Әлем • 30 Наурыз, 2022

Босқындар саны 4 миллионнан асты

394 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ыстанбұлда өткен Ресей мен Украина арасындағы келіссөздің бірқатар бағы­тында ілгерілеу бар. Кездесуден кейін Ресей Қорғаныс министрлігінің өкілі Украи­наның солтүстігіндегі ұрыс қимылының қарқыны азаятынын мәлімдеді.

Босқындар саны 4 миллионнан асты

Киев делегациясының өкілі Александр Чалыйдің сөзіне сүйенсек, ел азаматтары келісімге қатысты референдум өткізуі керек. Оны қабылдау-қабылдамау мәселесі сол кезде шешілмек. Бірақ шартқа атыс­ты толық тоқтатудан кейін ғана қол қойылады. Содан кейін келісімді Украина парламенті мен кепілгер елдердің парламенттері ратификациялауы тиіс.

Украина тарапы келісімге қатысты бірқатар ұсыныс жасады. Мәселен, тараптар Қырым мен Донбасс мәселелерін бөлек талқылауы керек. Қырым мен Севастопольдің мәртебесі туралы келіссөздер 15 жылға созылады. Тараптар осы мерзімде мәселені шешу үшін қару қолданудан бас тартады. Өздерін мемлекет деп жариялап алған аймақтардың ахуа­лы мен тағдыры туралы мәселе дербес қарастырылмақ. Бұл екі ел президентінің кездесуінде талқыланады.

Украина бірқатар мемлекет кепілдік бергенде ядролық емес ел мәртебесіне келісуге дайын. Бұл да құжат жүзінде бекітілуі тиіс. Алда-жалда осы тармақ орындалса, Украина аумағында шетелдік әскери базалар мен әскери контингенттер орналастырылмайды. Киев тарапы ешқандай әскери-саяси одақтарға кірмеуге келіседі. Украина аумағында халықаралық әскери оқу-жаттығулар тек кепілгер елдердің келісімімен ғана өткізілуі мүмкін. Бірақ Ресей Украинаның Еуропа одағына мүше болуына кедергі келтірмеуі тиіс.

Киевтен келген делегация Ұлы­бри­тания, Қытай, АҚШ, Түркия, Франция, Канада, Италия, Польша және Израильді кепілгер мемлекет ретінде көргісі келе­тінін мәлімдеді. Егер Украинаға қарсы соғыс немесе қарулы агрессия жасалса, онда кепілгер елдер үш күн ішінде көмек көрсетуге міндетті.

Ресей делегациясының жетекшісі Владимир Мединский Ыстанбұлдағы келіссөз конструктивті түрде өткенін мәлімдеді.

«Ресей Украина ұсынған атысты тоқ­тату бойынша келіссөздерді қарастырады және бұл жайлы президент Путинге хабарланады. Бейбітшілік туралы келісімді екі елдің сыртқы істер министрлігі реттеген соң Путин мен Зеленский кездесуі мүмкін», деді ол келіссөзден кейін.

Ресей тарапы Украинаның солтүс­тігінде әскери іс-қимылының қарқынын азайтатынын мәлімдегеніне қарамастан, ауыр артиллериямен атқылауды жал­ғастырып жатыр. BBC агенттігінің хабарлауынша, Чернигов әкімшілігінің басшысы Вячеслав Чаус қала мен оның маңындағы аудандарды Ресей әскері бомбалағанын айтқан.

В.Чаустың сөзіне сүйенсек, оқ ату салдарынан тұрғын үйлер, инфрақұрылым, кітапхана ғимараттары мен сауда орта­лықтары зақымданған. Сондай-ақ ол 35 адам жарақат алғанын жеткізген. Ал Ни­колаев қаласындағы әкімшілік ғима­ратқа тасталған зымыраннан кейін қаза тапқандар саны 14 адамға жетті.

БҰҰ мәліметі бойынша соғыс бас­талғалы бері 4 миллионнан астам адам Украинаны тастап кеткен. Оның ішінде 2,3 миллионнан астам босқын Польшаға, 608 мыңнан астамы Румынияға, 387 мыңнан астамы Молдоваға, 365 мыңдайы Мажарстанға өтіп кеткен.

Польшаның премьер-министрі Матеуш Моравецки жыл соңына дейін ресейлік мұнайдан бас тартуды жоспарлап отырғанын хабарлады. Қазіргі таңда Польшаның мұнай өңдеу зауыттарында өңделетін шикі мұнайдың үштен екісі Ресейден келеді.

Күні кеше Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен кездесті. Келіс­сөздер алдында С.Лавров Қытайды жаңа «әлемдік тәртіптің» бір бөлігі деп атады. «Біз сіздермен және жанашырларымызбен бірге көпполярлы, әділетті, демократиялық әлемдік тәртіпке қарай жылжимыз», деді Ресейдің сыртқы істер министрі.

Қытай сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Ван Вэнбин журналистерге берген сұхбатында Мәскеу мен Бейжің «жаһандық көпполярлықты және халықаралық қатынастарды демо­к­ратияландыруды» ілгерілетуді жалғас­тыратынын айтқан.