Руханият • 30 Наурыз, 2022

Жақша алдындағы жұлдызша

430 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Көркемөнерде сезім мен ой рояльдің тіліндей жымдасып, қобыздың қос перне­сіндей бір-бірімен жұптасып, жүрек қантамырын қозғамаса есігін тарс жауып алады. Қалай қақсаңыз да ол қақпа оңайлықпен ашылмайды. Онда жаныңызды сатқындықтан, опасыздықтан, жалғыздықтан тазартатын энергия бар. Егер адам жүрегімен тілдескіңіз келсе, музыка тыңдаңыз! Әннің де өз тілі, өз тағдыр-сүрлеуі болады.

Жақша алдындағы жұлдызша

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Емханадағы ең жақын досым Бет­ховен болды. Терезеден қарап отырып, кейде дүние де мендей аунап тұрып, қай­та жаңарар ма екен дейсің. Біреудің түзелген жүрісі біреуге бұзылғандай болып көрінеді. Өзің де күндегіңнен өзгеріп кеткендейсің. Ұйқың келмейді. Бірдеңе істеуге оқталасың. Айғайлайсың, даусың шықпайды, үндемейсің бірақ тыныштық жегі құрттай жаныңа байыз таптырмайды. Ән ғана жұбататын секілді…

Бүгінде екі елді көлбеп ағып жатқан ерке өзен Днепр мен Десна долданып, буырқана түсуде. Мөлдір суларын мұң жауып, қанды көбік атуда. Дәл біздей олар да күрсініп, толқып-тебіренуде.

Сырттағы хабар елге жіңішкелеп жеткенімен екінші бүйірден соққан ақпарат майданы ісіріп-кептіріп, өңін теріс айналдырып, ал ұзынқұлақ болса үрей ұшырып, намазын кез келген жерінен аяқтаған жас молдадай жан алқымнан алады. Қаңғырып, қаусап қалған қайран, халық! Ашық аспанды найзағайдай тіліп, ағып бара жатқан оқ дауысы біздің құлағымызға жетіп дамылдайтындай. Соғыс жүрген жер қашан да жылан жалағандай емес пе!?. Бір-ақ күнде жапырағы қуарып, шаңдағы бұрқ етті! Бейбіт заманда туған сәбидің көз алдында қаншама адам шейіт кетті.

Софоклдан Абайға дейін, Гомерден Әуезовке дейін, Бахтан Жұбановқа дейін адам баласы ұзақ өмір сүріп, ғасырлар бойы мәдениет мұнарасын қалады. Әрине әркім өз биігінде…. Пушкиннің бізге бергенінде есеп бар ма? Достоевскийдің ше? «Соғыстың әділетсіздігі сонша өз бойыңдағы ар-ожданыңыздың дауысын естімейсіз» деген Толстой шалдың айтқаны қайда қалды?! Даңқты орыс әдебиеті, XXI ғасырды тәрбиелеп өсірген сен едің ғой. Енді, міне, қандыкөйлек бауырыңа оқ аттың, Құдай қосқан көршіңді қараладың. Енді не жазар екенсің!? Осынау қиын кезеңде украин ұлтының ұлы перзенттері Тарас Шевченко, Иван Франконы есіне алмайтын кім бар? Жалғыз солар ғана ма еді? Енді ағайынды екеудің соғыстың суық ызғары табанынан, қара таңбасы маңдайынан кете қоя ма екен…

Біздіңше, оңайлықпен кете қоймайды-ау.

«Әрқашан күн сөнбесін,

Аспаннан бұлт төнбесін,

Қасымда болсын мамам,

Болайын мен де аман»,

деп әндетіп, XXI ғасырдың табалдырығын мәз-мейрам болып аттаған бала біткеннің санасына үрей құйылды. Орыс ақыны Лев Ошанин жазған сол өлеңді әнмен әрлеп, әр сәбидің жүрегіңе сіңірген орыстың ұлы композиторы Аркадий Островский еді. Соғыс қасіреті балалық шағының аспанына түскен, он төрт жасында анасынан айырылған ғажайып ақын Ізтай Мәмбетов пен балалар ақыны Қабдыкәрім Ыдырысов шығарманы қазақшаға аударып, сіз бен бізді енді әлемді достық әлдилейтініне сендірген еді. Тақырыпты арыдан тартқанымызбен, мақаламыздың негізгі мазмұны осы әннің шығу-тарихымен үндес. Неге десеңіз!? Былай ғой…

Әбден ұлтаралық һәм азаматтық соғыстан азап шеккен халықты жұбатқан, ертеңгі күнінің арайлы болатынына жол сілтеген осы туынды болатын. Мұны атақты Корней Чуковский ерте жастағы балалардың шығармашылығын зерттеуге арналған әйгілі «Екіден беске дейін» кітабында жазады. Автор сонда осы «Күн шеңбері» өлеңінің шежіресіне арнайы тоқталады. «Бұл қарапайымдылығымен әрі рух күшімен таңғалдыратын жайдарман өмірдің мәлімдемесі емес пе?», деп жігерлене жазады еңбегінде. Бұған келіспеске амал жоқ, әуезді ән оқушыға үлкен өмірдің үмітін сыйлады.

Қаламгердің ерекше кітабын суретші Николай Чарухин бес жастағы ұлына сыйлыққа алады. Суреткер басылымды баласына бермес бұрын, алдымен өзі бір парақтап шығуды жөн санайды. Онысы картина жазуға шабыт сыйлайтын элементтер іздеген қарекеті еді. Оқып отырып, ол да қайран қалады. «Бұл өлең баланың жақсы көрген нәрсесінің өлмейтіндігіне деген мызғымас сенім сыйлайды. Сіз мәңгілік өмірді дәріптейтін үлкен баланың дауысын естисіз», дейді қылқалам шебері тамсана тебіреніп.

Шынында, оған Күн мен Ана туралы өлеңдер ұнағаны сонша, 1961 жы­лы ұлына қарап отырып, үлкен қағаз­ға бақытты баланың бейнесін салады. Тіпті плакаттың іші кішкентай балдыр­ғандардың балауса тілегіне толады. Көп ұзамай балдырғандардың лала лебізі газет бетіне де басылады. Мұны сол дәуірдің даңқты композиторы Аркадий Островский байқап қалса керек, өлең мен суретке көзі түсе салысымен көңілі толқып, жүрегінен әуен шалқиды. Сол сәтте-ақ хорға айналған бұл музыка әр баланың әлемді бейбітшілікке шақыр­ғанындай естілді. Қаншама мемлекет қосыла шырқады да.

«Күн әдемі, көк әлемі,

Бұл суреті жас баланың.

Ақ қағазға салған өзі,

Жазылған бар сөзі».

Сол кезеңде музыкалық редакцияның көркемдік кеңесі атақты композитордың жаңа әнін қабылдамады. Бұл әндері радиодан күнделікті шырқалып жатқан өнер иесі үшін ауыр соққы болды. Дегенмен кеңес идеологиясы әбден сүзгіден өткізе келе, үрейлі халықтың санасын тазарту үшін 1962 жылы туындыны жарыққа шығарады. Ары қарай өздеріңізге аян.

Расында, «Күн шеңбері» әні соғыстан әбден ығыры шыққан қарапайым халықтың, әсіресе мектеп қабырғасын енді аттаған әрбір оқушының еркін өмірге жетелейтін бағдаршамына айналды. Тіпті бүгінде балабақшадағы қазақ балалары әлі де дауыстап айтады. «Күн шеңбері» жақша алдындағы жұлдызша іспетті, көз алдыңызға күлімдеп тұрған жанның көркем символын әкеледі. Жұлдызша – гректер үшін бес мың жылдық тарихы бар мәңгілік белгі. Мәңгілік бейбітшілік белгісі!

Кейде ойлайсыз, адам баласы – азамат атанса, әйел жүрегі – ана атанса, жер бетіндегі жан иесі бір-біріне жолдас атанса, мынау сұрқай дүниенің ажары әрлене түспей ме?

Отанды сүюді балаңыздан үйреніңіз!