Аймақтар • 31 Наурыз, 2022

Үргені де үрей туғызады

498 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Павлодарда ит «хит» болуда. Өткенде суреті тасқа қашалып, басына арнайы құлпытас қойылған үй жануарларының «қабірстанын» көргенде жағамызды ұстап едік. Кейін кейбір қоғам белсенділері итті серуендететін орын жеткіліксіз деп желпінді. Қаңғыбас иттер тұрғындарға қауіп төндіріп, оларды аулау жұмыстары басталған уақытта қоғам белсенділері тағы араша түсті. Жақында біреудің үш иті бір түнде көрші үйдің 12 ұсақ малын қырып салды.

Үргені де үрей туғызады

Бұл оқиға Ақсу ауылдық айма­ғына қарасты Көктас ауылын­да орын алған. Әлеуметтік желі­лер­де тараған бейнежазбада қо­ра­дағы қойлардың қанға малынып, әр жерде арам қатқанын байқауға болады. Кейбір малдың әлі де «ақтық демі» үзілмей, көмек сұрағандай аянышты үні жанға батады. Ал мал иесінің қандай көңіл күйде жүргенін пайымдай беріңіз. Оның ай­туын­ша, әу баста уақ малға қас­қыр шапты немесе қаңғыбас иттер шабуыл жасады деген болжам ойға келген. Облыстық ветеринарлық стансасы Ақсу қалалық филиалының басшысы Мират Тикановтың айтуынша, «жау» көрші орналасқан коттедж­ге жасырынған. Малға шапқан иесі бар, бірақ қараусыз қалған иттер болып шықты.

Бұл іспен әрі қарай облыстық полиция департаменті айналыс­ты. Белгілі болғандай, өлген мал­дың үшеуі – қой, тоғызы қо­зы екен. Оқиға орнына келген тәр­­тіп сақшылары ветеринарлық қызметпен бірлесіп, 27 наурыз күні сағат 03.00-ден 04.00-ге дейінгі уақыт аралығында қораға 3 иттің кіргенін анықтады. Жә­бір­ленуші 400 мың теңге кө­ле­мінде залал келтірілгенін ай­тып, полиция департаментіне өтініш түсірген.

– Аталған фактіге қатысты ҚР ӘҚБК 408-бабы 2-бөлігі бойынша иттердің 46 жастағы иесіне қатысты «Жеке тұлғаның мүлкіне зиян келтірген иттерді серуендету ережелерін бұзу» бойынша әкімшілік іс қозғалды. Бұл бап 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салуды көздейді, сома 30 мың теңгеден асады. Хат­та­маның көшірмесін ал­ған­нан кейін зардап шеккен тарап келтірілген залалды өтеу үшін азаматтық тәртіппен сотқа жү­гі­ну­ге құқылы, – дейді облыс­тық Полиция департаменті жергі­лікті полиция қызметі басқар­ма­сы бастығының орынбасары Қуаныш Мұстафинов.

Әрине, мұндай шешімге ит иесінен басқа ешкімнің көңілі толған жоқ. Ай мен күннің аманында қорадағы 12 малынан айырылған мал иесі 30 мың тең­геге қай жыртығын жамайды? Әлеуметтік желі қолданушылары әлгі иттердің сол түні адамға тап беруі де мүмкін екенін алға тартып, қатаң жаза сұрауда. Коттеджде қалтасы жұқа адам тұрмайтыны түсінікті. Үш ит асыраса, байлығын күзетудің қамын жеген болар. Айтпағымыз, көршілер бұл мәселені өзара оң шешіп, малдың құны дұрыс өтелсе екен.

Жалпы, өңірде иесіз иттер­дің жиі үрей туғызатыны бел­гі­лі. Тіпті былтыр мектеп оқу­­шыларын ит қабу фактісі тір­­келгенін де жұрт ұмыта қой­ған жоқ. Облыстық ветеринария басқармасы эпизоотияға қар­сы іс-шаралар бөлімінің бас ма­ма­ны Жанар Садығұлованың айтуынша, 2021 жылы 30 жел­тоқсанда қабыл­данған «Жануар­лар­ға жауап­керші­лікпен қа­рау туралы» заңда иттер мен мы­сық­тарды ұстау және сер­уен­­дету, тұрғындардың қауіп­сіз­дігін қамтамасыз ету мақ­са­тында олардың ауруларға қар­сы екпе алуы, сондай-ақ про­филактикалық шараларды жүр­гі­зу шаралары күшейтілген.

– Қаңғыбас иттердің саны азаймауының басты себебі – жануар иесінің жауапсыздығы. Әсіресе қала маңындағы, облыс орталығына жақын елді мекендерде жаңа қоныс салу­шы­лар 2-3 итке дейін асырап, оларға уақтылы ас-суын бер­мей, қаңғытып жібереді. Міне, заң осының барлығын ретке келтіріп, асырап алған жан­уар­лар­ға жауапкершілікпен қарауды басты негізге алып отыр.

Иттер жылына екі рет күшік­тей­ді. Қаңғыбас иттердің саны осы себепті азаймай тұр. Оған қоса бұл иттің иелері оларды ба­ғып-қағу мәселесіне нем­құ­рай­ды­лық танытады. Аш ит-мысық қоқыс жәшіктерін жағалайды. Қала маңындағы саяжай учас­ке­лерінен иелері тастап кеткен үйсіз жануарлар қала орталығына барады. Ит ұстаушы азаматтардың өзгелерге деген құрметі артқан кезде мақұлық хайуаннан зардап шегушілер болмас еді. Ит-мысық асырайтын тұрғындар оларға инфекциялық ауруларға қарсы екпе салдыртып, итін бос жібермей, қарғыбаумен байлауда ұстау керектігін еске саламыз, – дейді маман.

Жыл сайын қаңғыбас иттерді аулауға қазынадан қомақты қа­ра­жат бөлінеді. Бірақ қаржы суға сіңгенмен бірдей. Себебі қаң­ғыбас иттер азайған жоқ, сәй­ке­сінше қауіп те сейілмеді. Бар гәп итті асырау мәдениетінің төмендігінде сияқты. Асырадың ба, қаңғытпа! Асырамасаң, проблема да жоқ!

 

Павлодар облысы