.

Армения Президенті елдеріміз арасындағы өзара тиімді қарым-қатынастарды одан әрі нығайтуға дайын екенін мәлімдеді.