Аймақтар • 31 Наурыз, 2022

Бірлігі жарасқан берекелі ауыл

701 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазыналы қарт Қаратаудың баурайындағы тарихи «Тамды» қалашығы талай жұртты тамсандырған тылсым мекен. Қаратау қаласының іргесіндегі «Тамды әулие» бұлағы көненің көзі, тарихтың өзі болып бүгінге жеткен. Қасиетті топырағынан елге белгілі талай азамат түлеп ұшқан Талас ауданында Тамды дейтін ауыл тағы бар. Бірлігі жарасқан шағын ауылда айтарлықтай жұмыс атқарылған.

Бірлігі жарасқан берекелі ауыл

Бұл күнде Тамды ауылында 1 547 адам тұрады. 246 үй бар. Ауыл ақсақалы Сейітхан Қойлыбаев әр­да­йым жастарды бірлікке, тату­лық­қа шақырып келеді. Ауыл азаматтары да бір үйдің баласындай бірлікте ғұмыр кешіп отыр.

Тамды тұрғындары негізінен мал және егін шаруашылығымен айналысады. Сондай-ақ бұл ауыл­да 85 шаруа қожалығы мен 25 жеке кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді. Ал ауылдық округ әкімі Рауан Асқаровтың айтуынша, ауыл тұрғындары бүгінде ұйымшылдықпен тірлік істеп, бере­ке­сін бірліктен тауып отыр.

«Ауылда әлеуметтік аз қамтылған 31 отбасы бар. Азаматтар мүм­кін­ді­гінше мұқтаж жандарға көмек көр­се­тіп келеді. Бүгінде бірлігіміздің нәтижесінде ауыл азаматтары бірігіп, кезінде көгілдір отынға қосыла алмай қалған 6 үйге газ тарту жұмысын жүргізуде. Сонымен қатар бәрі ұйым­да­сып «Асарлатып үй салу» жоба­сы бойынша төрт баласы бар бір жас отбасына үй салып берді. Мұндай жұмыстар алдағы уақыттарда да жалғаса береді», дейді ол.

Тағы бір қуанарлығы, қазіргі кезде жастар ауылда тұрақтап қалып жатыр. Бірқатар азамат Қ­аратау қала­сының іргесіндегі «Талас­Ин­вестКомпани» компаниясында және «Тараз-Жаңатас» бағытындағы темір жолда жұмыс істейді. Ауылда бірде-бір жұмыссыз жүрген жас жоқ.

Тамды ауылында газ, су мәсе­ле­лері шешілген. Бүгінде ауыл аза­маттары туған жерге ту тігіп, жұ­мыс атқаруда. 2016 жылы ауыл­дан шық­қан кәсіпкер Жұмахан Тан­ке­баев ауылға жаңа мешіт салып беріпті. Ал 2018 жылы балалар спорт алаңшасын пайдалануға берген. Бұл күнде Сейітхан Қойлыбаев, Қанат Құралбаев және өзге де ауыл ақса­қал­дарының бастамасымен ішімдік сату мүлде тоқтатылған. Ауылда қазір үш дүкен болса, оның ешқайсысында да арақ-шарап сатылмайды. Жастар да иман жолына бет бұрып, ішімдік атаулыны пайдаланбайтын болған. Алдыңғы буын ағалардың салған жолына түскен ауыл жастары да қазіргі кезде тәртіп пен татулықты қолдайды. Нәтижесінде, ауылда кейінгі үш жылда ешқандай тәртіп бұзушылық тіркелмеген. Қайта қолда барын бір-біріне бөліп беріп, берекелі күн ке­шіп жатқан ауыл азаматтары алдағы уақытта да талай игі істерді жүзеге асырмақ ниетте.

 

Жамбыл облысы